Жаңалықтар

Елімізде Әлкей Марғұлан туралы деректі фильм түсіріліп жатыр

Елімізде Әлкей Марғұлан туралы деректі фильм түсіріліп жатыр
Фото: e-history.kz 26.07.2024 11:00 588

Әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы әрі қазақ археологиясының негізін салған Әлкей Марғұланның 120 жылдығына орай «Біздің заманымызға дейін» деректі фильмі түсірілуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жоба режиссері және сценарий авторы – Сапар Әуелбек. Режиссердің бас кеңесшілері: Әлкей Марғұланның қызы, ғалым Дәнел Марғұлан мен Әлкей Марғұланның шәкірті, тарихшы, археолог Жұман Смаиловтың туындыны дайындауға сіңіріп жатқан еңбегі зор екенін атап өту керек.

Елімізде Әлкей Марғұлан туралы деректі фильм түсіріліп жатыр

Сурет: жеке мұрағат

Киноның басты мақсаты – ертеден қалыптасып келе жатқан дала мәдениетінің бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқанын көрсету. Оның басты тақырыптары – Шоқан Уәлиханов, Ер Едіге, Беғазы қорымы және Қозы Көрпеш-Баян Сұлу кесенесі. Бұл тақырыптардың әрбірі құпияға толы деуге толық негіз бар.

«Біздің заманымызға дейін» фильмінің режиссері және сценарий авторы Сапар Әуелбек Әлкей Марғұлан туралы деректі фильм түсіретінін бұрыннан білген.

2023 жылы маған Әлкей Марғұланның шөбересі Едіге хабарласып, бір ұсыныс тастады. Археолог туралы ғалымдардан, туыстарынан, таныстарынан сұхбат алғанша, жолға шығып, оның зерттеген, көрген жерлерін түсіруді ұсындым. Едіге мені бірден қолдады. Осылайша, биыл түсілірімді бастап кеттік,- деді ол.

Сапар Әуелбек мемлекеттік арналардағы деректі кинолардан алыстап, басқа классикалық деректі фильмдерді көрсету және қосымша ретінде YouTube желісіндегі өзгеше форматты қолдануды мақсат етіп отыр. Сценарист Travel блогерлердің әдісін алып, киноларды олардың үлгісімен көрсеткісі келеді.

Фильмді көрерменге қызықты етіп жеткізу біз үшін өте маңызды. Алдағы уақытта жұмыстың нақты нәтижесін халық өзі береді, - деді режиссер.

Елімізде Әлкей Марғұлан туралы деректі фильм түсіріліп жатыр

Елімізде Әлкей Марғұлан туралы деректі фильм түсіріліп жатыр

Елімізде Әлкей Марғұлан туралы деректі фильм түсіріліп жатыр

Суреттер: жеке мұрағат

Түсірілімнің негізгі бөлігі Қазақстанның бірнеше өңірін қамтиды. Кинотоп Әлкей Марғұланның шығармашылығын зерттеп, оның аяғы басқан жерлерге барады. Елді аралап, халық ауызында қалған тарих, дәстүр, әңгімелерді жинайды. Атап айтқанда, Алматыдан бастап, Қарағанды, Ұлытау аймақтарын зерттеп, Баянауыл, Жасыбайды жағалап, кейін Семей, Аягөз, Талдықорған маңайындағы ескерткіштерге соғып, еліміздің оңтүстігіндегі Бетпақдаладан асып, Сарайшыққа дейін жол жалғайды. Қазақстан бойынша 15 000 км-ден астам жерді жүріп өтеді.

Аталмыш туынды Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығынан» қолдау тапты.

5 маусым басталған түсірілім жұмыстары 28 шілдеде аяқталады деп жоспарланған. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға