Елеусіз жатқан Апанқақ туралы не білеміз?

Қызылорда облысында елеусіз жатқан Апанқақ деген қыстақта жер астынан бұрқылдап ыстық су шығады. Білетін кісілер суы шипалы, дертке ем деп ұзақ жолды артқа тастап барып жатады. Бұл судың қасиетін сезіп, бірнеше жылдан бері журналисттік зерттеу жасап жүргеннің бірі мен едім. Әрі ем үшін, әрі емделушілер үшін бұл жолы тағы жолға шықтым.
Алдымда бақандай 255 шақырым жол жатыр. Жаңақорған ауданы Түгіскен ауылына дейін жол тақтайдай тегіс. Ал, Қызылдың құмына қарай 20 шақырымды егістік жолы арқылы өтуге тиістісің. Cондықтан жол ойдым-ойдым, айқыш-ұйқыш.
Кешегі кеңестік кезеңде қой шаруашылығы – екінші тыңға баланып, Қазақстанда қой санын 50 млн-ға жеткізейік деген ұран күшіне енген соң Шопан ата түлігінің қадірі артып, малшыларға жағдай жасау қызу қолға алынды. Біз бара жатқан Апанқақ ауылы Қаратау етегіндегі бұрыңғы «Талап», қазіргі Жаманбай батыр ауылдық округіне қарасты №4 ферма саналады. Бүгінде мұнда 11 ғана үй бар. Мектеп балалары Жаңақорған кентіндегі №3 мектеп-интернатта жатып оқиды. Жасы да, кәрісі де әуелгі шопандар әулетінің тұяғы, көл-көсір болмаса да азын-аулақ мал ұстайды. Негізгі табыстары шипалы суға келгендерге ас-ауқатын беріп, үйіне түнетеді.
Біз түскен үйдің иесі өзін Ұлбала Байырбекова деп таныстырды. Екі баласы бар, қырықтың үстіндегі келіншек. Адам сөйлескенше ғой, оны-мұныны сұрастырып жатырмыз.
El.kz: Мұнда келуші көп пе?
Ұлбала Байырбекова: Еліміздің түкпір-түкпірінен келеді. Мына жердегі үйшікті алқам-салқам демесеңіз, судың шипасы зор. Алдынан адам үзілмейді.
El.kz: Республикадан сырт мемлекеттен де келушілер бар ма?
Ұлбала Байырбекова: Өзбекстанды айтпағанда, жақында Мәскеуден ерлі-зайыпты кісілер келіп кетті. Қызылордада таныстары тұрады екен, солар арқылы білсе керек. Мәскеуде көрінбеген адамы қалмаған сияқты, негізі псориаз жарасымен науқастанған. Үш күннің ішінде құлан таза айығып кетті.
El.kz:Білуімше, судың құрамында сынап металлы мол секілді...
Ұлбала Байырбекова: Ел солай дейді. Оның құрамын анықтап жатқан ешкім жоқ. Судың ыстықтығы 40-45 градус жобасында. Денені күйдірмейді, ванна қабылдаған өте әсерлі.
Ыстық су қалай пайда болған?
Әлгінде айтқандай, Қызылқұмды игеру бастамасымен Апанқақ қыстауға айналып, күзгі салымда таудан осындай түседі. Бір жағынан уран кендерін зерттеу-барлау барысында қалың құмды жағалай құдық қазылды. Қызылорда облысы аумағында осындай бірнеше құдық бар. Жергілікті тұрғындар осы суды суытып, асқа пайдаланады.
Расында Апанқақ суынан ем іздегендер қысы-жазы үзілмейді. Ревматизм, қышыма, қотыр, тері аурулары және сүйек ауруларына емдің қасиеті ерекше. Мамандардың айтуынша, Апанқақ суы минералды суларға, тұздарға бай, құрамында емдік химиялық элементтер көп болғандықтан асқазан, қуық безінің асқынуы, гемморой ауруларына да ем көрінеді. Өзімізде бір жеңілдеп қалғанымыз шындық.
Ертеректе ауруы асқынған екі азамат дертіне дауа тауып, бұл маңайды бизнес орны етпек болады. Құдайдың құдіреті ме, олардың мұндай қылығын жаратпады ма, су өздігінен тоқтап қалыпты. Әлгілер бұл әрекетті қажетсіз деп көріп, бастамадан бас тартады. Сонан кейін су қайта аққан деседі. Жалпы, судың басында бетоннан қойылған екі үйшік бар. Моншаға ұқсайды. Жарығы жоқ, шам алып кіреді. Гигеналық-санитарлық тазалығы көңіл көншітпейді. Десе де ел кезек бойынша тақ реттілікпен түсіп жатыр. Дегенмен, мемлекет қолға алса өңірдің экотуризмі үшін үлкен мүмкіндік болары сөзсіз.
Көпшілік Апанқақ атауы нені білдіретіні біле бермейді. Оның да теңдеуін тарқаттық. Кеудесі алтын сандық Түгіскен ауылының ардагері Молдахмет Ибрагимовке арнайы жолығып, жөн сұрағанмын.
Қазіргі ыстық су көзінен әрмендеу, үлкен құм төбенің етегінде ертеректе ескі құдық болды. Одан аққан су сай-сайлап қақ суын құрайтын. Аптап шілдеге дейін жататын қақ суына киік келеді. Дәл төбенің батыс бауырында қасқырдың апаны бар-тын. Апанның аузы қақ суына қарама-қарсы. Құдыққа бала да, шаға да келеді, бірақ қасқыр біріне де көз алартып көрмеген. Көршіге көзқарасы бөлек, жанашыр, қамқор көңілмен қарайды. Тіпті мал атаулығы бас салған емес, ал, бөлтірігі қозы-лақпен бірге ойнайды. Естуімше, қарақалпақ жақты қан қақсатып келеді де апанға жақындағанда әуек бір іздің бойымен жылжып, інге тып-тыныш кіріп кетеді. Ізін жасырады. Содан бір аптадай момақан күй кешіп, апаннан ұзамайды. Бір қызығы, сырт жауды бұл маңайға жақындатпайды, сондықтан тұрғындар оларды ит-құс демей, үйдің итіндей көрді. Кейіннен құдық көміліп, көзі жабылды. Қақ суы ерте көктем өтісімен кеуіп кететін. Қасқырдың үйіріне бұл жағдай ұнамады ма, бір күнде көзін құртты. Жұрт жылыстап кеткен түз тағысына таңырқап, сол төңіректі Апанқақ атап кетті, – деді Молдахмет Ибрагимов.
