Жаңалықтар

Елімізде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шараларына басымдық беріледі

Елімізде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шараларына басымдық беріледі
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 07.10.2023 16:21 623

Қазан айының екінші жексенбісі елімізде Мүгедектігі бар адамдар  күні болып белгіленген. Республикада ерекше қажеттіліктері бар 719 мыңнан астам адам тұрады. Мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қолдауы мен өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің  басты міндеттерінің бірі болып табылады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақстанда тұратын мүгедектігі бар 719,3 мың адамның 422,5 мыңы еңбекке қабілетті жастағы (58,7%), 189,9 мыңы зейнеткерлік жастағы (26,4%) азаматтар болса, 106,9 мыңы 18 жасқа дейінгі балалар (14,9%) болып табылады.

Мемлекет ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру және олардың қоғамға әлеуметтік ықпалдасуы үшін жүйелі шаралар қабылдауда. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда мемлекеттік көмек және жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түріндегі қолдау; әлеуметтік оңалту шеңберінде ағзаның жоғалған функцияларын өтеу; арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қамтитын көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі жұмыс істейді. Мүгедектігі бар адамдардың көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдерін ескере отырып, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмек, сурдо-тифлотехникалық құралдар, кресло-арбалар, санаторлық-курорттық емдеу, міндетті гигиеналық құралдар, жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Қазақстанның барлық өңірінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді және кедергісіз орта құру бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде, - деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың мәселелерін шешу мақсатында Еңбекмині жанында Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласында үйлестіру кеңесі жұмыс істейді, оның басты міндеті – мемлекет пен қоғам арасында диалог алаңын құру, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша нақты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу.

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 7 маусымда Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы Заңға қол қойды (2023 жылғы 12 тамызда күшіне енді). Факультативтік хаттаманы қабылдау – БҰҰ Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінің Қазақстан азаматтарының жеке өтініштерін қарау құзыретін мойындау.

Биыл шілдеден бастап ҚР Әлеуметтік кодексі күшіне енді, онда барлық азаматтар үшін әлеуметтік қорғау саласында тең құқықтар мен мүмкіндіктер көзделген. Нәсіліне, жынысына, тіліне, дініне, нанымына, тұрғылықты жеріне, жасына, денсаулық жағдайына, оның ішінде мүгедектігіне байланысты немесе өзге де мән-жайлар бойынша кез келген шектеу кемсітушілік болып табылады және оған тыйым салынады.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға