Жаңалықтар

Елімізде 4 жарым мыңнан астам мұғалім тапшы

Елімізде 4 жарым мыңнан астам мұғалім тапшы
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 11.08.2023 21:17 1091

Қазақстанда 4 жарым мыңнан астам мұғалім тапшы, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов ата-аналардың жалпыұлттық форумында мәлім етті. 

Бүгін елордада «Өзіңді тап – өзегіңе орал» атты дәстүрлі жалпыұлттық ата-аналар форумы өтті. Алқалы басқосуға 700-ден астам ата-ана, мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал ғалымдар мен педагогтер және психологтар қатысты.

Жиында ұрпақ тәрбиесі мен бала құқықтарын сақтау және қоғамдағы отбасы құндылықтарын дәріптеуге байланысты маңызды мәселелер талқыланды.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов өз сөзінде елімізде педагог кадрларының тапшылығы туралы айтты.

Бүгінде елімізде 4 жарым мыңнан астам мұғалім тапшы. Мәселен, бір ғана елорданың өзінде жыл сайын мыңға жуық педагогке зәрулік туындайды. Қазіргі күнде Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Ғылым және жоғары білім министрлігі Астанада жаңа педагогикалық жоғары оқу орнын ашу бойынша жұмыс істеуде, - деп атап өтті вице-министр.

Талғат Ешенқұловтың айтуынша, қоғамда педагог мәртебесінің көтерілуіне байланысты Үкімет тарапынан педагогикалық бағыттағы мамандықтарға түсу талаптарын күшейту жұмыстары жүргізілді.

Бұрын педагогикалық мамандықтарға түлектер «қалдық» қағидаты бойынша түссе, қазір дарынды жастар түсіп жатқанын байқап отырмыз. Олардың арасында «Алтын белгі» иегерлері де бар. 2021 жылдан бастап педагогикалық бағыттар бойынша талапкерлерді тарту жұмыстары күшейтілді. Оқуға түсу балы 50 ұпайдан 75 ұпайға дейін көтерілді, - деді Талғат Ешенқүлов.

Осы ретте тағы бір айта кетерлігі, жыл сайын педагогикалық бағыттағы мамандықтарға бөлінетін грант саны да артып келеді. Бұдан бөлек, соңғы бірер жылда мұғалім мамандығында оқитын студенттердің шәкіртақысы 26 186 теңгеден 67 200 теңгеге дейін артты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға