Жаңалықтар

Елімізде фортепиано мектебінің деңгейі өсіп келеді – Сара Асабаева

Астанада жас өнерпаздардың саны артқан
Елімізде фортепиано мектебінің деңгейі өсіп келеді – Сара Асабаева
Фото: ашық дереккөзден 28.11.2022 16:12 1825

Қазақстанда алғаш рет жас пианистер арасында «Astana Piano Passion» республикалық байқауы өтті. Республиканың түкпір түкпірінен қатысқан 60-тан астам өнерпаздың ішінде әр топтың үздіктері марапатталды. Кіші топта Жансая Оңғарбаева үздік атанса, орта топта Александр Волокитин, ал үлкен топта Батыржан Танкеев бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ, байқаудың гран-при жүлдесіне Жұлдыз Ержеңіс ие болды.

Байқауға 7-17 жас аралығындағы жас пианистер қатысты. Олар байқау шарты бойынша 3 кезеңде өздерінің дайындаған композицияларын орындап, финалға дейін жетті.

Кіші топтың үздігі атанған Жансая Оңғарбаева небәрі 9 жаста. Дегенмен, бұл Жансаяның алғашқы үлкен додасы емес. Ол бұған дейін де пианино бойынша түрлі байқаулар мен конкурстарға қатысқан.  

«Пианиномен 3 жасымнан бастап айналысамын. Жалпы, байқау туралы тамыз айында естідім. Қыркүйекте оқу жылы басталысымен сабақпен қатар, байқауға дайындықты бірге алып жүрдім. Байқауға менің ұстазым Жанна Здорновамен бірге дайындалдық.  Байқаудың іріктеу кезеңіне 3 композиция дайындадық. Олар «Бах ХТК 1 том прелюдия и фуга си бемоль мажор» бұл үш дауыс қосарланған фуганың қиын түрі. «Гайдн сонатасы 15 ре мажор» бұл сонатаның күрделі ритмі түріне жатады. Сонымен қатар, «Мошковский М. Этюд 6, опус 72» ойнадым.  Полуфиналда «Прелюдию Лядова опус 10-1», «Жубанова Г. Прелюдия 2» және «Мендельсон «Песня за прялкой» опус 67-4» орындадым.  Ал, финалда Гайднның шығармасын орындадым», – деді Жансая Оңғарбаева.

Елімізде фортепиано мектебінің деңгейі өсіп келеді – Сара Асабаева

Кіші топтың ішінде үздік үштіктен көрінгендердің бірі – Бексұлтан Көпбай. 10 жасар Бексұлтанның бұл алғашқы қатысып отырған байқауы. Оның анасының айтуынша, Бексұлтан байқауға бір жылға жуық уақыт дайындалды.

«Байқау нәтижесі бойынша кіші топ бойынша үшінші орын алдым. Бұл мен үшін үлкен марапат. Ең бірінші турда 4 композиция орындадым. 2 этюд, сонато және фуга дайындадым. Екінші турда «Чайковский», «Торантелла», «Песенка без слов» пен Ғазиза Жұбанованың шығармасын және финалда «концерт Гайдн ре мажор» орындадым. Қазақ ұлттық өнер университетінде музыка бойынша ұстазым  Хадиша Бекішовадан білім алып жатырмын», –деді Бексұлтан.  

Елімізде фортепиано мектебінің деңгейі өсіп келеді – Сара Асабаева

Байқауға қатысып жатқан жас өнерпаздардың көбісінің бұл алғашқы үлкен додасы. Солардың қатарында Даниал Дюсембаевта бар. Ол Алматыда өткен байқаудың турнесіне қатысып жолдама алды. Байқау нәтижесі бойынша үлкен топтың ішінде екінші орынды иеленді.

«Байқауда көптеген пианистермен таныстым. Олардың шеберлігіне қарап сүйсіндім. Бір-бірімізге шығармашылық тұрғысынан кеңес беріп, тактикамызбен бөлістік. Өзіме көп дос тауып үлгердім. Байқау біз үшін бәсекелістік орны болған жоқ,  балалар лагері секілді өтті.  Байқау маған шабыт пен мотивация сыйлады», – деді Даниал.   

«Astana Piano Passion» республикалық байқауының үздіктерін марапаттау кешінде концерт өтіп, арнайы меймандар да қатысты. Қазылар алқасы да балалардың өнерін тағы бір тамашалауға мүмкіндік алды.

«Бұл Қазақстанда алғаш рет жас пианистерге арналған республикалық конкурс. Байқаудың ауқымы өте үлкен және жоғары деңгейде өтті. Жас  өнерпаздарды қолдайтын, шыңдайтын осындай конкурстардың ғұмыры ұзақ болса және жыл сайын ұйымдастырылып тұрғаны дұрыс. Бұл байқаудың берері көп. Республикалық конкурстың бір ерекшелігі еліміздегі барлық өңірді, аймақты және аудандардағы мемлекетік немесе жеке музыкалық орталықтың оқушыларын да қамтыды. Ол үшін үлкен жұмыстар атқардық. Әр облыста турне өткіздік. Қазылар алқасы таланттарды бірден турне барысында іріктеді. Іріктеу кезеңінде 61 бала қатысты. Ал, финалға 24 өнерпаз өтті. Конкурс шарты бойынша міндетті түрде екінші кезеңде отандық композиторларымыздың шығармаларының бірін орындау керек», – деді қазылар алқасының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сара Асабаева.

Сонымен қатар, ұйымдаструшылар байқауға қатысушы балалардың жол жүруі мен астанада тұру ақысын төлеп берді. Бұл республикалық деңгейде  ұйымдастырылып жатқан байқауда алғаш рет осындай жағдай қарастырылған.

Конкурсқа қатысушы балалардың көбісі Астанаға алғаш рет келді. Оларды қаладағы мәдени орталықтарда тегін аралатып, негізгі кешендерді таныстырды. Байқау аяқталған соң балалар сертификат және арнайы сыйлықтармен ғана емес, ерекше естеліктермен қайтатын болады.  

Соңғы 10 жылда еліміздегі фортепиано мектебінің сапасы өте жоғары деңгейде айтарлықтай өсті. Әсіресе, өнер ордалары енді құрылып жатқан  Астанада жас өнерпаздардың саны артып келеді. Жалпы қандай аспап болмасын оны шерте білу қиын, әсіресе фортепиано аспабын. Бұл ең  интеллектуалды өнер түрі екенін айтты.  

Елімізде фортепиано мектебінің деңгейі өсіп келеді – Сара Асабаева

«Astana Piano Passion» байқауына республикалық деңгейде өте жоры өтті. Тіпті, байқаудың үздіктерін марапаттау сәті де мереке секілді өтуде. Жас пианистердің бойындағы таланттарын көрген кезде ішімде ерекше жылулық пен аспаптың әуенімен бірге тебіреніп, ерекше сезімде болдым. Әр композицияны тыңдаған сайын «тап осы гран-приге лайықты» деп отырдым. Мықтылардың мықтысын анықтау оңайға соқпады», – деді қазылар алқасының мүшесі, оқытушы Елена Косачева.  

Сонымен қатар, байқаудың салтанатты жабылу кешіне арнайы меймандар да қатысты. Солардың бірі Қазақстанның Халық әртісі, скрипкашы Айман Мұсақожаева.

«Astana Piano Passion» жас өнерпаздар үшін байқау ғана емес, мерекелік деңгейде өтіп жатқан ауқымда шара. Осының арқасында балалар көптеген композициямен танысып, өздерін үлкен алаңда шындауына мүмкін туды. Бұл балалар үшін ғана емес, олардың ұстаздары үшін де мүмкіндік.  Әріптестерімен, шәкірттерімен жетістігін бөлісуге не жетсін», – деді Айман Мұсақожаева.  

«Astana Piano Passion» республикалық жас өнерпаздар байқауын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырып, балаларға қолдау көрсетті.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға