Елімізде 800-ге жуық оқытушы біліктілікті арттыру курстарынан өтеді
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Оқу-ағарту министрлігі еліміздің барлық өңірі бойынша 2023-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамытудың Жол картасын әзірлеуде. Ол білім беру саласындағы мәселелерді нақты шешуге және оны одан әрі дамытуға бағытталған. Алғашқы құжатқа Астана қаласының әкімдігі қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекке білім саласын дамытуға ерекше көңіл бөлгені үшін алғысын білдірді.
Астана қаласы әкімдігінің жоспары бойынша елордада толық күндік топтары бар балабақшалар ашылады. Кезекте тұрғандардың көптігіне байланысты 39 мыңға жуық орынға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру, 2200 орынға арналған 22 шағын орталық ашу жоспарлануда.
«Мектеп құрылысына ерекше көңіл бөлеміз. Биылғы жылы 24 жайлы мектепті жобалау басталды. Жаңа үлгідегі мектептер екі ауысымда 90 мыңға жуық оқушы қабылдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа оқу жылында 13 мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Аталған шаралар үш ауысымды және тығыз мектептер санын азайтады», - деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Ғани Бейсембаев білім сапасын арттыруға ғана емес, сонымен қатар балалардың қауіпсіздігіне және білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын азайтуға баса назар аударды.
«Тегін техникалық және кәсіптік біліммен 100% қамтуды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тапсырысты 2026 жылға дейін 15,5 мың орынға дейін арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ 6950 маман кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша оқып, 100% жұмысқа орналастырылады. Колледж студенттерінің стипендиясын 50% - ға арттыру бойынша шаралар қабылдануда», - деп атап өтті Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
800-ге жуық оқытушы біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Келесі жылы барлық елорда мектептері білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингіне (ББЖМ) және PISA-ның жыл сайынғы зерттеуіне қатысады. Оның қорытындысы аясында білім беру сапасын арттыру бойынша нақты ұсынымдар беріледі.
Бүгінгі таңда Министрлік оқушыларды тамақтандырудың Ұлттық бағдарламасының жобасын әзірлеуде. Астана мектептерінде тамақтандыруды ұйымдастыру үшін «Цифрлық мектеп асханасы» пилоттық жобасын енгізу ұсынылады.
Жол картасына мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта білім беруді дамыту, білім беру сапасын бағалау, инклюзивті білім беру, балалардың құқықтарын қорғау, қосымша білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру жөніндегі іс-шаралар, сондай-ақ білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар енгізілді.