Жаңалықтар

Елімізде автокөлік өндірісі қалай дамыды?

Елімізде автокөлік өндірісі қалай дамыды?
Фото: © Freepik.com 25.11.2024 13:00 92

Жалпы әлемде жыл сайын 60 миллионнан астам жеңіл автокөлік шығарылады, ал көліктердің жалпы өндірісі 85 миллионнан асады. Көлік шығаратын зауыттар әр елдерде 4 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, ІЖӨ-нің 10%-ын құрайды. Автокөлік өндірісі үш маңызды бағытты қамтиды: өнеркәсіпті дамыту, мобюильділік және адами капиталды дамыту. Осылайша, әртүрлі елдердегі автокөлік өнеркәсібінің өсуі факторлардың жиынтығының нәтижесі: халық санының өсуі, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, жалпы барлық процестерді автоматтандыру деңгейін арттыру, экологиялық проблемалардың туындауы, табысты халықаралық ынтымақтастық, локализация деңгейінің жүйелі жоғарылауымен байланысты. Мұның бәрі Қазақстан үшін де, еліміздің автокөлік өнеркәсібі үшін де өзекті. Ендеше еліміздегі автокөлік өндірісі қалай дамуда соған келсек.  

Жалпы күшті автокөлік өнеркәсібі ғана елге экономикалық тәуелсіздік пен жоғары экономикалық өсу қарқынын қамтамасыз ете алады. Қазақстандық автокөлік өнеркәсібі де 2003 жылдан бастап елімізде жылына 3-4 мың ғана «Нива» маркалы автокөлік құрастырудан бастап, бүгінгі күнге дейін іс жүзінде ұзақ жолдан өтті. Осы жылдар ішінде елімізде жеңіл де, жүк көліктері де, арнайы көліктер, автобустар, ауылшаруашылық техникалары және т. б. өндірісі ашылды. Қазақстанға шет елдерден бірнеше брендтер келді. Еліміздегі негізгі зауыттардың қатарында Қостанайдағы, Алматыдағы, Семейдегі және Көкшетаудағы зауыттар бар.

Мемлекет 2015 жылдан бастап отандық автопаркті жаңартуға күш салып, арнайы жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын шығарған еді. 2015-2022 жылдар аралығында 182 млрд теңге бөлінген. Револьверлік механизм есебінен берілген займдардың жалпы сомасы 7 жылда 299,3 млрд теңгеге жетіп, осынша сомаға 47 297 автомобиль сатылған. 2015 жылдан бастап жеңіл автомобилдердің өнеркәсіптік өндіріс көлемі құндық мәнде 14 есе, физикалық көлемде 8,5 есе өскен. 2015 жылы сол жылы өндірілген көліктердің 36 пайызы жеңілдетілген несиелеу аясында сатылса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 79 пайызды құраған. Алайда кейінгі жылдары бұл қарқын өз биігінде қалмады және 15 пайыздан сол күйі аспады. Аналитиктердің айтуынша, 2015-2022 жылдар аралығында елімізде 357 335 бірлік жеңіл автомобиль құрастырылды. Соның 13 пайызы ғана жеңілдетілген бағдарлама шеңберінде рәсімделген. Жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы болған 7 жыл ішінде Қазақстанда тіркелген жеңіл машиналардың жалпы санының тек 1 пайызы осы бағдарлама шеңберінде сатып алынған.

OICA мәліметінше, ҚР-да 2022 жылы 112,5 мың көлік (жеңіл автокөлік, жеңіл коммерциялық көлік, микроавтобус, жүк көлігі, автобус және қалааралық автобус) шығарылды, бұл бір жыл бұрынғы 92,4 мыңмен, бес жыл бұрынғы 19,1 мыңмен, 2010 жылғы 3,2 мыңмен салыстырғанда айтарлықтай. Мамандандырылған көліктерді қосқанда барлығы 114 мыңға жуық көлік шығарылды.

Сарапшылардың айтуынша, 2022 және 2023 жылы Қазақстан нарығынан бірқатар әлемдік брендтер кетіп қалды. Олар – Mazda, Nissan, Renoult, Volkswagen және Skoda. Бірақ Mitsubishi қалған. Алайда бұл моделді ел арасында ерекше сұранысқа ие деп айту қиын. Әзірге нарықтағы беделін сақтап тұрған бірегей көлік – Toyota Camry. Қазақстан автомобиль одағының дерегінше, 2023 жылдың қаңтары мен қарашасы аралығында отандық зауыттар 1,65 трлн теңгеге 136 909 транспорт құралын шығарған. Оның көбі, яғни 124 491-і – жеңіл көліктер. 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қостанайдағы зауыт 82 мыңнан астам техника шығарыпты.

Ресейлік өндірістің жеткізілімдері тоқтағаннан кейін, Қазақстанның авто нарығындағы республикалық және өңірлік ойыншылар Қытайдан импорттық автомобильдерді жеткізу есебінен брендтер портфелін қалыптастыра бастады. Елімізде құрастырылып шығарған көліктердің көшін Hyundai, Chevrolet, Kia, Jac және Jetour бастайды.

2023 жылы Қазақстан автонарығында рекорд тіркеліп,  200 мыңға жуық жаңа автокөлік сатылса, олардың 70 пайызы Қазақстанда өндірілген екен. Отандық автоөндірушілер қазірдің өзінде Қазақстанның машина жасау өнеркәсібінің жалпы өнімінің 45%-дан астамын, өңдеу өнеркәсібінің жалпы өнімінің шамамен 9%-ын және елдің жалпы өнеркәсіп өнімінің 4%-ын қамтамасыз етіп отыр. Бұл саланың нәтижелерін шоғырландыру және одан әрі жақсарту үшін барынша күш-жігер мен шараларды қолдау маңызды екенін көрсететін тамаша көрсеткіштер.

Айта кетейік, елдегі көлік бағасына қарамастан, көптеген қазақстандық 2023 жылы автокөлік несиесіне жүгінбеген екен. Freedom Finance Global сарапшылары автокөлік нарығын зерттеу мақсатында сауалнама жүргізген. Оған Қазақстанның барлық аймағынан 1021 адам қатысқан. Көлік иелерінің басым бөлігі (67,8%) көліктің толық құнын өтеп, бірден сатып алған. Ал 29,7 пайызы автокөлік алу үшін несие рәсімдеген. Айта кетерлігі, азаматтарды несие алуға тек табысы емес, сатып алушының жасы да әсер еткен. Несие алған қазақстандықтардың басым бөлігі оны бастапқы жарнасыз (26,7 пайыз) рәсімдеген. Сауалнамаға қатысқандардың үштен бір бөлігінде бастапқы жарна мөлшері автокөлік құнының шамамен 20 пайызынан кем болған, ал әрбір оныншы сатып алушы бастапқы жарна төлеу кезінде автокөлік бағасының жартысынан көбін өтеген. Дереккөз мәліметі бойынша, респондерттің арасында әйелдерге (6,1 пайыз) қарағанда ерлер (14,6 пайыз) көп болған. Пайыздық мөлшерлемеге келсек, қарыз алушылардың 39,7 пайызы үшін бұл көрсеткіш 11 пайыздан 20 пайызға дейін болған. Яғни олар жеңілдетілген несие алмай, нарық ережесі бойынша кәдімгі автонесие рәсімдеген. Несие алушылардың басым бөлігі 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге автокөлік несиесін алған (респонденттердің 37 пайызы). Бір қызығы, бұл мерзімге автокөлік несиесін көбіне бала-шағалы отбасылар алғаны анықталды.

Экспорт

Қазақстан жеңіл көліктердің экспортын шамамен 17 есе қысқартты. Соңғы бірнеше жылда көліктерді шетелге сату көрсеткіштерінің күрт төмендеуі алғаш рет байқалды. ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) мәліметінше, ағымдағы жылдың қаңтар–маусым айларында ҚР басқа елдерге 554 көлік шығарылды. 2023 жылдың бірнші жартыжылдығында экспортталған көліктердің саны 9,2 мыңға жуық болды.

Қазақстанда көліктердің бас импорттаушысы Ресей болған. РФ көліктерді ҚР экспортында бірден 92,6% үлесін иемденді. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында шетелге сатылған 9,1 мың көліктен, 8,4 мың дәл ресейлік қалаларына кеткен болатын. Дегенмен, ағымдағы жылдың қаңтар–маусым айларында РФ небәрі 115 көлік сатылған. Евразиялық экономикалық комиссия енгізген ЕАЭО қауіптерді басқару жаңа жүйесі істемей тұрып, негізгі бөлігі бірінші тоқсанға келді. Естеріңізге салайық, 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап, ЕАЭО кез келген мемлекетінде кедендік тазартудан өткен, Ресейге көліктерді кіргізу кезінде бұрынғыдай арнайы шарттар жойылды. Ендігі кезекте, РФ көліктерді жеткізушілер кіргізілетін автомобильдің кедендік құны төмендетілген жағдайда, осындай көліктің орташа бағаға негізделген айырмашылығын төлеуге мәжбүрлі. Жаңа ережелер делдалдардың Ресейге жеткізумен айналысудың коммерциялық қызуғышылығынан айырады.

Осы себепге сәйкес, Қазақстаннан ЕАЭО басқа елдеріне де көліктерді жеткізу көрсеткіші азайды. Мысалы, кедендік статистикасына сәйкес, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Беларусь еліне көлік экспорты 18 есе азайса, Қырғызстанға — 27,5% төмендеді.

Бүгінгі ахуал қалай?

Профильдік Қазақстан автомобиль қауымдастығының деректеріне сәйкес 2024 жылдың қаңтар–қазан айлары аралығында елімізде 104,9 мың автокөлік құралы өндірілді, оның 62,9%-ы Қостанайдағы бір ғана автомобиль зауыты Allur-ге тиесілі. Салыстырып қарасақ, өткен жылдың дәл осындай кезеңінде Allur үлесі 61%-ды құрады, ал 2019 жылдың қорытындысы бойынша бүкіл автоөнеркәсіп саласының жартысынан көп пайызды, 2016 жылы 22%-ды құрады. Келесі орындарда — нарықтағы үлес салмағы 30,5%-бен Hyundai Trans Kazakhstan және 3,6% үлеспен СемАЗ. Қалған автозауыттардың өндірісі автокөлік құралдарының барлық өндірісінің тек 3%-ын ғана құрады.

Қазақстанда жаңа жеңіл және коммерциялық автомобильдердің сатылымы ағымдағы жылдың қазан айының қорытындысы бойынша 21,5 мың бірлікке жетті, бұл өткен аймен салыстырғанда, 20,1%-ға және 2023 жылдың қазан айымен салыстырғанда, 18,3%-ға артық. Айта кетерлігі, қазан айындағы сату көлемі биылғы жылдың ең үлкен сату көлемі болды.

Дистрибьюторлар тұрғысынан, қазан айында жаңа автомобильдердің жартысынан көбі тек Allur-да сатылды: 50,7% немесе 10,9 мың автокөлік, бұл — 2024 жылы ҚР дилерлері арасында абсолютті мән бойынша, сондай-ақ нарықтағы үлес салмағы бойынша да ай сайынғы сатылым бойынша рекордтық көрсеткіш. Келесі орынға Astana Motors орналасты: 31,9% немесе 6,9 мың жаңа автомобиль сатылды. Басқа дистрибьюторлар жалпы нарықтың 17,4%-ын құрады.

Жуырда үкіметте машина жасау саласын дамыту мәселесі қаралды. Министр Шарлапаевтың айтуынша, жақын арада көлік шығаратын бір зауыт іске қосылады. «

Мәселен, Changan, Haval, Chery автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын, бұл зауытта CKD әдісімен жылына 90 мың бірлік автокөлік шығарылады,- деді Шарлапаев.

Қазіргі кезде 200 млн долларлық KIA автомобиль зауытының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, 150 млн долларға Geely, Exeed мен КAIYI жеңіл автомобильдерінің өндірісі пысықталуда.

Сонымен қатар секторды одан әрі дамыту автокомпоненттердің отандық өндірісін игеру есебінен жоспарлануда. Мысалы, биыл Алматы қаласында мультимедиялық жүйелердің және автокреслолардың сериялық өндірісін іске қосу күтілуде, - деп атап көрсетті министр.

Сонымен қатар  Қанат Шарлапаев отандық көліктерді өзімізден шыққан темірден жасамаудың себебін түсіндірді. Айтуынша,  өзімізден шыққан темірді қолдану үшін бірнеше талап бар. «Ол үшін темірдің арнайы маркасын өндіру керек. Одан кейін арнайы металопрокат шығару қажет. Содан штамповка жасалады. Осылайша, көліктерді Қазақстанда өндірілген темірден құрастыруға болады. Ондай жоспарымыз бар», - деді Шарлапаев үкіметте өткен брифингте. Министрдің айтуынша, алдымен темірдің бірнеше арнайы маркасын өндіру жоспарланып отыр. «Біз алдымен шағын бөлшектерді шығаруды жолға қоюымыз қажет. Ондай зауыттарды келесі жылы іске қосатын боламыз. Одан кейін басқа да бөлшектерді, мысалы, пластик, дөңгелек және да заттарды өндіреміз. Сосын барып темір өндірісін қарастыратын боламыз», - деп атап көрсетті Шарлапаев.

Сондай-ақ биыл 6 айдың ішінде 1 млн 800 мың көлік құралдары техникалық байқаудан өтті. Сол кезде 23 мыңнан астам көлік техникалық жарамсыз болып танылған. Бірақ бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Себебі жалған техникалық байқау тыйылатын емес. «Бұл ретте парламент сенатының қарауындағы заң жобасы шеңберінде жалған техникалық байқау жұмыстарын жүргізуді болдырмау үшін техникалық байқау операторларының рұқсат қағаздарынан айыру және айыппұл мөлшерін 10 айлық есептік көрсеткіштен 100-ге дейін ұлғайту қарастырылған», - деген еді Марат Қарабаев үкімет отырысында. Оның айтуынша, осы шаралар техникалық байқаудан өту кезіндегі заң бұзушылықтарды болдырмауға мүмкіндік береді. Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда жалпы 950 техникалық байқау операторлары жұмыс істейді.

ҚР СЖжРА Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша Қазақстандағы автомобиль өнеркәсібінің өндіріс көлемі ағымдағы жылдың үш тоқсанында 1,2 трлн теңгені құрады, бұл 2023 жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда, 8,5%-ға аз. Шығарылым көлемінің біршама төмендеуіне қарамастан, автоөнеркәсіп әлі де Қазақстанда машина жасаудың негізгі драйвері болып қала бермек. Мәселен, 2024 жылдың қаңтар–қыркүйек аралығында автокөлік құралдарын өндіру үлесі машина жасау саласының 39,4%-ын (және еліміздің барлық өңдеу өнеркәсібінің 7%-ын) құрады.

Өңірлер арасында автомобиль жасау саласында көлік шығару көлемінің жартысынан астамы Allur («СарыАрқаАвтопром») автозауыты орналасқан Қостанай облысына ғана тиесілі болды: 633,8 млрд теңге. Сонымен қатар, ондағы автоөнеркәсіптің үлесі машина жасаудың 84,7%-ына және өңірдегі өңдеу өнеркәсібінің барлық көлемінің бірден 46,2%-ына жетті, яғни, автомобиль индустриясы — облыс экономикасының жетекші және айқындаушы драйвері. Өндіріс көлемі бойынша келесі орынға Hyundai Trans Kazakhstan және Hyundai Trans Auto автозауыттарымен Алматы қаласы жайғасты: 359 млрд теңге. Ал автоөнеркәсіптің үлесі қаладағы машина жасаудың 69,9%-ын, ал өңдеу өнеркәсібінің 29,4%-ын құрады. Қалған өңірлерге автомобильдер, тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісінің жалпы көлемінің 17,3%-ы тиесілі: 208,3 млрд теңге.

Қытай автокөліктерін өндіретін зауыттар іске қосылмақ

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, шетелдік және отандық инвесторлар ел аумағында жаңа зауыттарды салып жатыр. «Changan, Haval, Chery автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Бұл зауытта CKD әдісімен жылына 90 мың автокөлік шығарылады. Сонымен қатар құны 200 млн доллар болатын KIA автомобиль зауытының құрылысы жүргізіліп жатыр. Онда 150 млн доллардың Geely, Exeed, КAIYI жеңіл автомобильдерінің өндірісі пысықталып жатыр», - деді Шарлапаев. Қазір Қазақстанда автомобиль шығаратын бірнеше зауыт салынып жатыр. өндіріс орындары іске қосылған соң жаңа автокөліктер саны да өседі. Сол кезде басқа тетіктерді іске қосуға немесе жеңілдетілген автонесие бағдарламасын қайта жандандыруға тура келмек.

Қытай автокөліктері Орталық Азияға Қазақстан арқылы жеткізіле бастағанын да айта кеткеніміз жөн. Автокөліктер тиелген алғашқы жүк пойызы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының орталығы Үрімжіден жолға аттанды. Ол «Қорғас» және «Алтынкөл» шекара бекеттері арқылы өтіп, көліктерді Алматыға жеткізеді. Құрамға құны 27 миллион юаньнан асатын (шамамен 3,8 миллион доллар тұратын) 261 жеңіл автокөлік тиелген. Жыл соңына дейін Қытайдан ОА елдеріне 15 мыңнан астам автокөлікті тасымалдау жоспарлануда. 2024 жылдың басынан бері Қорғас пен Алашаңқай арқылы 83 781 көлік тасымалданған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9 пайызға артық. Сарапшылар автомобиль жеткізілімдерінің өсуі Орталық Азия елдерінде қытайлық автокөліктерге сұраныстың артуына байланысты екенін айтады.

Қытайлықтар көш бастап тұр

OICA автокөлік өндірушілерінің халықаралық ұйымында автокөлік құрастыратын, өндіретін немесе сататын 50-ден астам ел бар. Оның ішінде тек 15 ел ғана нөлден бастап түпнұсқалық өндірістегі көліктерді жасай алады. Олардың қатарында көршіміз Қытай да бар. Қытай демекші, бүгінде аспан асты елі көлік өндірісімен әлемді жаулап келеді. Қытайдың автоөнеркәсібі орасан зор секіріс жасады: егер 1985 жылы ел небәрі 5,2 мың жеңіл автокөлік шығарса, ал 1992 жылы өндіріс алғаш рет миллион автокөліктен асып, 2000 жылдардың аяғында Қытай әлемдік автоөндірісте бірінші орынды иеленді. Оның үстіне өткен ғасырда Қытай автокөлік өнеркәсібінің міндеті саланың қалыптасуы болса, осы ғасырда 2012 жылдан бастап «таза» автокөліктерге, электрокөліктерге көшті. 2030 жылға қарай іштен жану қозғалтқыштары (ІЖҚ) бар автокөліктерге тыйым салуды жоспарлап отыр. 2023 жылдың қарашасында Қытайда 2,9 млн жеңіл автокөлік сатылды, оның 1 млн-нан астамы немесе 35,1%-ы электрокөлік. Айтпақшы, әлемдік электрокөлік нарығының 35%-ын қытайлық BYD бренді алып жатыр.

Қазірдің өзінде елімізде іргеміздегі көршіміз шығарған көліктер көшеде көптеп кездеседі. 75 жыл ішінде ҚХР өзінің көлік саласын дамытуда үлкен серпіліс жасады. Ел жол инфрақұрылымын түбегейлі өзгертіп қана қоймай, жаңа пойыздар, кемелер мен машиналар жасады. Статистика көрсеткендей, 2013 жыл көліктер өндірісі мен сатылымы статистикалық жүйеге енгізілген алғашқы жыл болды. 2018 жылға қарай жылдық өнім бір миллион данаға жетті, ал 2022 жылға қарай жылдық өнім 5 миллионға жеткен. Жыл бітуге әлі бір жарым ай бар болсада биылғы өндірілген жаңа энергетикалық көліктер саны 10 миллион бірліктен асып түсті. Мамандар бұл сан жыл соңына дейін 12 миллион көліктен асады деп болжап отыр.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, соңғы он жыл ішінде елде ұлттық стратегиялардың басшылығымен жүзге жуық ынталандырушы саясат енгізіліп, өнім технологиялары үздіксіз жаңартылды және инфрақұрылымдық қолдау барған сайын жақсартылды. Соның арқасында Қытайдың жаңа энергетикалық көлік өнеркәсібі алға жылжып, нарықтандырудан индустрияландыруға, ауқымдылыққа және жаһандануға дейін және одан да жоғары деңгейге жетуді жалғастыруда.

Көлік желісінің ұзындығы 6 млн шақырымнан асатын Қытайда бүгінде 440 млн көлік бар, оның 345 млн-ы жеңіл автомобильдер. өткен жылдың қорытындысы бойынша көлік инфрақұрылымына салынған инвестициялардың күнделікті көлемі 10,7 млрд юаньды құраған. Бұл Қытай үшін жаңа рекорд. Қытайда азаматтардың 90 пайызы қоғамдық көлікпен қамтамасыз етілген. Қоғамдық көлік желісі қала тұрғындарының 90%-ына қызмет көрсетеді. Бұл АҚШ, Австралия және Африканың ірі қалаларына қарағанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Фуцзянь провинциясының Фучжоу қаласында ол тіпті 99%-ға жетеді. Аталмыш нәтижелер 25 қыркүйекте Тұрақты даму үшін үлкен деректердің халықаралық зерттеу орталығының (CBAS) баяндамасында жарияланды. Оның құрамына 1 миллионнан астам халқы бар қалалар кіреді, оның ішінде 337-сі Қытайдағы шаһарлар. Салыстырмалы түрде қарасақ, Шығыс Азия мен Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш сәйкесінше 64% және 71%-ға тең. Бұл ретте АҚШ қалаларының көпшілігінде қоғамдық көлікке ыңғайлы қолжетімді тұрғындардың үлесі 20-40%-ды ғана құрайды. Мәселен Нью-Йоркте – 38%-дан төмен.

Сонымен қатар Қытайдың негізгі жаңа энергетикалық көлік (NEV) өндірушілері қыркүйек айында ай сайынғы жеткізу рекордтарын орнатты. Тіпті мамыр айының соңында елде 9,92 млн электромобильді зарядтау станциясы орнатып, осылайша ҚХР әлемдегі ең ірі заряд желісін құрды. Ең ірі өндіруші BYD 419,5 мың көлік сатқан. Жылдық мәнде өсім 46%-ға тең, ал айлық көрсеткіш бойынша бұл жаңа рекорд. Li Auto қыркүйекте 53,7 мың жаңа көлік жеткізген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 49%-ға артық. Nio 21,2 мың автомобиль шығарды немесе 2023 жылмен салыстырғанда тапсырысты 35%-ға артық орындады деген сөз. Автокөлік саласындағы жаңадан келген Xiaomi болса, төртінші ай қатарынан 10 000-нан астам көлік жеткізілгенін хабарлады. Иә, қытай нарығының жартысынан көбі — электромобиль мен гибрид. Қыркүйектің қорытындысы бойынша жаңа энергиямен жүретін автомобиль (электрокар, гибрид, NEV) Қытай автонарығының 52%-ын иеленген. Бұл типтегі машина саудасы ішкі нарықта жаңа деңгейге жетіп, экспорт көлемі де артып келеді. Қытай автоөндірісінде Chery, SAIC және Geely өнімдері экспортқа ең көп шығады, ал нарық көшбасшысы BYD концерні болды. Қытайда қыркүйекте 1176000 экземпляр NEV көлік өтті, бұған экспортқа шыққан машинаны қосқанда жалпы көрсеткіш 1287000 болады. Бір жылдағы өсім 42%-дан асты. Бір айда 511 мың гибрид иесін тапты, бұл былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда 84% артық. Ал электромобиль саудасының өсімі 24% болды. Қытай маркалары өткен айда шетелге 22 мың дана PHEV жеткізді, бірақ бұл былтырғы нәтижеден 90% көп. 2024 жылдың үш тоқсанында Қытай компаниялары экспортқа 4,3 млн машина шығарды. Қыркүйекте бұл көрсеткіш бойынша Chery, SAIC және Geely көш бастап тұр, бірақ биылғы жалпы нәтижені есептесек Changan үздік үштікке енеді. Қыркүйекте BYD алғаш рет SAIC-ті бірінші орыннан ығыстырып, Қытайдың ең ірі автоөндірушісі атанды. Бұған дейін Қытай БАҚ-ы SAIC-тің көшбасшылығына күмән келтірген, өйткені компанияның Volkswagen, GM сияқты көптеген шетелдік серіктесі бар, бірлескен кәсіпорында шыққан машина саудасы жалпы статистикаға қосылады.

Қытай автомобиль өндірушілері қауымдастығының хабарлауынша, Қытайдың жаңа энергетикалық көліктердің жылдық өндірісі алғаш рет 10 миллион бірліктен асты. Болашақта Қытайдың жаңа энергетикалық көлік өнеркәсібі кванттық секіріске қол жеткізіп қана қоймай, сонымен қатар сапа саласындағы серпілістерді жалғастырып, Қытайдың жаһандық жаңа энергетикалық өнеркәсібіне үлкен күш-қуат қоспақ.

Автокөлік өнеркәсібі әлемдік ІЖӨ-нің шамамен 3%-ын құрайды

Жалпы Толық 2022 жылдың қорытындысы бойынша, әлемде барлық түрдегі автокөлік өндірісі 85 млн данаға жетті, оның 61,6 млн-ы жеңіл көліктер болды. Автокөлік өнеркәсібінің жылдық өсімі 6,1%-ға жетті. Жалпы, 2020 жылғы коронадағдарыстың соққысынан кейін өндіріс бір жылда 16% қысқарып, артынша бір жылдан кейін 2021 жылы 3,3% өсті. Сондықтан әлемдік автокөлік өнеркәсібінің ауқымы біртіндеп қалпына келеді. Автокөлік өнеркәсібі — әлемдегі ең ірі өңдеуші салалардың бірі. Жоғарыда айтылғандай, жыл сайын 60 млн-нан астам жеңіл автокөлік шығарылады, бұл әлемдік мұнай тұтынудың шамамен 50%-ын құрайды. Салада 4 млн-нан астам адам жұмыс істейді, бұл ретте дамуы автокөлік өнеркәсібіне жанама түрде тәуелді кәсіпорындарды есепке алынбайды. Жаһандық экономиканың дамуы автокөлік өнеркәсібіне байланысты, ол интеграцияланған салалардың кең спектрін қамтиды. Автокөлік өнеркәсібі әлемдік ІЖӨ-нің шамамен 3%-ын құрайды, бұл көрсеткіш Қытай және Үндістан сияқты дамып келе жатқан нарықтарда жоғарырақ, мұнда автокөлік өнеркәсібі ІЖӨ-нің тиісінше 10% және 7%-ын құрайды. Ал Еуропалық Одақтың ІЖӨ-нің 7%-дан астамы автокөлік өнеркәсібіне тиесілі.

Иә, іргедегі көршілеріміз өркениетке құлаш сермеп, ұшатын көліктер шығарып жатқанда қарапайым жұмысшыларға зәру болып отырғандығымыз елдігімізге сын. Кешегі Абылай ханнан қалған өсиет әлі де өзектілігін жоймақ емес: «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік».

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға