Елена Рыбакина Майами мастерс турнирінде өнер көрсетеді

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-тағы тағы бір ірі жарыс – Майами WTA 1000 турнирінде өнер көрсетеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Қазіргі кезде іріктеу сайыстары болып жатқан, жүлде қоры 8,8 млн АҚШ долларына бағаланған мастерс додасы 21 наурыз – 2 сәуір аралығында өтеді.
Жарыстың 10-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина екінші айналымнан бастайды. Ол әлемнің 60-ракеткасы, ресейлік Анна Калинская немесе рейтингте 194-орында тұрған Андорра өкілі Виктория Хименес Касинцеваның біреуімен кездеседі.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 42-ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда рейтингте 75-сатыдағы канадалық Ребекка Мариномен шеберлік байқасады.
Осыған дейін қазақстандық жас теннисшінің Индиан-Уэллс өткен жарыстың жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.
