Елімізде 2000 адамнан тұратын әскери резерв қызметі құрылады – Ермұрат Бапи
Бүгін Мәжіліс депутаттары резервтегі қызмет туралы заң жобасын мақұлдады. Оған сәйкес 2025 жылы елде 2000 адам резервтегі әскери қызметке шақырылады. Осы ретте Мәжілісте аталған заң жобасы туралы баяндама жасаған Ермұрат Бапиден мәселенің анық-қанығын сұраған едік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Резервтегі азаматтар тұрақты әскер емес. Олар жыл көлемінде екі ай әскери оқу-жаттығудан өтіп тұрады. Сол арқылы біз әскердің санын көбейтпей, тосыннан келетін қауіп-қатер бола қалса, күш беретін сарбаздар санын жасақтаймыз. Ең бастысы, кез келген дабыл бола қалса, резервтегі сарбаз әскери орынға бармай, бірден үйінде ілулі тұрған әскери киімін кие сала өзінің бригадасына, танксіне деген сияқты бекітілген орнына барады, – дейді Ермұрат Бапи.
Оның айтуынша, резервтегі әскер қатарына әскери дайындығы бар, әскери кафедраны бітірген, әскер қатарына барып келген азаматтар ғана тартылмақ. Заң бойынша олар резервке өтер алдында денсаулығын толық тексерістен өткізуі тиіс.
Резервтегі әскерилерге қатысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актлеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжілістің екінші оқылымында мақұлданды. Жаңадан енгізілетін әскери қызметтің бұл түрі бейбіт уақытта Қарулы Күштердің санын арттырмай, қаражатты үнемдеп, қойылған міндеттерді орындайтын азаматтардың белгілі бір мөлшерін дайындауға мүмкіндік береді. Бұл заң жобасында депутаттар резервтегі әскери қызметке кіретін адамдарға қойылатын талаптарды, олардың әскери қызмет өткеру тәртібін, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттерін белгілейтін нормаларды пысықтаған.
Айта кетейік, резервтегі әскерлер арнайы оқу-жаттығудан өткенде оларға республика көлеміндегі орташа жалақы мөлшері төленеді. Сондай-ақ ондай оқу-жаттығулар екі айдан аспайды.
Артық тәптіштеуді жою мақсатында қылмыстық және қылмыстық-процестік кодекстерде әскери қызметкерлердің барлық түрін санамаламай-ақ, «әскери қызметкер» деген бірыңғай ұғымды пайдалану ұсынылады. Резервтегі әскери қызметке кіру кезінде қойылатын талаптарды, резервтегі әскери адамдардың құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ олардың резервте әскери қызмет өткеру тәртібін реттейтін нормаларды ретке келтіру және жүйелеу үшін депутаттар «Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі туралы» заңының құрылымына әскерге шақыру бойынша әскери қызметке және келісімшарт бойынша әскери қызметке ұқсастық бойынша «Резервтегі әскери қызмет» деген жаңа тарау енгізуді ұсынды, – деп қосты мәжілісмен Айдос Сарым.