Жаңалықтар

Елімізде 200 млн астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілді

Елімізде 200 млн астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілді
Фото: ОКҚ 06.10.2023 20:34 669

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

ОКҚ алаңында өткен брифинг барысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту, саланы қаржыландыруды жетілдіру, денсаулық сақтау ұйымдарының, оның ішінде ауылдық жерлердегі ұйымдардың инфрақұрылымын дамыту, МСАК және онкологиялық қызметті жаңғырту, Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде денсаулық сақтауды цифрландыруды дамыту шаралары туралы айтты.

Медициналық көмектің бастапқы буынының позицияларын күшейтудің нақты қадамдары жасалды, бұл ДДҰ ұсынған жалпы көлемнің 56%-ын құрайтын амбулаториялық деңгейдегі қаржыландыруды ұлғайту есебінен жүзеге асырылды, бұл ретте МСАК деңгейінде жылына 1 тұрғынға жан басына шаққандағы норматив 15 мың теңгеден 27 мың теңгеге дейін өсті. 

Егер медициналық көмек көлемінде есептесек, соңғы үш жылда консультациялық-диагностикалық көмектің - 7 есе, қымбат КТ қызметтерінің қолжетімділігі - 9 есе, МРТ – 6 есе өскені байқалды. Ағымдағы жылдың 6 айында 200 млн. астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша скринингтік зерттеулердің тізбесін кеңейту және олармен қамту арқылы балалар мен ауыл тұрғындары арасында ауруларды ерте анықтау күшейтілді.

Өткен жылдан бастап МСАК деңгейінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған "адамға бағдарланған" қағидат бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмектің озық практикалар жобалары белсенді түрде енгізілуде. Ағымдағы жылы бұл практикалар бүкіл ел бойынша 48 емханада жүзеге асырылуда (28 қалалық және 20 аудандық деңгейде).

Тағы бір маңызды бағыт – мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек жүйесін жетілдіру, оның 80 түрі бүгінде халыққа қолжетімді. Мұнда қан айналым жүйесі ауруларынан болатын өлімді төмендету бірінші орынға шығады.

Жыл сайын жаңа инсульт орталықтары ашылуда, қазір олардың саны 79-ға жетті, онда биыл 30 мыңнан астам адам емделді, бұл 2022 жылдың мәнінен 7 % - ға артық. 

Жедел коронарлық синдром және миокард инфарктісі кезінде 44 коронарлық араласу орталығы (24 екінші деңгей және 20 үшінші деңгей) медициналық көмек көрсетеді. 

Ағымдағы жылы коронарлық орталықтарда 26 мыңнан астам пациент емделді, бұл 2022 жылдың ұқсас кезеңінің мәнінен 53 % - ға жоғары. Министр 2025 жылға дейін тағы 6 инсульт орталығы мен 4 коронарлық араласу орталығы ашылатынын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы алға қойған фармацевтикалық өнімнің отандық өндірісінің үлесін 50 %-ға жеткізу міндеттерін орындау мақсатында қазақстандық дәрілік заттардың үлесі 2019 жылдан 2023 жылға дейін екі есе ұлғайды. Бұл осы бағыттың жоғары әлеуетін көрсетеді.

Денсаулық сақтауды цифрландыру бөлігінде де белгілі бір прогреске қол жеткізілді. Мәселен, өткен жылы eDensaulyq бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылды, медициналық ұйымдар арасында клиникалық деректермен алмасу сервисі, сондай-ақ азаматтардың дербес медициналық деректеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша "eGov mobile" - да "eDensaulyq" сервисі іске қосылды, QR-код арқылы дәрілік заттарды беру бойынша бала туған кезде жеке сәйкестендіру нөмірін автоматты түрде беру бойынша пилоттық жоба іске қосылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға