Елена Рыбакина Australian Open турнирінің үшінші айналымына шықты
Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы мәлім етті
Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Қазақстандық теннисші «Үлкен дулыға» турнирінің екінші айналымында дүниежүзілік рейтингте 104-орында тұрған словениялық Кайя Йуванмен кездесті.
Бірінші партияда қазақстандық спортшы өз шеберлігінің әлдеқайда басым екендігін көрсетті – 6:2. Екінші сетте де бірден алға кетіп, қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ – 6:1.
Бәсеке барысында Елена 5 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды.
Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 11-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинз немесе рейтингте 133-сатыдағы чехиялық Каролина Мухованың біреуімен кездеседі. Елена жуырда Д.Коллинзді Аделаидада 5:7, 6:2, 6:3 есебімен ұтқан еді.
