Елімізде 37 мыңнан астам профессор-оқытушы жұмыс істейді – Саясат Нұрбек
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Жоғары білім қызметкерлері күнімен құттықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің және өзімнің атымнан кәсіби мерекелеріңіз - Жоғары білім қызметкерлері күнімен Өздеріңізді шын жүректен құттықтаймыз! Биыл алғаш рет атап өтілетін бұл атаулы күн еліміздің білім беру саласының қарқынды дамуына ерекше ықпал етпек. Кәсіби мамандарымыздың қоғамдағы маңызын айқындай түспек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы баса көңіл бөліп отырған жоғары білім саласы мен ғылымды дамыту әрбіріміздің міндетіміз әрі борышымыз болып қала бермек. Жоғары білім мен ғылымды дамытуда маңызды қадамдар жасалып жатыр. Мәселен, 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту Тұжырымдамасына өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер Жоғары білім беру сапасын жақсартуға және ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыруға бағытталған, - деді Саясат Нұрбек.
Бүгінде еліміздің 120 жоғары оқу орнында 37 мыңнан астам профессор-оқытушы кәсіби даму жолында аянбай еңбек етіп келеді. Олардың ішінде 10 мыңы ғылым кандидаттары, 3 мыңға жуығы ғылым докторлары, 4 мыңы PhD докторлары.
Қабылданған тұжырымдамаға сәйкес, жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл ретте, биылдан бастап «Ұлттық қор - балаларға», жеңілдетілген несие және дифференциалды грант жобалары іске қосылды. Мәжілісте «Келешек» жинақтау жүйесіне қатысты заң қаралуда. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыс аясында кадрларды даярлау көлемі ұлғайып келеді. 2024-2025 оқу жылына 94 мыңнан астам грант бөлінді. Денсаулық сақтау жүйесі үшін резидентура бойынша мемлекеттік тапсырыс 2500 грантқа дейін ұлғайтылды. Студенттерге арналған стипендия көлемі де артты. Бакалавриат бағдарламасы бойынша – 20 пайызға, магистранттар мен докторанттар үшін – 15 пайызға өсті, - деді министр.
Тұжырымдамада көрсетілген инфрақұрылым мен цифрлық архитектураны дамыту бойынша да жұмыс жалғасуда. 2021 жылдан бастап 27 мың орындық 126 жатақхана қолданысқа берілді. Осы жылдың соңына дейін тағы 10 мың орындық 29 жатақхананы беру жоспарланған. Бүгінде 22 жатақхана студенттерге тұруға берілді.
Былтырдан бастап жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған студенттерге, сондай-ақ мүгедектігі бар студенттерімізге жатақханада тұру шығындары мемлекет тарапынан өтеледі. Су саласындағы кадрлармен қамтамасыз ету үшін «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» құрылды. Бұл бағыт бойынша Цифрлық университеттер моделі әзірленді. 2023 жылдан бастап аталмыш модель Сәтбаев және Серікбаев атындағы университеттердің базасында пилоттық режимде іске қосылды. Тұжырымдамадағы азаматтардың цифрлық құзыреттерін дамыту мақсатында 15 отандық жоғары оқу орны жасанды интеллект бойынша Google курстарын енгізуде. Жобаға Generative AI курсы аясында 12 мың студент қатысады. Ал, NVIDIA-мен ынтымақтастық аясында 12 университет DLI жобасына қатыспақ. Coursera, Huawei, Binance Kazakhstan сияқты ірі компаниялармен серіктестігімізді нығайттық. Huawei сертификацияланған курстарын ұсыну үшін 35 университетте Huawei ICT Academy құрылды. Binance Kazakhstan қолдауымен 22 университеттің 350-ге жуық оқытушысы блокчейн технологиялары бойынша оқытудан өтті, - деді Ғылым және жоғары білім министрі.
Coursera курстарының 102-сі қазақ тіліне аударылды. 2024 жылға арналған 40 мың лицензия қазақстандық студенттерге бөлінді.
Жасанды интеллект саласында 17 жоғары оқу орны «Қолданбалы жасанды интеллект», «Кибернетика және жасанды интеллект», «Компьютерлік ғылым және жасанды интеллект» секілді 15 білім беру бағдарламасын әзірледі. Тұжырымдамамызда белгіленген интернационалдандыру үдерісі де кеңеюде. Қазақстанның жоғары оқу орындарында 30 мыңға жуық шетелдік студент білім алуда. Қазіргі таңда елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізуде. Бұл филиалдар отандық, әсіресе өңірлік, жоғары білім беру саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосуда. QS әлемнің үздік университеттерінің халықаралық рейтингіне 21 қазақстандық жоғары оқу орны кірді. Times Higher Education рейтингіне 29 қазақстандық оқу орны қатысты. Бұл рейтингке 4 оқу орны енді, - деп атап өтті.
Озық кадрлық қамтамасыз ету жүйесін енгізу үшін «Мамандығым – Болашағым» жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 20 өңірде жобаны іске асыру бойынша өңірлік жол карталары бекітілді. 5 облыс бойынша өңірлік карта дайын, ал 4 өңірде әзірлеу жұмыстары жалғасуда.
Тұжырымдамадағы үздіксіз білім беру және сертификация жүйесі бағыттары бойынша «Кәсіби біліктіліктер туралы» Заң аясында «микробіліктілік», «нано-дәрежелер» және «қосымша дәрежелер» ұғымдары қарастырылған.
Университеттер нақты сектордағы компаниялармен әріптестік аясында қысқа мерзімді курстар спектрін кеңейтуде. Сонымен қатар, «Күміс» университеттерінің ашылуы тек кәсіби дамуға ғана емес, сондай-ақ жаңа достар табуға, әлеуметтік байланыстарды нығайтуға және белсенді өмір сүруге маңызды үлес қосады. Университеттердің үшінші миссиясы бойынша да маңызды жұмыстар жасалды. Студенттердің қоғамдық өмірге интеграциялау және жоғары әлеуметтік жауапкершілігі бар тұлғаны қалыптастыру мақсатында министрлік жоғары білім беру ұйымдарындағы студенттердің интегралды, соның ішінде әлеуметтік GPA көрсеткішін енгізу бойынша әдістемелік ұсынымдарды әзірледі. Барлық өңірлерде студенттік омбудсмендеріміз бар. Олар студенттермен тығыз жұмыс істейді. Сұраныстарына жауап береді. Мәселелерін зерттейді. Министрлікпен бірлесіп шешудің жолдарын қарастырады. Әрине, жоғары білім саласының дамуы бұл межеде тоқтап қалмайды, - деп түйіндеді Саясат Нұрбек.