Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
ҚР Тұрақты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру мониторингі жөніндегі парламенттік комиссияның отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният тұрақты даму мақсаттары көрсеткіштерінің ұлттық тізбесінің индикаторларына сәйкес халықтың денсаулығын нығайту жөніндегі шаралар туралы айтты.
"Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және бағдарламалық құжаттарды іске асыру шеңберінде өткен жылдың қорытындысы бойынша ҚР-да жалпы өлім 2021 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 29%-ға төмендеді. Қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім 32,7%-ға, обырдан-7,9%-ға, жарақаттан-5,3-ға төмендеді. Ана өлімінің – 3 еседен астам айтарлықтай төмендеуі байқалады. 2022 жылы нәресте өлімінің деңгейі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,6%-ға төмендеді", - деп атап өтті ведомствоның басшысы өз сөзінде.
Халықтың денсаулық көрсеткіштеріндегі оң өзгерістер халықтың орташа өмір сүру ұзақтығының 74,44 жасқа дейін өсуіне әсер етті, 2021 жылмен салыстырғанда 4,21 жасқа өсті.
Ана мен баланың денсаулығын сақтауға қатысты ТДМ-ның бірінші басым бағыты бойынша оң үрдіс сақталады, деп хабарлады министр. Білікті медицина қызметкерлері қабылдаған босандыру үлесі 99,7%-ды құрайды. 2022 жылы неонаталдық өлімнің деңгейі, яғни 1 айға дейінгі нәресте өлімі 2021 жылмен салыстырғанда 11%-ға төмендеді. Ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш өткен жылдың ұқсас кезеңінің мәнімен салыстырғанда 11,9%-ға төмендеді. 5 жасқа дейінгі балалардың өлім деңгейі 2%-ға төмендеді.
Сондай-ақ, ана мен баланың денсаулығын жақсарту үшін елімізде алғаш рет ұрықты сақтаудың 20 орталығы ұйымдастырылды, пренаталдық диагностика бойынша 250-ден астам ультрадыбыстық мамандар оқытылды. Осы шаралардың нәтижесінде жүкті әйелдерді 12 аптаға дейін ерте қамту 90%-ды құрады, пренаталдық ультрадыбыстық скринингпен қамту 5%-ға, биохимиялық скринингпен қамту 10%-ға ұлғайды.
Сонымен қатар, тиімді перинаталдық технологияларды енгізудің, жаңа туған нәрестелердің реанимациясын дамытудың арқасында дене салмағы өте төмен балалардың өмір сүру деңгейі 4 есеге артты;
қызметті одан әрі дамыту жолдары қазіргі уақытта мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұрған Қазақстан Республикасында ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасында көрсетілгенін атап өткен жөн. Инфекциялық емес аурулардан мезгілсіз өлімді төмендету бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.
Бұл ретте 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда жүрек-қан тамырлары ауруларынан, обырдан, қант диабетінен, созылмалы респираторлық аурулардан болатын өлімнің 6%-ға төмендеуіне қол жеткізілді. Бұл көрсеткіштердің төмендеуіне
2022-2023 жылдарға арналған қанайналым жүйесінің аурулары кезінде медициналық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі жол картасы бойынша іске асырылатын іс-шаралар ықпал етті. Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша пациенттерге шұғыл мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін 79 инсульт орталығы жұмыс істейді (50 – бірінші деңгей, 29 – екінші деңгей). Ағымдағы жылдың 8 айында осы орталықтармен 30 мыңнан астам адам емделді, бұл 2022 жылдың мәнінен 7%-ға артық.
Жедел коронарлық синдром және миокард инфарктісі кезінде 44 коронарлық араласу орталығы (24 екінші деңгей және 20 үшінші деңгей) медициналық көмек көрсетеді. Ағымдағы жылы коронарлық орталықтарда 26 мыңнан астам пациент емделді, бұл 2022 жылдың ұқсас кезеңінің мәнінен 53%-ға жоғары. Алдағы үш жылда 6 инсульт орталығы мен 4 коронарлық араласу орталығын ашу жоспарлануда.
Инфекциялық емес аурулармен неғұрлым тиімді күресу мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілді, оны іске асыру бізге онкологиялық қызметті кешенді жаңғыртуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғалары салдарынан өлім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3%-ға төмендеді, бұл ТДМ-ның үшінші нысаналы индикаторы болып табылады.
"Елімізде жол-көлік оқиғалары салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің санын азайту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте 2022 жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғалары салдарынан өлім 15%-ға артты. Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3%-ға төмендеді, - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Министрдің айтуынша, жол-көлік оқиғаларынан кейінгі зардаптарды азайту үшін медицина саласындағы тиісті қадамдар көзделген. Бұл тұрғыда республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың жанында орналасқан ауданаралық орталық ауруханалардың құрамында 28 травматологиялық бөлімше жұмыс істейді.
"Бұдан басқа, төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымында республикалық маңызы бар жолдардың авариялық-қауіпті учаскелерінде 40 медициналық-құтқару пункті жұмыс істейді. Жалпы 2022-2023 жылдарға арналған жаралыларға медициналық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі жол картасы іске асырылуда. Бұл ретте жол-көлік оқиғаларының салдарын одан әрі азайту мақсатында мүдделі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ведомствоаралық жұмысы қажет", - деп толықтырды министр.
Ұлттық индикаторлар тізбесінде қаржылық қауіптерден қорғау, бүкіл халық үшін сапалы негізгі медициналық-санитариялық қызметтерге, дәрілік заттар мен вакциналарға қол жеткізу көрсетілген.
Мұнда МӘМС енгізудің арқасында үй шаруашылықтарының денсаулық сақтауға жұмсайтын жалпы шығыстары 37,8%-дан 31,1% -ға дейін төмендеді.
2023 жылы медициналық қызметтерді қаржыландыру 2,5 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды (ТМККК шеңберінде-1,4 трлн. теңге, МӘМС шеңберінде-1,1 трлн. теңге). Нәтижесінде стационарлық және амбулаториялық-емханалық көмекті қаржыландыру көлемі едәуір артты.
Парламенттік комиссия отырысы барысында ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі, доктор Скендер Сыла атап өткендей, ел ДДҰ-ның өңірлік және жаһандық деңгейде медициналық-санитариялық алғашқы көмектің мықты жүйелерін ілгерілетуде белсенді әріптесі болып қала береді.
Ол Қазақстан ана өлімінің, бес жасқа дейінгі балалар өлімінің және жаңа туған нәрестелер өлімінің деңгейін төмендету жөніндегі жаһандық мақсаттарға қол жеткізгенін, сондай-ақ жалпы өлімді төмендетудегі айтарлықтай оң серпінге қол жеткізгенін атап өтті.
Темекі мен никотинді тұтынуға қарсы күрес бойынша Қазақстан қабылдап жатқан шаралар ДДҰ-ның Еуропалық өңірі үшін үлгі болып табылады. Темекі мен никотинсіз ортаны ілгерілетудегі шешуші қадамдар және денсаулыққа байланысты салықтарды енгізу қоғамдық денсаулықты сақтау үшін өте маңызды, деп қосты доктор Сыла.
Алайда, оның айтуынша, қаржылық қауіптерден қорғауды қоса алғанда, денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға бірдей қамтуды қамтамасыз етуге қосымша назар аудару керек.
"Қазақстан ДДҰ-ның Еуропалық өңіріндегі ЖІӨ-нің пайызымен денсаулық сақтауға жұмсалатын ағымдағы шығыстары ең төмен елдердің қатарында қалып отыр. Денсаулық сақтаудың салыстырмалы түрде жоғары жеке шығындарымен бірге бұл осал халық үшін қауіпті арттырады", - деді ДДҰ өкілі.
Парламенттік комиссия алдындағы сөзін аяқтай отырып, министр азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсарту үшін мүдделі орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейтуге шақырды.