Жаңалықтар

Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының финалына шықты

Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының финалына шықты
Фото: olympic.kz 26.01.2023 16:34 1641

Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының финалына шықты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 24-ракеткасы, Аустралия ашық чемпионатының екі дүркін чемпионы, Беларусь өкілі Виктория Азаренкомен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар бір-ақ рет кездесіп, өткен жылы Индиан-Уэллсте (АҚШ) қазақстандық теннисші басым түскен еді,
Бұл жолы бірінші партияда есеп 2:2 болған мезетте В.Азаренко брейк жасап, алға кетті. Дегенмен Елена қатарынан үш геймді алып, есепті 5:3-ке жеткізді. Әйтсе де өзі доп бергенде, сетболды пайдалана алмады. Тай-брейкте Елена дегеніне жетті – 7:6 (7:4).
Екінші сетте қазақстандық теннисші брейкпен алға кетті – 2:1. Тағы бір брейк – 5:2. Дегенмен Елена матчқа доп бергенде, В.Азаренко қайыра брейк жасады. Бірақ қазақстандық теннисші тағы бір брейкпен матчты түйіндеді – 6:3.
Бір сағат 41 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 9 эйс жасап,11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, Елена Рыбакина қазақстандық теннисшілерден алғаш рет Аустралия ашық чемпионатының финалына шықты.
Е. Рыбакина финалда әлемнің 5-ракеткасы, тағы бір белоруссиялық Арина Соболенко немесе рейтингіде 45-сатыдағы Польша өкілі Магда Линеттің біреуімен бас жүлдені сарапқа салады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға