Елена Рыбакина Майами мастерс турнирінің жартылай финалына шықты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина спорттық жолында алғаш рет Майами WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 24-ракеткасы, италиялық Мартина Тревизанмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда есеп 1:1 болған мезетте Е.Рыбакина қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік бермей, өзі сондай сәтті құр жібермеді – 3:1. Дегенмен М.Тревизан да қарап қалмай, брейкпен есепті қысқартқанымен, Елена сол бойда қарымта қайырды – 5:3. Содан кейін сетке доп бергенде, қателескен жоқ – 6:3.
Қазақстандық теннисші екінші сетті брейкпен бастап, бет қаратпады – 6:0.
Осылайша, қазақстандық спортшы биыл қатарынан 12-інші жеңісіне қол жеткізді.
Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 3-ракеткасы, америкалық Джессика Пегула немесе рейтингте 26-сатыдағы ресейлік Анастасия Потапованың біреуімен кездеседі.
Айта кетейік, Елена Рыбакина биыл қатарынан үш матчта 10-нан астам эйс жасаған бірінші теннисші атанды.
