Елімізде отбасы құндылықтары нығайып келеді

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, соңғы 5 жылда ажырасу санының төмендеуі байқалады. Дегенмен, бұл процесстің негізінде жатқан себептер әлдеқайда маңызды. «Қазақстандық отбасылар-2024» ұлттық баяндамасы қазақстандықтар үшін басты отбасылық құндылықтардың бірі ретінде бір-біріне қамқорлық жасау, құрмет және қолдауды атап көрсетеді. Бұл факторлар еліміздегі отбасылардың тұрақтылығы мен үйлесімділігін нығайтуға айтарлықтай ықпал етеді. Осы ретте El.kz тілшісі отбасылық құндылықты нығайтуға қатысты саналы ата-ана концептін зерттеуші Ғалымбек Бермағанбетовтің пікірін білді.
Айта кетсек, «Қазақстандық отбасылар-2022» ұлттық баяндамасына сүйенсек, ажырасудың басты себептері ретінде алкоголизм мен нашақорлық (61,7%), отбасындағы зорлық-зомбылық (51,1%), опасыздық (47%) және құмар ойындарына құмарлық (38,4%) аталады.
Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, елімізде соңғы жылдары ажырасу деңгейінің төмендеуі әрине, жағымды өзгеріс, бірақ оған қандай факторлар әсер етті деген сұрақ туындайды. Сарапшының сөзінше, әсіресе пандемия уақытында отбасылардың жақын болуына көп көңіл бөлінді. Бұл кезеңде ерлі-зайыптылар мен ата-аналар балаларымен қаншалықты жақын екендігін түсініп, өзара қарым-қатынастарын жақсартуға ұмтылды деп отыр.
Осыған байланысты адамдар түрлі әдістермен өздерін дамытуға, мысалы, кітап оқу немесе мамандарды тыңдауға ынталы бола бастады. Мектептер де ата-аналармен тығыз жұмыс істеп, оларды білім беру мен тәрбиелеу процесіне көбірек тартуда. Бұл да отбасы құндылықтарының нығаюына ықпал етті. Құндылық дегеніміз өте кең ұғым, ол әр адамның өміріне байланысты өзгеруі мүмкін. Бір адам дәстүрлі қазақи құндылықтарды жоғары бағаласа, екіншісі салауатты өмір салтына басымдық береді. Тіпті біреу діни құндылықтарға мән беруі мүмкін. Әр адам өзінің жеке құндылықтарын анықтап, солар бойынша өмір сүреді. Бұл өз кезегінде, отбасында да өзекті, – дейді Ғалымбек Бермағанбетов.
Сондай-ақ сарапшы отбасы – бұл біртұтас механизм, оның әрбір мүшесінің рөлі маңызды. Бұл рөлдер бір-біріне сәйкестендірілгенде ғана отбасы өз жұмысын дұрыс атқара алады деп отыр.
Әке, шеше, ата-әже, бауырлар және т.б. әрқайсысы өз міндетін сезініп, отбасындағы бірлікті сақтап қалады. Егер бәрі бір мақсатқа бағытталып, өз міндеттерін дұрыс орындаса, отбасы нығая түседі. Отбасылық құндылықты нығайту үшін бірінші кезекте, әрбір адам өзінің отбасына деген жауапкершілігін сезінуі керек. Қандай мақсатпен отбасы құрғанын түсініп, сол жауапкершілікті арттыру қажет. Сол кезде, әрбір адам өз міндетін орындауға тырысады, нәтижесінде отбасы тұрақты және мықты бола алады, – дейді.
Саналы ата-ана концептін зерттеуші Ғалымбек Бермағанбетов ата-аналар өз балаларына дұрыс тәрбие беріп, оларға ұлттық және адамгершілік құндылықтарды үйрету арқылы отбасының беріктігін арттыра алатынын айтады. Сонымен бірге бұл өз кезегінде, қоғамның да дамуына оң әсер етеді.
