Елімізде дарынды түлектерге тегін жоғары білім беретін жаңа факультет құрылады

Satbayev University және Арсен Томский Қазақстанның және Орталық Азияның дарынды түлектеріне тегін жоғары білім беретін inVision U факультетін құрады. Барлық студент ақысыз білім алады, ал аз қамтылған жастарға оқу шығынымен қатар, жатақханада тұру, тамақтану және көлік шығындарын жабуға арналған стипендия қарастырылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
2024 жылдың қыркүйегінде Қазақстан премьер-министрімен кездесуде inDrive басшысы 400 студентке арналған inVision U университетін ашу бастамасын көтерді. Мұнда IT, маркетинг және медиа, ғылым, сондай-ақ басқа да салалар бойынша мамандар даярланады. Бұл жобаны іске асыру үшін Satbayev University Жобаларды басқару институтының жанынан әлеуметтік сала мен бизнестің болашақ көшбасшылары даярлайтын автономды факультет құрылады. Оқыту пәнаралық байланысқа, жобалық жұмысқа және қоғамның өзекті мәселелерін шешуге негізделеді.
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі, соның ішінде шағын қалалар мен ауылдық жерлердегі адамдарға тең мүмкіндіктер ұсынатын платформа ретінде inDrive қоғамдастықтардың тұрақты дамуын қолдауға ұмтылады. Білімге инвестиция сала отырып, компания жастардың әлеуетін ашып, олардың тек өз болашағын құрып қана қоймай, қоғамның да маңызды мәселелерін шешуге және оның өркендеуіне үлес қосуға мүмкіндік беруге көмектеседі.
Бағдарлама 2025 жылдың қыркүйегінде басталады деп жоспарланып отыр. Алғашқы оқу жылы дайындық пәндері циклінен (Foundation) басталып, студенттер сыни ойлау мен талдау дағдыларын меңгереді, ағылшын тілі, математика және IT саласында тереңдетілген білім алады.
inDrive негізін қалаушысы және inVision U бағдарламасының жетекшісі Арсен Томский:
U факультетінің ашылуы көптен күткен арманымыздың алғашқы қадамы болмақ. Бұл университет жоғары білім саласында инновациялық жобалар онша дами қоймаған аймақтардағы болашақ көшбасшылар мен жаңашыл адамдарға жол ашады. inVision U-да оқу тегін болады, сондықтан талантты студенттерге әлеуметтік жағдайына қарамастан білім алуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, ауылдық жерлерден келген талапкерлер үшін оқуға бейімделуге көмектесетін дайындық жылы (Foundation year) қарастырылған. Осы кезеңде бізді Орталық Азиядағы жетекші инженерлік білім және ғылыми зерттеу университеттерінің бірі – Satbayev University-мен бірлесіп жұмыс істеу қуантады. Алдағы уақытта алғашқы бағдарламалар іске қосылғаннан кейін және мықты оқытушылар құрамы қалыптасқан соң, Алматыда жеке кампусы бар толыққанды университет ашуды жоспарлап отырмыз. Болашақта бұл жобаны әлемнің басқа өңірлеріне де шығаруды көздейміз. Бұл – бас кеңсесі Алматыда болатын қазақстандық жоба, ол еліміздің халықаралық беделін нығайтады, – деді.
Дәстүрлі дәрістердің орнына inVision U бағдарламасында практикалық жобалар мен командалық жұмысқа баса назар аударылады. Студенттер аймақтық және жергілікті мәселелердің шешімін іздейді, ал оқу аяқталғаннан кейін бизнес пен әлеуметтік бастамаларды іске асыру үшін қолдау және тәлімгерлік бағдарлама ұсынылады. Бұл жастардың туған жерінде қалып, елінің дамуына үлес қосуына мүмкіндік береді.
Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев:
Біз үшін зерттеу университеті ретінде студенттерімізге болашаққа бағытталған инновациялық салаларда өз күшін сынауға мүмкіндік беру аса маңызды. Біздің студенттер PennState және CityU қос дипломды бағдарламалары бойынша білім алады, Қытайда логистика және теміржол саласын меңгереді, сондай-ақ Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі өндірістерде дуалды оқыту бағдарламаларынан өтеді. Мұның бәрі студенттеріміз Satbayev University-дің алдыңғы буындарының жылдар бойы қалыптастырған көшбасшылық дәстүрін ары қарай жалғастыруы үшін жасалып отыр, – деп ой бөлісті.
inVision U бағдарламасына тегін білім беру, тәлімгерлік және тәжірибеге негізделген оқыту кіреді. Түлектерге оқуын аяқтағаннан кейін де стартаптар мен әлеуметтік бастамаларды іске қосуға көмектесу арқылы қолдау көрсетіледі.
inVision U оқу үш тілде – ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде болады.
inVision U президенті Эндрю Вахтель:
Satbayev University-мен серіктестіктің нәтижесінде ерекше синергия қалыптасады: академиялық тәжірибе мен инновациялық оқыту әдістерін біріктіру студенттерге озық білім мен дағдыларға қол жеткізу мүмкіндігін береді. inVision U оқу бағдарламасы өзара байланысты бес бағытты қамтиды: Ғылым, Технология, Қоғам, Маркетинг және медиа, сондай-ақ Мемлекеттік басқару. Біздің студенттер тек мәселелерді шешуді үйреніп қана қоймай, пәнаралық командаларда жұмыс істей отырып, мәселенің тұрақты шешімін табуға қажет кәсіби және икемді дағдыларын дамытады, – деп ой қосты.
Foundation Program бағдарламасына өтінім қабылдау 2025 жылғы 15 сәуірде басталып, 1 тамызда аяқталады. Бағдарлама 2025 жылғы 1 қыркүйекте іске қосылады. Undergraduate Program бойынша оқу 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталады. Өтінім беру мерзімдері туралы толық ақпарат кейінірек жарияланады. Толығырақ мәлімет inVision U ресми сайтынан алуға боладыі: www.invisionu.education.
