Жаңалықтар

Елімізде мамандандырылған мектептер саны 134-ке жетті

Оқу жылының басынан бері бұл мектептерде 72 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр
Елімізде мамандандырылған мектептер саны 134-ке жетті
Фото: pexels.com 31.10.2022 09:43 1577

Қазақстанда мамандандырылған мектептердің саны 134-ке жетті. Оқу жылының басынан бері бұл мектептерде 72 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Дарынды балалармен 8 мыңнан астам педагог жұмыс істейді, деп хабарлайды El.kz.

Бұл туралы  Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Мамандандырылған мектептер еліміздің барлық аймағында ашылған. Емтихандардан сүрінбей өткен балалар бұл білім ордаларында тегін білім ала алады. Сонымен қатар биыл Балалар жылында алғаш рет әлеуметтік осал топтан шыққан балаларға ерекше мүмкіндіктер жасалды.

«Министрлік дарынды балаларды қолдау бойынша жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр. Қазіргі күні 134 мамандандырылған мектеп жұмыс істейді. Дарынды балалар республикалық және халықаралық олимпиадаларға белсене қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Мысалы, былтыр 420-дан астам оқушы республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары атанды. Олардың ұстаздары да жақсы үлгі көрсетіп, «Үздік педагог», «Үздік авторлық бағдарлама», «Педагогикалық идеялар фестивалі», «Дарынды балалардың талантты мұғалімі» сынды байқауларға қатысып жүр», - деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әнуар Унайбеков.

134 мектептің 94-і жаратылыстану-математика бағытында, 6 мектеп қоғамдық-гуманитарлық бағытта, 8-і көпсалалы, 5-еуі әскери спорт, 6-уы музыкалық-эстетикалық бағытта жұмыс істейді. Тағы 15 мектепке Абай Құнанбаев есімі берілген. 95 мектепте интернат үйлері бар.

Мамандандырылған мектептердегі оқу үрдісі ұлттық білім беру жүйесін халықаралық стандарттармен біріктіру арқылы жасалған. Әрбір оқушы жеке оқу жоспары бойынша оқиды. Мұндай тәсіл балалардың әлеуетін барынша ашуға және олардың интеллектуалдық, шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.

Академиялық адалдық пен ашықтықты сақтау мақсатында Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен мамандандырылған мектептерге оқушыларды іріктеу конкурстық негізде жүргізіледі. Комиссия іріктеу кезінде математикалық сауаттылық пен оқу сауаттылығын, сондай-ақ Қазақстан тарихын білу деңгейін бағалайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға