Жаңалықтар

Елімізде әскери міндеттілер арнайы жиындарға шақырылады

Елімізде әскери міндеттілер арнайы жиындарға шақырылады
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі 27.01.2025 19:10 355

Қорғаныс министрлігі "Әскери міндеттілерді 2025 жылы әскери жиындарға шақыру туралы" министрдің бұйрығының жобасын жариялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараларды әскери басқару органдары мен уәкілетті мемлекеттік органдар жүргізеді.

Әскери жиындардың негізгі мақсаты - бейбіт уақытта қысқартылған санда ұсталатын әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын арттыру, жұмылдыру кезінде ҚР Қарулы күштерін, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарын орналастыру үшін қажетті әскери-оқытылған ресурстарды дайындау және запаста жинақтау. Әскери жиындар жыл сайын 30 күнге дейін өткізіледі. Осы кезеңде әскери міндеттілердің жұмыс орны мен лауазымы сақталады, оларға орташа жалақы төленеді. Жұмыс істемейтіндер ең төменгі жалақыны мемлекет есебінен алады, - деп жазылған министрліктің ақпаратында. 

Әскери міндеттілерді жиындарға және кері тасымалдау теміржол немесе автомобиль көлігімен жүргізіледі. Азық-түлік Қорғаныс министрлігінің қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа, әскери жиындарға шақырылған барлық әскери міндеттілер әскери міндеттілердің тиісті санаттары үшін белгіленген нормалар бойынша заттай мүлікпен және қызметтегі әскери қызметшілермен тең дәрежеде ұйымдастырылатын медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі.

Жиынға шақырылған әскери міндеттілер казармада тұрады. Оларды бөлімнің орналасқан жерінен босатуды ішкі қызмет жарғысында белгіленген тәртіппен жиын бастықтары жүргізбек. 

Сондай-ақ, әскери тәртіп пен қоғамдық тәртіпті бұзғаны, қылмыс жасағаны, сондай-ақ мемлекетке келтірілген материалдық залал үшін әскери міндеттілер Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға