Елімізде «Әншуақ» балалар әндерінің фестивалі өтеді
Елімізде алғаш рет Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Әншуақ» балалар әндерінің фестивалі өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл өскелең ұрпақтың мәдени өміріндегі ерекше оқиға. Оның басты мақсаты – халқымыздың ұлттық ерекшелігі мен рухани мәдениетін дәріптеу.
Фестиваль аясында 1 ақпаннан бастап еліміздің түкпір-түкпірінде балалар әндерінің челленджі басталады. Оған 6 жастан 18 жасқа дейінгі кез-келген бала қатыса алады. Ол үшін TikTok әлеуметтік желісінде #ӘНШУАҚ ортақ хэштегінің астына балалар әнінің жанды орындалған бейнесін жүктеу қажет. Қорытындысы 1 маусымда Халықаралық балаларды қорғау күнінде шығарылады, - делінген мәліметте.
Сондай-ақ осы күні еліміздің әрбір елді мекенінде Open Air форматында концерттер өтеді. Ал елорданың өзінде «Әншуақ» фестивалінің гала-концерті өтеді.
Фестивальдің ерекшелігі – бұл еліміздің рухани байлығын паш ететін, ең бастысы, өскелең ұрпақтың бойында «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» тұжырымдамасына енгізілген дәстүрлі тарихи, рухани, мәдени құндылықтар негізінде тұрақты адамгершілік қасиеттерді дәріптеуге бағытталған. Фестиваль елімізге деген мақтаныш сезімін оятуға септігін тигізеді деген сенімдеміз, - деп атап өтті Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова.
Айта кету керек, ең танымал әндерді орындаушылар өңір әкімдерінің республикалық гала-концертіне жолдамаларын алады. Ал оған қатысушылар дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталып, «Балдәурен» РОО-ға жолдама алады.