Полиция қызметкерлері бір тәулік ішінде 18 – кісі өлтіру, 4 – өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, 1 – қарақшылық, 27 – тонау, 440 – бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты, деп хабарлайды El.kz.
Құқық бұзушылық фактілерін аймақ арасында бөліп қарастырар болсақ, басым көпшілігі Алматы қаласында тіркелді. Екінші орында – Астана қаласы.
«Интернет-алаяқтық фактісі көбейіп барады. Биылғы жылы 17,5 мыңнан астам қылмыс тіркелген. Киберқылмыстың жиіліп кетуі цифрлық қолданысқа түрлі жинақ шоттары мен онлайн сауданың белең алуында» – дейді, киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығының орынбасары Рүстем Дүйсетаев.
Тіркелген қылмыстық істер бойынша 15 млрд теңге қайтарылған. Интернет арқылы ақша жымқыру қылмысының көбісі қоңырау шалып, зардап шегушіге онлайн қаржы жинақ қорын ашу арқылы іске асады. Аталған санаттағы қылмыстың көбеюі елдегі қызметтік процестердің барлығы дерлік цифрландыруға көшуімен түсіндіріледі. Нәтижесінде халық онлайн-қызметтерге жиі жүгініп, интернет арқылы тауарлар мен қызметтерді сатып ала бастады. Банктік қызметтердің цифрлық форматта кеңеюін де атап өту қажет. Онлайн-қарыздарды ресімдеу, электрондық аударымдарды жүзеге асыру қолжетімділігі жақсы болғанымен қауіпсіздік шарасын сақтай білу керек. Қазір әрбір азаматтың телефонында кез келген банктердің мобильді қосымшалары бар. Алаяқтар арнайы платформалар арқылы қолданушының есеп шоттарын басқара алады екен.
18 мыңнан астам қылмыстың ішінде 6000 – онлайн сауда, 2800 – онлайн несие, 1400 – ақша тігу, 1200 – ұрлық фактілері. Бұл алаяқтықтың16 пайызы қоңырау шалу арқылы іске асқан. Қылмыскерлер арнайы жалған нөмір көрсететін бағдарламаларды қолданады. Алдын алу шаралары үздіксіз жүріп отырады. Тек мән бермейтін азамат бары алаңдатады.
«Қоғам мүшелеріне ескерту жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, БАҚ өкілдері 9 мыңға жуық ақпарат таратты. Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең басты қағидасы – жеке ақпаратты таратпау. Мейлі мемлекет қызметкері, полиция, банк қызметкері болсын. Сонымен қатар бағдарламалар орнатуда «App Store» және «Play Market»-ті пайдаланған жөн», – дейді Рүстем Дүйсетаев.