Бүгiн, 10:36

«Елімай»-«Қайсар» арасындағы ойын ауызашар үшін тоқтатылды

Қасиетті Рамазан айындағы жылы сәттер спортта да көрініс тауып жатыр. Өткен аптада футболдан Қазақстан премьер лигасында аясындағы кезекті ойын кезінде бас төреші ораза ұстаған спортшыларға ауыз ашып, әл жинауға мүмкіндік берді.

Жасыл алаңда кездескен семейлік «Елімай» мен қызылордалық «Қайсар» ойыншылары матчтың бас арбитрі Саят Қарабаевтың пәрменімен, 57 минутта ауызашар жоралғысын жасауға мүмкіндік алды.

Қос команданың бірқатар ойыншылары ойын тоқтатылған 2 минут ішінде су ішіп, құрма жеп, матчты ары қарай жалғастырды. Футбол жанкүйерлері бас төреші Саят Қарабаевтың осы әрекетіне риза болып, алғыстарын білдірді.  

Спорттағы мұндай әсерлі сәттер әлемдік футболда да көрініс тауып жатыр. Мысалы, Англия кубогы аясындағы Манчестер юнайтед пен Фулхэм арасындағы ойында да бас төреші тек бір ойыншы үшін матчты тоқтатып, оның діни жоралғысын жасауына мүмкіндік берген еді.

Айта кетейік, елордадағы Астана-Арена стадионында өткен Қайсар мен елімай арасындағы матч 2-0 есебімен семейліктердің пайдасына шешілді.  

Бөлісу: