Жаңалықтар

Елімізде ешқандай құжатсыз жүрген 400-ден аса адам бар

Елімізде ешқандай құжатсыз жүрген 400-ден аса адам бар
Фото: ©El.kz/Мәди ЫСҚАҚОВ 16.11.2024 04:26 1020

Елімізде ешқандай құжатсыз жүрген және азаматтығы анықталмаған 400-ден аса адам бар. Оның елу бесі Ақтөбе облысында. Араларында кеңестік қызыл паспортпен жүргендері көп. Мұндай тұрғындар еш жерде тіркелмегендіктен әлеуметтік көмектерден де қағылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.

Ағлам Дәулетшиннің жасы алпыс алтыда. Алайда, зейнетақы мен басқа да әлеуметтік көмек түрлерін алып көрмеген. Өйткені, жеке басын анықтайтын бірде бір құжаты жоқ. Бұған дейін 20 жыл бойы біреудің малын бағып күнелткен. Бір көзінен айрылып, жұмысқа жарамсыз болғаннан кейін әлеуметтік орталыққа келген.

Енді зейнетақы алу керек. Құжат болмаған соң ешқайда шыға алмайсың, - дейді Әлеуметтік орталықтың тұрғыны Ағлам Дәулетшин.

Бұл орталықтың өзінде санда да, санатта да жоқ осындай алты адам бар. Орталық мамандары оларға құжат дайындау үшін әрекеттеніп-ақ келеді, бірақ ол оңай шаруа емес. Ал, көші-қон қызметіне жеке басын анықтауды сұрап, жыл басынан бері алпысқа жуық адам арызданған. Олардың он бесіне көмек берілді. Көбінің жеке мәліметтерін табу машақат жұмыс, дейді мамандар. Өйткені, олардың арасында өздері туралы жалған ақпарат беретіндері де кездеседі.

Әскерде, қызмет еткен жерлерінің бәрін көрсеткен уақытта сол жерлердің барлығына құқықтық мәртебесін анықтау мақсатында сұраныстар жіберіледі. Саратов облысында тудым деп жазған болса, қанағаттанарлық жауап келмейді. Сондықтан Ресей көлемінде барлық облыстарға жіберуге мәжбүр боламыз, - дейді Полиция департаменті көші-қон басқармасының инспекторы Баян Қадырова.

Адам құқықтарын қорғау ұйымдары мұндай жандардың жеке басын анықтау ісіне бей-жәй қарауға болмайды. Яғни, құжат дайындау ісін жеделдетуге күш салу қажет, дейді.

Шет мемлекеттерге сұраныс жіберген жағдайда бірнеше айдан, тіпті, бірнеше жылға созылып кетуі мүмкін. Біз бұл жұмыстың басындамыз. Қазір зерделеп, талқылап, уағдаластыққа келдік. Енді ойлаймын, құзырлы органдармен, қоғам белсенділерімен бұл жұмысты әрі қарай жалғастырамыз, - дейді ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Аққалқа Байдуллина.

Әр адам мемлекет кепілдік берген көмек түрлерін алуға құқылы. Сондықтан мамандар жылдарға созылатын құжат дайындау тәртібін барынша оңтайландыруды сұрап отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға