Жаңалықтар

Халықтың құқықтық сауатын арттыру үшін заңгерлер штабы құрылды

Штабтың құрамында елімізден және шетелден жиналған 7 танымал заңгер бар.
Халықтың құқықтық сауатын арттыру үшін заңгерлер штабы құрылды
Фото: Ажар Лаубаева 27.09.2022 14:54 1512

Астанада «Қазақстан заңгерлер одағы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің кеңесінде «Адал сайлау үшін» заңгерлер штабының алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz.

Штаб елімізден және шетелден жиналған 7 танымал заңгерден құралған. Оны құрудағы басты мақсат – сайлаудың өту барысында Конституциялық реформа ережелері мен құқықтық қолдану тәжірибесін заң қоғамдастығымен құқықтық сүйемелдеу, кезектен тыс Президент сайлауы туралы негізгі ережелерді түсіндіру.

Отырыста «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы Серік Ақылбай штабтың құрудың маңызы жайлы айтты.

«Заңға кейіннен енгізілген өзгерістерді барлығының білуі мүмкін емес. Президенттің «Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан» деген тезисі бар. Заңның үстемдігі болуы үшін әр қазақстандық өзінің құқығы мен Конституциялық міндетін білуі қажет. Онсыз әділетті Қазақстан мен заңның үстемдігін құру мүмкін емес. Сондықтан біз өз еркімізбен осындай штабты құрып, барлық заңгерлерге үндеу жасап, халыққа Қазақстан Республикасы Президенті сайлауы туралы Конституциялық заңын түсіндеру керек деп есептейміз», - деді Серік Ақылбай.

Сондай-ақ отырыста жергілікті жерлерде өтетін сайлау жұмыстарына қатысушыларды қабылдау, олардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілетіні жайлы айтылды.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға