Елімізде 55 электр станциясының жай-күйі зерттелді
Бұл туралы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов өткен жылы ЖЭС жүйесінде бірқатар ауытқу болғанын атап өтті.
Осыған орай Үкіметтен электр станцияларының техникалық жай-күйіне байланысты тапсырма келген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2022 жылдан бастап KPMG бастаған халықаралық сарапшылар тобы Дүниежүзілік банктің қолдауымен еліміздің электр станцияларына ауқымды техникалық аудит жүргізу бойынша жұмыс бастады, – дейді вице-министр.
Соның аясында барлығы 55 электр станциясы зерттелгенін айтты. Жаңартылған бағдарламаның маңызды бөлігі кәсіпорындар тарапынан қолданыстағы қолдау тетіктері мен кері міндеттемелерді күшейту болып табылады.
Бүгінгі таңда министрлік станцияның берілген өтінімдерін қарастырып, 47 энергия өндіруші ұйымның 27-сі үшін электр энергиясының шекті тарифтерін түзетті. Олардың тарифтерінің орташа өсуі шамамен 24 пайызға дейін жетті, – деді Нұрмағанбетов.
Сондай-ақ министр инвестицияларды қайтару лимитіне министрлік тарапынан тиісті заңнамалық өзгеріс жасап, 428 миллиардқа дейін көтергендерін жеткізді.
Инвестицияларды қайтару лимитін ұлғайту жұмыс істеп тұрған станцияларды жаңғырту және кеңейту, реконструкциялау жөніндегі жобалар пулын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Техникалық аудит қорытындылары мен әзірленген іс-шаралар жоспарын ескере отырып, тозудың ең жоғары деңгейі бар станцияларға басымдық берілетін болады, – деді ол.
Бұдан өзге электр қуатын алып жүруге дайындықты қолдауға шекті тарифті 590 мың теңгеден айына 1,5 млн теңгеге ұлғайту жоспарланып отырғанын тілге тиек етті.
Бұл шара бүгінгі жағдайды біршама жақсартуға мүмкіндік береді. Одан басқа «Инвестицияларға айырбастау тарифі» саясаты шеңберінде министрлік меншік иелеріне тиісті міндет қойып отыр. Мұның аясында алынған негізгі өндіруші жабдықтың тозу дәрежесін төмендету, шартты отынның үлестік шығыстарын төмендету, экологиялық көрсеткіштерді жақсарту деген сияқты нәтижеге жеткізеді деп сенеміз, – дейді энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов.
Ал 1 шілдеден бастап бұл бағытта көптеген заңнамалық өзгеріс іске аспақ.