Елімізде 80 мыңнан астам кәсіпкер тауарды интернет арқылы сатады
1 шілдеден бастап интернет-сауда бөлігіне қатысты пилоттық жоба іске асырылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәлінов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Осы жоба шеңберінде сауда-интернет алаңдары сату туралы деректерді Мемлекеттік кірістер комитетіне, ал комитет өз кезегінде барлық интернет алаңдардан деректерді жинап, кәсіпкерлерге қызмет көрсететін әріптес-банктерге береді.
Алынған деректер негізінде банк ай сайын салық сомасын есептейді және клиентке төлеу үшін пуш-хабарлама жібереді. Ал салық кезеңінің қорытындысы бойынша салық декларациясын толтырады. Бұл, біріншіден, кезең ішінде салық сомасын бөліп төлеуге мүмкіндік береді, екіншіден, салық есептілігін тапсыруды жеңілдетеді, - деді комитет төрағасы.
Ол бүгінгі таңда елімізде 80 мыңнан астам кәсіпкер тауарларды интернет-алаңдар арқылы сататынын айтты.
Сондай-ақ пилоттық жобаға қатысу ерікті екенін атап өтті.