Бүгінде ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандардың 60 мыңнан астамы баспанаға кезекте тұр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар алаңында ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Нәлібаев мәлімдеді.
– Бүгінде Қазақстан бойынша әкімдіктерде ресми баспанаға мұқтаж адамдар саны 608 мыңнан асады. Оның ішінде әлеуметтік жағынан халықтың осал топтары 242 мың адам, көпбалалы отбасылар – 85 мыңнан астам, бюджет қызметкерлерінің саны 271 мыңнан астам, сондай-ақ ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, баспанаға кезекте тұрғандар саны 60 мыңнан астам. Бұл адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы әкімдіктер тарапынан сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспаналар, ипотекаға берілетін үйлер салынуда. Сондай-ақ "Отбасы банк" АҚ жеңілдетілген қарыздар беріп отыр, - деді ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Нәлібаев.
Биыл жыл басында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың жекелеген санаттарын баспанамен қамтамасыз ету үшін тиісті тапсырмалар берген болатын.
– Биыл 18 сәуірде "Отбасы банкі" АҚ ақпарат жүйесі іске қосылды. Ондағы мақсат – Президент тапсырмасын орындау. Мұнда мемлекет жеке тұрғын үй қорынан жалға берілетін пәтерлердің жалдау ақысын 50% субсидиялайды, қалған 50% пәтерді жалға алған адам төлейді. Бұл санаттарға көпбалалы отбасылар, бірінші, екінші топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырған отбасылар кіреді. Биыл жалпы бұл субсидиялау тетігімен 70 мың адамды баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қазіргі таңда "Отбасы банкі" 3 мыңнан аса өтінішті мақұлдады, - деді ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Нәлібаев.