Жаңалықтар

Елімізде өсімдіктің 6000 түрі өседі

Елімізде өсімдіктің 6000 түрі өседі
Фото: © Pexels.com 23.05.2023 15:59 1276

Мұны Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев айтты.

Оның сөзінше, оның ішінде 1,5 мыңға жуық түрі дәрілік өсімдіктер. 230 түрі ресми медицинада танылған. 390 түрі – Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, 110 түрі – реликті өсімдіктер, сондай-ақ 700-і – эндемикалық өсімдік түрлері.

Қазақстанда экспортталатын дәрілік өсімдіктерінің тізіміне 14 түрі кіреді – бұл мия, ферула, цистанхе, Түркістан сабын тамыры және басқалары. Кедендік статистика деректері бойынша қазақстандық мия тамырын өткізудің негізгі нарықтары Қытай, Түркия және АҚШ. Мысалы, Қытайға 2018 жылдан бастап 2022 жылға дейін 40 мың тонна мия тамыры экспортталды, - деді комитет төрағасының орынбасары.

Оның сөзінше, қараусыз қолданылуына байланысты дәрілік өсімдіктердің шикізат қоры таусылады. Дәрілік өсімдіктерді бақылаусыз жинау көлемінің өсуіне сыртқы нарықтардағы сұраныстың артуы ықпал етеді. Оның пікірінше, 2023 жылға дейін қолданыстағы Орман кодексімен және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» және «Жайылымдар туралы» заңдармен тек жалпы ауданы 139 миллион га, яғни Қазақстанның жер аумағының 51%-ы ғана қорғалған. Яғни бұл заң бойынша мемлекеттік орман қорында, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде өсімдік дүниесін қорғау, сақтау, қалпына келтіру және пайдалану мәселелері реттелген болатын. Ал 94 миллион га, яғни 34%-ы бұл заңмен қорғалмаған. Бұған алаңдағы босалқы жер қорында ілеспе өсімдік дүниесіне байланысты дәрілік өсімдік шикізаты, көпжылдық екпелер, генетикалық және өзге де өсімдік ресурстары жатады. Ол осыған байланысты өсімдік ресурстарын тиімсіз пайдалану, олардың өсу орындарын жою, адам еккен өсімдіктердің кесірінен бұрыннан өсетін өсімдіктердің ығысуы болды деген пікірде.

Бұл өсімдіктердің әртүрлілігінің төмендеуіне және табиғи экологиялық жүйелердің деградациясына әкелуі мүмкін еді. Осыған орай Өсімдіктер дүниесі туралы заң әзірленіп қабылданды. Заңды әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе ескерілді, - деді ол.

Комитет төрағасының орынбасары өсімдіктер дүниесі туралы ұқсас заңдар Австралияда, Канадада, Оңтүстік Кореяда және Еуропалық Одақ елдерінде, ал жақын шетелдерде – Армения, Беларусь, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Украинада бар екенін тілге тиек етті.

Заңның реттеу саласы жабайы өсімдіктерді, олардың популяциялары мен олар үшін табиғи жағдайда өсетін қауымдастықтарды, генетикалық қорды сақтау мақсатында ерекше жағдайларда ұсталатын олардың бөліктерін, сондай-ақ жасыл алқаптарды қамтиды. Заңның ережелері ауыл шаруашылығы өсімдіктеріне, сондай-ақ жеке учаскелерде өсетін өсімдіктерге, жеке қосалқы шаруашылыққа арналған учаскелерге, бау-бақшаға, саяжай құрылысына және көгалдандыруға қолданылмайды. Заң өсімдіктер дүниесін түгендеу, мемлекеттік мониторинг және кадастр жүргізу тәртібін айқындайды, - деді ол.

Комитет төрағасының орынбасарының деректеріне сәйкес, заң республика бойынша өсімдік ресурстарының есебін жүргізуге, олардың сандық және сапалық сипаттамаларының өзгерістерін талдауға, сондай-ақ өсімдіктер дүниесіне экономикалық баға беруге мүмкіндік береді. Ғылыми ұйымдар ұсынған ұсынымдар негізінде ағаштардың, бұталардың, сондай-ақ шөптесін өсімдіктердің аудандастырылған түрлері бойынша жасыл алқаптарды құру тәртібі белгіленді.

Өсімдіктер дүниесі объектілерін интродукциялау және будандастыру, сондай-ақ табиғи өсімдіктер қауымдастығына қауіп төндіретін бөтен өсімдіктер түрлерін әкелуге тыйым салу талаптары белгіленеді. Өсімдіктердің генетикалық ресурстарының ботаникалық коллекцияларын қалыптастыру, сақтау, есепке алу және пайдалану тәртібі қарастырылған. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар жүзеге асыратын мемлекеттік және қоғамдық бақылау институттары енгізілуде, - деді Құтпанбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға