Елімізде мал ұрлығына қаншалықты тосқауыл қойылды
ІІМ-нің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев Қазақстанда мал ұрлығы азайғаны туралы деректі мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Былтыр республика бойынша 1026 мал ұрлығы тіркелген. Бұл былтыр тізімге ілінген ұрлықтың 3%-ын құрап отыр. Аталған деректердің жартысынан көбі еркін жайылымда жасалған. Полиция 89 қылмыстық топты құрықтады. Олардың құрамында 572 мал ұрысы болған. Ұрланған малдың 4,5 мыңнан астамы табылып, заңды иелеріне қайтарылды. Осылайша өткен жылы мал ұрлығының саны 30,5%-ға төмендеді.
Жалпы қабылданған кешенді шаралардың арқасында соңғы бес жылда мал ұрлығы 64%-ға азайды. Қылмыстың осы түрімен күресті күшейту мақсатында Ішкі істер министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңнамалық, ұйымдастырушылық және практикалық шараларды тұрақты түрде жүргізеді, - деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Спикердің сөзінше, осындай қадамдардың бірі ретінде ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін қабылдауды атап өтуге болады. Сондай-ақ жайылым ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік белгіленген. 2024 жылы 38,5 мыңнан астам осындай бұзушылық анықталды. Одан бөлек, мал ұрлығы үшін Қылмыстық кодекске жеке бап енгізілген. Онда мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Өткен жылы мал ұрлығына қарсы республикалық деңгейде 2 іс-шара, өңірлік деңгейде 76 іс-шара өткізілген. 2025 жылдың қаңтар айында елімізде 69 мал ұрлығы тіркелді. 53 күдікті ұсталды. 10 қылмыстық топ әшкереленді. Ұрланған 450 малдың 134-і иелеріне қайтарылды.