Жаңалықтар

Елімізде қанша жетім бала бар?

Елімізде қанша жетім бала бар?
Фото: © Freepik.com 31.10.2024 18:10 1054

Бүгінде Қазақстанда 21 387 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Бұл жай ғана статистика емес, балалардың және еліміздің болашағы. Қазақстандағы жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайы елдегі өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі болып отыр. Жетім балалардың тағдырына қоғамның әрбір мүшесі жауапты екенін ескерсек, мемлекет, қоғамдық ұйымдар мен әр азаматтың олардың өмірін жақсартуға бағытталған жұмысы маңызды.

Бір баланы асырауға жылына 7,5 млн теңге бөлінеді

Мемлекет жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға қомақты қаражат, яғни 38,7 млрд теңге бөледі. Бірақ бұл қаражаттың тек 7,5 млрд теңгесі оларды отбасыларға орналастыруға жұмсалады.  Бұл – 17 660 бала (82%). Оның ішінде 15 668 бала қамқорлықта, 1 660 бала патронаттық тәрбиеде, 175 бала асырап алған отбасыларда, 157 бала отбасылық үлгідегі балалар үйлерінде. Бір баланы асырауға жылына шамамен 425 мың теңге көзделген.

Депутат Гауһар Танашева Мәжілістің жалпы отырысында еліміздегі балалар үйінің әлеуеті туралы сөз қоғаған болатын. Оның айтуынша, бұл ретте бюджет қаражатының басым бөлігі, яғни 31,2 млрд теңге 4 137 баланы (18%) асырауға жұмсалады, олар  білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жүйесіндегі 121 ұйымда орналасқанын айтқан еді. Ол жақта 11 854 қызметкер жұмыс істейді, яғни бір балаға 3 қызметкерден келеді. Ал бір баланы асырауға жылына 7,5 млн теңге бөлінеді.

Балаларды тәрбиелеудегі түпкі мақсат, олардың әлеуметтік санатына қарамастан, қоғамда бәсекеге қабілетті және парасатты азаматты дайындау болуы тиіс. Балалар үйі түлектерінің тағдыры – жүйенің тиімділігінің көрсеткіші. Сонымен қатар, патронат ата-ана ретінде үлкен тәжірибеге ие бола отырып, балалар үйлерінің қызмет жүйесінде анықталған бірқатар мәселелермен бөлісіп, олардың шешу жолдары туралы білгім келеді. Біріншіден, бүгінде қазақстандық қоғам әлеуметтік жетімдікті жою, балалар үйлерін жабу қажеттілігі туралы айтып келеді. Елімізде балалар үйінің функцияларын балаларды қолдау орталықтарына трансформациялау үдерісі белсенді жүріп жатыр. Алайда, балалар үйлерінде балаларды отбасында өмір сүруге дайындау жүйесі жоқ, сонымен бірге баланың отбасыға бейімделіп, тұрақты орналасып кетуі барысында сүйемелдеу мен оны бақылау да жоқ, - деді.

Жыл сайын 2 мыңға жуық ата-ана өз құқығынан айырылады

Қазақстанда жыл сайын 2 мыңға жуық ата-ана өз құқығынан айырылады. Сәйкесінше, бала психологиялық зардап шегіп ғана қоймай, өз басын алып жүре алмайтын, тәуелсіз өмірге бейімделмеген, дағдыланбағандықтан балалар үйіне, интернат мекемелеріне орналастырылады.

Гауһар Танашеваның сөзінше, елімізде балалар үйлері түлектерінің өмір сүруін бақылаудың жоқтығынан олардың көпшілігі ештеңесіз қалады.

Балалар үйінен шыққан кезде түлектер әлеуметтік қызметтердің, еріктілердің көмегінсіз шеше алмайтын көптеген мәселелерге тап болады. Сондықтан, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгерлікті және тәлімгерлік туралы үлгілік шартты ұйымдастыру тәртібін әзірлеу барысында қолдаудың жүйелілігі мен ұзақ мерзімділігін, нәтижеге бағытталуын көздеу қажет. Олар үлкен өмірге жіберіліп, барлық мәселелермен жалғыз өздері қалады. Бұл балаларға өз болашағын қалай құруға болатынын ешкім үйретпейді. Біз бұл жағдайды өзгерту үшін нақты шешімдерді ұсынуға міндеттіміз. Қазіргі таңдатұрғын үй кезегінде 62 352 адам тұр, ал тұрғын үй саны – 8 444. Бұл дегеніміз, қазіргі қарқынмен осы балалардың біреуі 120 жылдан кейін ғана баспана ала алады дегенді білдіреді, - дейді ол.

Мамандардың сөзінше, статистикаға сәйкес, еліміздегі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың 80%-ы әлеуметтік жетімдер, яғни ата-аналары немесе жақын туыстары бар.

«SOS балалар ауылдары» дегеніміз не?

Елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдар мен орталықтардың бірнеше түрі бар. Мәселен, балалар үйі, мектеп-интернаты, балаларды бейімдеу орталықтары, қолдау орталықтары және отбасы үлгісіндегі SOS балалар ауылы. Бұл аталған ұйымдардың барлығы балаларды өмір сүруге, оқытуға және тәрбиелеуге жағдай жасайды. Соның ішінде жетім балаларға отбасылық қамқорлық көрсететін «SOS балалар ауылдары» жобасын ерекше атап өткен жөн. Бұл жоба Қазақстанда 1990 жылдардың басында іске асырыла бастады. Ең алдымен Алматыда, кейін Астана, Теміртау мен Қарағанды қалаларында балалар ауылы ашылды. 30 жылда 3 мыңнан астам бала осы орталықта ата-ана қамқорлығын сезіне алды. Бүгінде олардың 85 пайызға жуығының білімі, жеке тұрғын үйі және тұрақты жұмысы бар.

Ұйым аясында балалар «кәсіби» ата-аналармен бірге тұрады. Бір отбасында 4-5 баладан кем болмайды. Сонымен қатар кәсіби ата-ана өздерінің туған баласын да бірге балалар ауылына алып келуге мүмкіндік бар. Мұндай отбасылар балаларға отбасы құндылығын сезінуге, қарапайым мектептерде оқуға, хоббиімен айналысуға және өмірге қажетті қарапайым дағдыларды игеруге мүмкіндік береді. Ең өкініштісі Балалар ауылының ережесіне сай бала 18 жасқа дейін ғана тұра алады. Кейін студенттерге арналған жастар үйіне көшеді екен. Дегенмен өзінің бағып-қаққан ата-анасына жиі келіп тұруға болады.

Бүгінде еліміздегі балалар ауылында 250-ден астам бала тәрбиеші-аналардың қамқорлығында. Алғаш рет Автралияда бастау алған бұл тәжірибе бүгінде әлемнің бірқатар елінде қолданылады. Ұйым өзінің басты миссиясы әрбір бала үшін «махаббат, құрмет және қауіпсіздік» ортасын құру екенін айтады. Соңғы 70 жылда балалар ауылы әлемнің 130-дан астам елінде ашылған. Сондай-ақ бүкіл әлем бойынша 4 миллионнан астам баланы тәрбиелеп, өсірген.

Заңға сәйкес: Балалар үйіндегі өмір

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сәбилер үйлері, балалар үйлері, мектеп-интернаттар мен балалар ауылы тәрбиеленушілердің жеке мүдделерін, бейімділігін және психофизикалық ерекшеліктерін ескеруге міндетті. Орталықтар мұның бәрін «балалар мен ересектер арасындағы ынтымақтастық қағидаттары» бойынша жасауы керек.

Сонымен қатар, тәрбиешілер баланың жеке тұлға ретінде дамуына, қалыптасуына және жағдай жасауы тиіс. Ол үшін түрлі секциялар, клубтар, ұйымдар мен топтардың құрылуы маңызды. Сондай-ақ, балаларды «адамгершілік пен салауатты өмір салты негіздеріне» үйрету, өз елінде патриотизмді тәрбиелеу және Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени өміріне қатысуға ынталандыру қажет. Сол себепті жетім балалар әлемдік және отандық мәдениетті, халықтардың тарихы мен дәстүрін білуі керек. Балалар үйлері мен интернаттар  үш тілді – қазақ, орыс және шет тілдерін меңгеруге ықпал етуі керек.

Жалпы, балаларға арналған орталықтарда толығымен балаларды оқытуға, емдеуге, әлеуметтік бейімдеуге және оңалту үшін жағдай жасауға міндетті. Әрбір орталықта педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар және медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Олардың мақсаты – жетім балалардың қоғамға бейімделуіне және патронаттық отбасына психологиялық тұрғыдан дайындалуына көмектесу. Егер орталықтағы балалардың құқықтары мен мүмкіндіктері бұзылған жағдайда заңға сәйкес қорғаншылық және қамқоршылық органына шағымдануға мүмкіндігі бар. 14 жастан бастап бала өз құқығын бұзушыны да сотқа бере алады.

Бала құқығы жөніндегі сарапшылар шын мәнінде балалар үйіндегі жағдайлар біз ойлағандай емес екенін айтады. Қоғамда жетім мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар көптеген мәселелерге тап болып жатады.

Балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық құқық саласының сарапшысы Әйгерім Мұсабалинова Cabar.asia сайтына жазған мақаласында мекемелердегі жетім балаларға жеке қамқорлық, махаббат пен сүйіспеншілік жетіспейтінін және олардың құқықтары үнемі бұзылатынын атап өтеді.

Балалар үйіндегі балалардың таңдауға құқығы жоқ. Не киеді, не жейді, бос уақытында не істеу керек, бәрі олар үшін алдын ала шешіледі. Жасыратыны жоқ, мұндай мекемелердегі балалар тәртіппен өмір сүреді. Тамақтану, ұйықтау, мектепке бару, барлығы қатаң түрде кесте бойынша жүзеге асырылады. Бұл ретте балалар үйді жинауға, тамақ дайындауға, азық-түлік пен киім-кешек алуға араласпайды, – дейді Мұсабалинова.

Оның пікірінше, мұндай жүйе балалардың болашақта өз бетінше өмір сүруінде, шешім қабылдауында түрлі қиындықтар туғызады. Заң талаптарына қарамастан, балаларға әлеуметтік бейімделу, қоғамға кірігу, тіпті өмірлік маңызды дағдыларды меңгеру үшін жағдайлар жасалмаған.

Қалай бала асырап алуға болады?

Мақаланың басында елімізде қанша бала қамқорлықта, патронаттық тәрбиеде және отбасы үлгісіндегі балалар үйінде екенін санмен көрсеттік. Дегенмен бұл статистиканың кері тұстары да бар. Жақында мәжіліс депутаты Гауһар Танашева ресми мәліметтерге сәйкес, соңғы 5 жылда балаларды балалар үйіне қайтару саны 64% -ға өскенін айтты. Бұған себеп елімізде балаларды асырап алатын отбасында өмір сүруге дайындаудың бірыңғай стандартының болмауынан екенін түсіндірген болатын.

Мамандар балалар неліктен жетімдер үйіне қайтарылатынын себебін атады. Солардың бірі – ата-аналарға арналған мектептің жоғы. Шетелде отбасы бала асырап алу үшін арнайы курстан өтуге міндетті. Онсыз бала асырап алуға мүмкіндік берілмейді. Ал Қазақстанда ондай заң не талап жоқ, сол себепті мамандандырылған мектеп жоқтың қасы деуге болады. Нәтижесінде елімізде ата-аналар баланы асырап алғаннан кейін кез келген туындаған жағдайға дайын болмай шығады. Салдарынан бала да психологиялық қиындыққа тап болады. Сондай-ақ елімізде асыранды балаларға арналған мектептер жоқ. Жетім балалар толыққанды отбасында өздерін қалай ұстау керегін біле бермейді. Жаңа ортаға үйренісе алмай, күйзеліске де түсуі мүмкін, сәйкесінше дайындалмаған балада бейімделу кезеңі өте қиын өтеді.

Жалпы Қазақстанда балалар үйінен бала асырап алу оңай емес және бірнеше кезеңнен тұрады.  Сондай-ақ ол сот шешімі негізінде баланы отбасыға тәрбиелеуге берудің құқықтық нысаны.

ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 84-бабына сәйкес, асырап алынатын баланың ата-анасының бірі немесе екеуі де:

  • қайтыс болған;
  • баладан бас тартқан;
  • ата-ана құқықтарынан айрылған;
  • сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған немесе қайтыс болған деп жарияланған;
  • белгісіз болған жағдайда, балалар асырап алуға жатады.

Сонымен қатар, туу туралы дұрыс тіркелген кәмелетке толмаған баланы ғана асырап алуға болады. Баланың жасына, жетілу дәрежесіне және келісіміне де мән беріледі. Егер ата-ана баладан бас тартатын болса, туыстары баланы азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамай-ақ асырап ала алады.

Бала асырап алу үшін қажетті құжаттар:

 – Бала асырап алуға тілек білдіргені туралы жазбаша өтініш;

 – жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

 – баланы асырап алуға арналған жақын туыстарының жазбаша келісімі;

 – табыс көлемі туралы анықтама;

 – отбасы жағдайы туралы анықтама;

 – денсаулық жағдайы туралы, соның ішінде есірткіге, уландырғыш заттарға тәуелдігі жоқтығы туралы анықтама;

 – соттылығы бар немесе жоқтығы туралы анықтама;

 – тұрғын үйі бар екенін растайтын құжат;

 – асырап алу мүмкіндігі туралы қорғаншылық және қамқоршылық органдары берген қорытынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға