Жаңалықтар

«Елге адал қызмет ету – үлкен абырой»

Полиция капитаны Марат Нұрымбетовтің ерлігі қоғам назарында
«Елге адал қызмет ету – үлкен абырой»
26.08.2020 15:26 4712

Өз басын қауіп пен қатерге тігіп, өзгелердің өмірі үшін жан аямай күресетін аңызға бергісіз ақиқаттар қазақ халқында өте көп. Сол аңыздың қазіргі замандағы өзгерген кейіпкерлері полиция қызметкерлері деп білеміз. Адамдардың қауіпсіздігін, қоғамдық тыныштық пен тәртіпті күн-түн демей күзететін полиция қызметкерлерінің ерлігін әрдайым дәріптеп, кішіге үлгі, үлкенге өнеге етіп отыру артықтық етпейді. Өйткені олар өз өмірін ең соңғы болып ойлайтын жандар. Бүгінгі біз әңгімемізге арқау еткелі отырған кейіпкеріміз батырлығымен оңтүстік өңірдің дүйім жұртының алғысына бөленген полиция капитаны Марат Рахметұлы Нұрымбетов.

Марат Нұрымбетов.jpg

Марат Рахметұлы 1990 жылы қазіргі Түркістан облысы Жетісай ауданында дүниеге келген. Бүгінде отбасылы, сүйіктісінің адал жары, сүйкімді ұл мен қызының асқар тау әкесі. Артынан ерген Мұрат Шәймерденов есімді інісі де ағасының жолын қуып ішкі істер органында қызмет істеп жүр.

Өзге өмірді құтқару үшін өлімге бас тіккен ер

Кейіпкеріміздің біз жариялағалы отырған ерлігі 2020 жылдың ақпан айында орын алған. Қыстың ызғарлы күнінде, адам өмірін құтқаруға асығып ағынды мұздай суға бас қойған Марат Нұрымбетов сол күнгі оқиғаны былай деп еске алады:

- Қаһарлы қыс мезгілі. Оқиға болған аймақ Жетісай ауданында күн түнеріп, бет қаритын суық жел соғып тұрған болатын. Шамамен, кешкі бестерге таяу ақшам уақыты еді. Өзім жұмыс істеп жүрген Түркістан облысы Жетісай аудандық полиция бөлімінің ғимаратынан сыртқа қарай шығып, қызметтік көлігіме беттеген едім. Осы бір санаулы секундтар ішінде рацияма «Достық» каналында бала суға ағып бара жатыр, дереу құтқару керек» деген дауыс естілді. Қасымдағы әріптестесіммен бірге көлік дабылын қостық та, оқиға болған аймаққа қарай зулай жөнелдік. Қызметтік көлігімізбен небәріүш минутта айтылған каналға жеттік. Жағаға жиналған бірнеше адам мен айқайлап секіріп жүрген балаларды, ал судың орта тұсында тұншығып батып бара жатқан баланың сұлбасы ғана көрінді. Қардың бәрі еріп, каналдың ішіндегі су одан сайын арнасына толған уақыт қой. Күннің ызғарында суық суға түсіп баланы құтқарып қалуға ешкімнің дәрмені жетпеген, я болмаса жүзе алмайтындар болса керек, әйтпесе, үлкені де кішісі де сонда жиналған еді. Кейбіреулері қызық көргендей ұялы телефонын алып бейнежазбаға түсіруде.

Канал жағасына жеткен бойда сырт киімімнің бәрін шешіп тастап, мұздай суық суға сүңгіп кеттім. Одан соң су шетінде жатқан шланганы қолыма мықтап қысып алып, балаға қарай бар күшіммен жүзе жөнелдім. Олай болған себебі ағыс қатты, судыңайтарлықтай тереңдігінен екеуімізді де түбіне қарай тартып кетуі мүмкін еді.Осындай жағдай бола қалса тым құрығанда баланы шлангага орап құтқарып қалайын деген ой болды.

Жасөспірім бала бір батып, бір шығып, жан ұшыра айқайлап жатыр. Бар күшіммен жүзіп, санаулы секундтың ішінде оған жеттім. Балада дәрмен қалмаған. Су жұтып қойыпты. Мен жеткенде, ол да сылқ түсті. Судың астына батып бара жатқан ұлдың денесін жұлқи тартып, бір қолыммен қапсыра құшақтаған күйі жоғарыға қарай құлаш сермедім. Осылайша баланы қармаған күйі жағаға қарай бойлап, жүзе бастадым. Кенет жағаға жақындауға бес метрдей аралық қалғанда, аяғымды қайырып алдым. Балақай болса қолымда. Батып кетеміз бе деп едім, алайда жаратқан жар болды ма, бойыма күш жиналып, қайта жүзе бастадым. Жағадан әріптестерім күтіп алды. Ендігі жерде уақытты өткізуге болмайтын еді, өйткені баланың денесі былқ-сылқ етіп, жансызданып бара жатты. Жағаға шығысымен, жедел жәрдемді күтпей, қызметтік көлікке дереу салып алып, ауруханаға қарай зуладық. Жолда келе жатып бар дәрменіммен балаға алғашқы медициналық көмек көрсетуге кірістім. Біресе жатқызып, біресе отырғызып, баланың жұтып қойған суын шығарумен әлектендім. Ес-түссіз жатқан оны жасанды жолмен демалдырып, сілкілеп, жүрегіне массаж жасадым. Оған қоса суықта тоңып қалған мұздай денесін жылытайын деп уқалап, бар білетін медициналық көмегімді көрсеттім. Әріптесім көлікті бірнеше минут ішінде емханаға жеткізді. Осыдан соң баланы ақ халатты жандардың қолына табыстадық. Сол сәтте ғана бар деммен «уһ» деп, көңілім орнына түскендей болды.

Небәрі он екі жастағы жеткіншек емес пе, бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Ал бір күннен кейін жағдайы жақсарып уақытша бөлімшеге ауыстырылды.

NUrymbetov.jpg

«Бар ойым баланы аман алып қалу болды»

Марат Нұрымбетов биыл 7 мамыр – «Отан қорғаушылар» мерекесіне орай «Ерлігі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталды. «Ер жігіт елі үшін туады» деген ұстанымдағы кейіпкеріміз бұл ісін ерлікке баламайтынын айтады.

-
Әрине, жеткіншектің анасы мен атасы ағынан жарылып алғыстарын айтты. Сосын «Ерлігі үшін» марапатына ұсынылғанымды білдім. Алайда мен баланың арқасында құрмет көрейін, танымал болайын деп құтқарған жоқпын. Бұл мен үшін ерлік емес, ең алдымен, адамгершілік, одан кейін қызметтік парызым мен міндетім. Менің орнымдағы кез келген адам осылай істейді деп ойлаймын. Сол сәттегі бар ойым тек баланы аман алып қалу еді. Бұл орындалды да, бүгін ең бастысы жасөспірім аман-сау», - деді полиция капитаны.

«Ел басына күн туған сәтте демалу туралы ойламадық»

Марат Рахметұлы 2007 жылы мектепті бітіріп, арман қуып Алматы қаласына аттанады. Бала күнінен полиция қызметкері болуды армандаған азамат Ішкі істер министрлігінің Академиясына оқуға түсіп, 2011 жылы маман атанып шығып, ары қарай өзі қалағандай Түркістан облысы Жетісай аудандық полиция бөліміне жұмысқа тұрады. Алғаш қызмет жолын жедел уәкіл болып бастаған кейіпкеріміз 2019 жылдан бері анықтаушы лауазымында.

Күн сайын түрлі қиындық пен шытырман оқиғаларды бастан кешіретін полиция қызметкерлері бейбіт күннің «от пен су кешкен» батырлары десек қателеспейміз. Олай деуге негіз де бар. Наурыз айында елімізде жарияланған төтенше жағдайдан бері еш демалыссыз жұмыс істеген жандардың бірі дәрігерлер болса, екіншісі осы тәртіп сақшылары. Осыған қарамастан Марат Рахметұлы бұл мамандықты, дәл осы жолды таңдағанына еш өкінбейді, керісінше, ел үшін қызмет етуді абырой деп біледі.

- Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы атамыз «Жерге – тер төгіп, халыққа – қан төгіп қызмет етуден тайсалма!» деп айтып кеткен ғой. Мен әрдайым осы сөзді естен шығарған емеспін. Бүгінгідей бейбіт заманда қан төгетін жағдай болмай-ақ та қойсын. Алайда коронавирус пандемиясы басталғалы көрінбейтін жаумен соғысқандай күй кешкеніміз жасырын емес. Мемлекеттің, тұтас бір халықтың денсаулығына қауіп төніп тұрғанда мен ғана емес, өзге әріптестерім де демалу туралы ойламадық. Өйткені, дәл бүгін қалтқысыз қызмет етсек, ертең-ақ жағдай оңалып бәрі қалпына келетініне сендік. Тек отбасымызға деген сағыныш, балаларымыздың «әке, қашан үйге келесің, қашан ойнаймыз» дейтін сөздері іштей қынжылыс тудырды.

Әрине, күн сайын үйге қайтып жүрсем де, таңда ерте кетіп, түн ортасында келгенде балаларым ұйықтап жатады. Ақырын жандарына барып маңдайынан иіскеп кетемін. Кей күндері, тіпті, иіскей де алмай қалғанымыз бар. Олай дейтінім, әрдайым сыртта жүретіндіктен, отбасыңның денсаулығын сақтау үшін оқшаулануға да тура келді.

Одан кейін, өздеріңіз білетіндей, облысымызда су тасқыны болып, тұрғындар қиын күндерді бастан өткерді. Бұл кезеңде де барлық полиция бөлімдері халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жан аямай жұмыс істеді. Осындай сәтте елмен бірге болу, оған қызмет ету мен үшін үлкен абырой.

Нұрымбетов.jpg

«Әр азамат полицияға шынайы сенім арта білуге тиіс»

Марат Рахметұлы өзінің жұмыс барысын да сипаттап өтті. Айтуынша, қауіп-қатерге саналы түрде бас тігетін тәртіп сақшыларының әр күні алуан оқиғаларға толы. Сондай-ақ, кейіпкеріміз полиция қызметкерінің абыройын түсіретін ақпараттардың көбейіп кеткеніне өз ренішін білдірді.

- Жалпы, полиция қызметкерінің өмірі, жұмыс бабы өзгелерден ерекше деп айтуға болады. Өйткені, бір жылда үш жүз алпыс бес күн болса, соның бір күні келесі күніне ұқсамайды. Ертең не болатыны, бүрсігүні қандай оқиға күтіп тұрғаны белгісіз. Түске дейін қандықол қылмыскерді ұстап жатсақ, кешке қарай біреуді ажалдан алып қаламыз. Осының бәрі қажырлы қайрат пен өз ісіңе деген жауапкершілікті талап етеді.

Мұның бәрін атап айтып отырғанымның да өзіндік себебі бар. Осы күндері қоғамда тәртіп сақшыларының беделін түсіретін жайттар көбеюде. Оны істейтін өзге емес өз азаматтарымыз. Иә, мойындау керек, бес саусақ бірдей болмайтыны секілді полиция қызметкерлерінің арасында да өз жұмысын дұрыс атқармайтындар бар. Ондай журналист те, дәрігер де, құрылысшы да, күзетші де, мұғалім де, яғни, әр салада біліксіз мамандар кездесетіні анық. Алайда сол бірді-екілі қызметкерге бола, бар мекеменің, бүкіл полиция қызметкерлерінің атына нұқсан келтіру – біріншіден, әділетсіздік болса, екіншіден, олардың жарияға жар салмайтын, қиын да көрінбейтін еңбегін жоққа шығару деп есептеймін. Осы себепті, еліміздің әр азаматы өз құқын толық білетіндей сауатты болуға, әрі полицияға шынайы сенім арта алуға тиіс.

Марат Нұрымбетов атап өткен полиция қызметкерлерінің қоғам алдындағы беделін қалыптастыру мен атқарып жатқан істерін елге көрсету мақсатында 2007 жылдан бері 23 маусым – кәсіби мереке ретінде атап өтіледі. 1992 жылдың дәл осы күні Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. Бұл өз кезегінде полицияның міндеттері мен функцияларын айқындайтын алғашқы құқықтық акт болып саналады.

Сондай-ақ, 23 маусымда қызмет жолында өмірін қиған азаматтарды еске алу рәсімі өтеді. Қайтыс болған полиция қызметкерлерінің отбасы мемлекет назарынан тыс қалмайтынын айта кеткеніміз жөн. 2019 жылғы мәліметтерге сәйкес, жиырма сегіз жылдың ішінде 800-ге жуық құқық қорғау органдарының қызметкері қаза тауып, 3500-ден астам адам жарақат алған. Мұндай ерлер есімі ғасырларды жалғап ел есінде мәңгі қалатын сөзсіз.

Бөлісу:
(Суреттер кейіпкеріміздің жеке мұрағатынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға