Жаңалықтар

Елімізде 11 мың шақырым жол ақылы болады

12 мың шақырым жолды салу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі
Елімізде 11 мың шақырым жол ақылы болады
Фото: gov.kz 19.10.2022 16:18 3341

Еліміздегі жолдардың жай-күйі туралы ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллиннен сұраған едік. 

–  Төлеген Тұрсынұлы жуырда «ҚазАвтоЖол» және «Қазақавтодор» біріңғай жол компаниясына біріктірілді. Бұл жұмыстың тиімділігіне қаншалықты әсер етеді?

– Иә, дұрыс айтасыз, компанияларды біріктіру бойынша тиісті қаулы қабылданды. Жалпы, штатты шамамен 100 адамға оңтайландыру жоспарлануда. Сондай-ақ, жолдарды күтіп ұстауға барлық бақылау бір жерден жүргізілетін болады. Бұл өз кезегінде оң нәтиже береді деп ойлаймыз.

Елімізде 11 мың шақырым жол ақылы болады

Биыл елімізде республикалық маңызы бар қанша жол жөнделді? Оған бюджеттен қанша қаржы бөлінді?

Ағымдағы жылы республикалық желі бойынша 7 мың шақырымнан аса жол құрылыс, реконструкция және жөндеумен қамтылған. Республикалық желіде реконструкция жұмыстарының нәтижесінде 1 мың шақырым жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 1 мың шақырым қозғалыс ашу көзделген. Бұл мақсаттарға 317,5 млрд теңге бөлінді.

Президент өз жолдауында 2025 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдардың барлығы аяқталуға тиіс деген тапсырма берді. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Бүгінгі таңда 12 мың шақырым жолды салу және қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Оның қазіргі уақытта 4 мың шақырымында құрылыс жұмыстары іске асырылып жатыр. Қалған 8 мың шақырым жолды реконструкциялау керек. Дегенмен, автожол саласының физикалық мүмкіндіктерін ескере отырып (жол-құрылыс материалдары, вагондар мен жұмыс күшінің жетіспеушілігі, битум тапшылығы) басымдық жүріп жатқан жобаларды аяқтауға берілмек. Президенттің республикалық маңызы бар жолдардың 100 пайызын нормативтік жағдайға жеткізу тапсырмасын жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы орындаймыз.

Елімізде 11 мың шақырым жол ақылы болады

Сондай-ақ, Президент 2024 жылы «Жезқазған – Қызылорда» автожолының құрылысын аяқтау туралы тапсырған болатын. Қазір жұмыстар қолға алынды ма?

– «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының ұзындығы – 427 шақырым. Қызылорда облысы бойынша Еуропалық даму және қайта құру банкімен қаржыландыру туралы шешім қабылданды. Ал Ұлытау облысы бойынша қаржыландыру Азия даму банкі арқылы іске аспақ.

Қызылорда облысы бойынша біз мердігер ұйымдармен келісімшартқа қол қойдық. Учаскені аяқтау 2025 жылға көзделген. Ағымдағы жылдың соңына дейін Ұлытау облысы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарына қайта конкурс жариялау жоспарлануда.

Тозығы жеткен қандай жолдар бар? Олар қашан жөнделеді?

– «Жезқазған-Қарағанды», «Ақтөбе-Ұлғайсын», «Жезқазған-Петропавл» және тағы басқа жолдарының 8 мың шақырымды құрайтын учаскелерде қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Соның ішінде 2 мың шақырымнан астамында автомобиль жолдарының жаңа учаскелерінің құрылысы жоспарланған. Бұл айналма жолдар, елді мекендерге кірме жолдар. Реконструкция жүргізілгенге дейін бұл жолдардың техникалық жай-күйлері келесі жылдан бастап ағымдық және орташа жөндеу жұмыстары есебінен күтіп-сақталатын болады. Осылайша жолдар нормативтік жағдайға келтірілмек.

Елімізде 11 мың шақырым жол ақылы болады

Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған қанша ақылы жол бар? Болашақта ақылы жолдар қатары тағы да көбейеді ме? Және бұл жолдарда кімдер тегін жүре алады?

– Бүгінгі таңда 2,2 мың шақырым ақылы жол бар. Оның ішінде 0,7 мың шақырымында – ашық жүйе және 1,5 мың шақырымында – жабық жүйе. Жалпы, бағдарламаға сәйкес 11 мың шақырымға ақылы жүйе енгізілуі тиіс. Қазір оларды құқық қорғау органдары тегін пайдаланады. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар абоненттік төлемді (1000 теңге) рәсімдей алады. 

Ақылы жолдан түскен қаржы қайда жұмсалады?

– Ақылы жолдардан түсетін қаражат жолдарды күтіп ұстауға, төлем алу жүйесін күтіп ұстау шараларына және бюджетке қайтаруға бағытталады. Айта кетейік, жыл басынан бері 16,5 млрд теңге жиналды.

Елімізде 11 мың шақырым жол ақылы болады

Еліміздегі жол сапасы үнемі сынға ұшырап жатады. Жол сапасы неге нашар?  

– Жолдардың техникалық жай-күйінің нашарлауының негізгі факторы – жөндеуаралық мерзімдердің сақталмауы. Күтіп ұстауға тиісті назар аудармау. Осы себептен 70-80 жылдары салынған республикалық жолдардың техникалық жай-күйі қанағаттанарлықсыз жағдайға жетті. Мәселені шешу үшін қазіргі уақытта тиісті бағдарлама бекітілді. Оған сәйкес республикалық желінің 100 пайызын, жергілікті желінің 95 пайызын нормативтік жағдайға жеткізу жоспарланған. Жалпы салынып жатқан жолдың сапасы бойынша жол құрылысының қатысушыларының жауапкершілігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Президент битум өндірісін ұлғайту қажеттілігін айтып, тапсырма берді. Бұл бағытта қандай шаралар қабылдануда? Битумның жетіспеушілігіне не себеп?

 – Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес нақты жылдық қажеттілік жылына 1,7 млн. тоннаны құрайды. Алайда, бұл қажеттілік отандық өндіріспен қамтылмайды. Себебі отандық үш зауыт, атап айтқанда, ПНХЗ, Каспи битум, Қазақ битум жылына 1 млн.тонна көлемінде битум  өндіреді.

Отандық зауыттарда битум өндіру ресурс ұстаушының («ҚазМұнайГаз» АҚ) тапсырысы бойынша жеке мұнайды қайта өңдеу жолымен жүзеге асырылады. Битум түріндегі дайын өнімді ресурс ұстаушы соңғы тұтынушыға сатады. Тиісінше, баға саясатын ресурс ұстаушы белгілейді және реттейді.

Битумды уақтылы жеткізу және бағаның өсуіне жол бермеу жөніндегі мәселені шешу мақсатында «ҚазАвтоЖол» ұлттық операторы тиісті келісімшарт жасасу арқылы битумды ресурс ұстаушыдан бірыңғай сатып алуды қамтамасыз ететін болады.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Суреттер: ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің баспасөз қызметі 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға