Елена Рыбакина Әбу-Даби турнирінің жеңімпазы атанды

Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Әбу-Даби (ОАӘ) WTA 500 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 14-ракеткасы, ресейлік Дарья Касаткинамен бас жүлдені сарапқа салды.
Осыған дейін қарсыластар төрт мәрте кездескен еді. Есеп тең – 2:2.
Бұл жолы бірінші партияда Рыбакина бет қаратпады – 6:1. Елена екінші сетте де брейкпен алға кеткенімен, ресейлік теннисші сол бойда таразы басын теңестірді – 2:2.
Есеп 4:4 болған мезетте Рыбакина тағы бір брейк жасай алды – 5:4. Содан кейін матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:4.
Бір сағат 10 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 3 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды. Осылайша, биыл Елена Рыбакина WTA 500 жарысында екінші рет жеңімпаз атанды. Ол өткен айда Брисбенде (Аустралия) үздік шыққан еді.
