Елімізде отандық тауар өндірушілердің Бірыңғай тізілімі іске қосылады
2025 жылы Қазақстанда отандық тауар өндірушілердің Бірыңғай тізілімі (Тізілім) іске қосылады. Жаңа жүйе қолданыстағы СТ-KZ сертификаты мен Индустриялық сертификатты алмастырады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, бұл өзгеріс кәсіпкерлер үшін бюрократиялық кедергілер мен шығындарды азайтып, барлық рәсімдерді жеңілдетіп, заманауи деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Реформаның басты мақсаты – қазақстандық тауар өндірушілердің мәртебесін растау үдерістерін барынша ашық және әділ ету, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін жоғарылату, – делінген ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің хабарламасында.
Тізілімде республикада өндірілетін тауарлар, оларды өндірушілер, қызмет түрлері, жұмысшылар саны мен өндіріс көлемі туралы толық ақпарат қамтылатын болады. Жаңа жүйе қазақстандық тауар өндірушілердің барлық реттелетін сатып алуларға қатысуына жол ашатын тиімді құрал болмақ, сондай-ақ, бұл тетік мемлекеттік қолдаудың қаржылай және қаржылай емес шараларын ұсынуды жеңілдетіп, барынша қолжетімді етеді.
Тізілім қолданыстағы платформаға қарағанда негізгі артықшылықтарға ие:
Біріншіден, мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер негізінде скорингтік жүйені қолдану адами факторды жою арқылы процесті әлдеқайда объективті және ашық етеді.
Екіншіден, жеке сараптамадан мемлекеттік сараптамаға көшу негізсіз шешімдер қабылдау тәуекелдерін азайтып, жауапкершілікті нақты бөледі.
Үшіншіден, Тізілім шеңберіндегі қызметтер өтеусіз негізде көрсетілетін болады, бұл өндірушілерге мемлекеттік қолдауға қол жеткізуді жеңілдетеді.
Жаңа ережелер бойынша тауар өндірушілердің өтініштері оларды тапсырған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қаралады деп жоспарлануда. Өтініш берушіге хабарлама жеке кабинет арқылы жіберіледі. Егер бейнемазмұн жеткіліксіз болса, бару арқылы тексеру шешімі қабылданады. Өтініштерді қараудың ең ұзақ мерзімі – 15 жұмыс күні.
Тізілімнің іске қосылуы биылға жоспарланған, бірақ нақты мерзімдер заңның қабылдануына байланысты, қазіргі уақытта заң жобасы Мәжілісте қаралуда.
Талқылау кезеңіне мүдделі мемлекеттік органдардың, бизнес және сараптамалық қоғамдастықтардың өкілдері қатысуда. Парламент Мәжілісінің жұмыс топтарының 10-нан астам отырысы, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП, салалық қауымдастықтар мен кәсіпкерлердің өкілдері қатысқан 30-дан астам кездесу өткізілді.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қағидалар жобасын жан-жақты талқылауға ашық. Келіп түскен ескертуелер мен ұсыныстар заңнама шеңберінде қаралатын болады.
Еске сала кетейік, мемлекет басшысы «берік өнеркәсіптік негіз» қалыптастыруды және өңдеуші сектордың дамуын жандандыруды тапсырған болатын. Қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін әзірлеу – президенттің тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.