Елімізде демалыс күндері қар жауып, күн суытады

«Қазгидромет» мәліметінше, 4-6 қаңтар күндері Қазақстанның көптеген өңірінде жауын-шашын (қар, жаңбыр) жауып, ауа температурасы төмендейді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Болжам бойынша, батыс, солтүстік-батыс және солтүстік өңірлерге Солтүстік Атлантикадан келген циклон әсер етеді. Оның фронтальды бөліктерінде қар, жаңбыр және жаңбырлы қар түріндегі жауын-шашын болады.
6 қаңтарға қарай ел аумағына суық ауа массалары тарала бастайды. Бұл температураның айтарлықтай төмендеуіне әкеледі. Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерге Каспийдің оңтүстігінен келген циклон әсер етеді. Ол жауын-шашын (жаңбыр мен қар) әкеледі.
Ал 5-6 қаңтар күндері орталық және шығыс аймақтар антициклон ықпалында болады. Бұл аймақтарда негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Көптеген өңірде жел күшейіп, тұман, көктайғақ және қарлы жаңбыр болуы ықтимал.
Ауа температурасы келесідей төмендейді:
Батыс өңірлерде түнде -12°С-тан -3°С-қа дейін, күндіз -8°С-тан -3°С-қа дейін;
Солтүстік-батыста түнде -4°С-тан -15°С-қа дейін, күндіз -2°С-тан -12°С-қа дейін;
Солтүстікте түнде және күндіз -2°С-тан -10°С-қа дейін;
Орталықта түнде -5°С-тан -13°С-қа дейін, күндіз 0°С-тан -10°С-қа дейін;
Шығыста түнде -10°С-тан -25°С-қа дейін, күндіз -5°С-тан -13°С-қа дейін;
Оңтүстік және оңтүстік-шығыста түнде 0°С-тан -10°С-қа дейін, таулы аудандарда -13°С-тан -20°С-қа дейін, күндіз -3°С-тан +8°С-қа дейін, таулы аудандарда -3°С-тан -8°С-қа дейін.
Ауа райының күрт нашарлауына байланысты тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтау, алыс сапарлардан бас тарту және метеорологиялық болжамдарды үнемі қадағалап отыру ұсынылады.
