Жаңалықтар

Елімізде мемлекеттік архивтер саны 231-ге жетті

Елімізде мемлекеттік архивтер саны 231-ге жетті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 22.12.2024 17:15 111

Қазақстанда жыл сайын 22 желтоқсанда Архившілер күні атап өтіледі. 1998 жылы осы күні Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы заң қабылданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанның архив, кітап ісі және әдебиет салалары айтарлықтай нәтижеге жетті. Архивтердің тиімді қызметі, заңнамалық өзгерістер, халықаралық деңгейдегі кітап көрмелері мен ұлттық мәдениетке арналған жаңа бастамалар – еліміздің рухани дамуы мен тарихи мұраларын сақтау ісінде маңызды қадам болды.

Биыл мемлекеттік архивтер Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл аудандық архивімен және Қатонқарағай аудандық архивімен толықты. Осылайша, елімізде тарихи фактілер мен оқиғалардың көзі саналатын мемлекеттік архивтер саны 231-ге жетті.

Заңды және жеке тұлғалардан 219 862 сақтау бірлігі қабылданды. Бүгінде Ұлттық архив қорының көлемі 74,7 мың бірлікке артты. Қазақстан бойынша архив қоры 27,5 миллион сақтау бірлігіне жетті. Мұрағат құжаттарына қоғам мен азаматтардың қызығушылығы артып келеді. Биылғы 9 айда 12 187 зерттеушіге 73 704 сақтау бірлігі берілді.

Архив құжаттарын дәріптеу, архив қорларының құрамы мен мазмұны туралы халықты ақпараттандыру мақсатында 5 021 іс-шара өтті. Атап айтқанда, фотоқұжат көрмелері, архив құжаттары жинақтарының, анықтамалық басылымдардың тұсаукесерлері, дөңгелек үстелдер, халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференциялар және т. б. ұйымдастырылды.

Салалық кадрлардың біліктілігін арттыру бойынша нақты жұмыстар атқарылды. Кейінгі үш жылда мемлекеттік архивтер мен ведомстволық архивтердің 498 қызметкері біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

2024 жылы архив ісі саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Түрікменстан Республикасымен келісімге қол қойылды. Архивтер саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Ресей комиссиясының V отырысы Петропавл қаласында өтті.

Сондай-ақ, халықаралық архивтер күніне орай «Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы архивтер күндері» ұйымдастырылды. Онда мемлекеттің архив қоры бойынша архив құжаттарының 5 көрме экспозициясының тұсаукесері өтті.

Кітап ісі және әдебиет саласы бойынша да бірқатар жетістіктер бар. Атап айтқанда, Қазақстандық баспагерлер мен қаламгерлер Франкфурт кітап жәрмеңкесіне қатысты. Бұл отандық жазушылар мен басылымдарды халықаралық деңгейде насихаттауға ықпал етті.

Айтулы оқиғалардың бірі Қазақстанда жаңа мереке «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» бекітілді. Бұл мереке – елімізде кітап оқуды насихаттауға мүмкіндік береді. Аталған мереке Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында берген тапсырмасына байланысты белгіленді.

Сондай-ақ 2025 жылы түрлі номинациялар бойынша үздік кітаптарды анықтауға арналған «Ұлттық кітап» байқауы өтеді.

Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан жас қаламгерлерге арналған «Алқа» әдеби клубы құрылды. Жас қаламгерлер Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдығына және Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай Алматы облысы мен Жетісу облысына әдеби тур өткізді.

Сонымен қатар, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Биыл үшінші рет өткізілген «Айбоз» сыйлығына 7 номинация бойынша 176 автордан өтінім түсіп, үздік шығармалар анықталды.

Министрлік Қазақстан Жазушылар одағымен «Стратегиялық әріптeстік» орнату бойынша 3 жаңа жоба жүзге асырды.

Атап айтқанда, жас қаламгерлер «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы негізінде кең байтақ еліміздің әр қиырын шарлап, жаңа шығармалар жазды. Жас қаламгерлерге арналған «Жазушылардың шеберлік мектебі» ұйымдастырылып, отандық және шетелдік беделді қаламгерлердің дәрістері мен шеберлік сыныптары өтті. «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» жобасы ұйымдастырылды.

Сондай-ақ Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллинның 130 жылдығы, Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығы, Герольд Бельгердің 80 жылдығы секілді  бірқатар қаламгерлердің мерейтойлық даталары кең көлемде аталып өтті.

Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы орайда, дарынды авторларға қолдау көрсетіп, қоғамдағы еңбек мамандықтарының маңызын ашу мақсаттында жас қаламгерлерге арналған «Ерлік пен еңбек дастаны» байқауын жариялады.

Қазақстанның Ұлттық электрондық кітапханасы (ҚазҰЭК) да бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Ұлттық электронды кітапхана (ҚазҰЭК) өз қорын айтарлықтай кеңейтіп, 78 149 құжатқа жетті. Аталған көрсеткіш ҚазҰЭК-тің халықаралық аренадағы танымалдылығы мен әлемдік ақпараттық кеңістікке қосқан үлесін көрсетеді.

Осылайша, 2024 жыл Қазақстанда архив ісі, кітап шығару және әдебиет салаларында маңызды жетістіктер жылы болды. Іске асырылған бастамалар ұлттық мәдени мұраны дәріптеп, әдебиеттің дамуына ықпал етіп, азаматтардың маңызды тарихи және мәдени ресурстарға қолжетімділігін арттырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға