Жаңалықтар

Елена Гаркава: Көпұлтты Қазақстанда ортақ мүдде бар

Елена Гаркава: Көпұлтты Қазақстанда ортақ мүдде бар
Фото: жеке мұрағат 11.04.2025 12:16 2515

Қазіргі таңда елімізде қазақ тілінде еркін сөйлейтін түрлі этнос өкілдерін көру қалыпты жағдайға айналды. Осы ретте El.kz тілшісі украин қызы Елена Гаркавамен тілдесіп, әңгімеге тартқан еді. Ол Қазақстанның әрбір азаматы, ұлтына қарамастан, мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс деп біледі.

Қазіргі таңда Елена Гаркава Қазақстанның IPS (Internationales Parlaments-Stipendium des Deutschen Bundestages) бағдарламасы түлектері қауымдастығының төрайымы қызметін атқарады. Ол Қазақстанның әрбір тұрғыны ұлтына бөлінбей, мемлекеттік тілін меңгергені жөн деп санайды.

Сондықтан мен де қазақ тілін жұмыс тілі ретінде таңдадым және оны үйрене бастадым. Күнделікті өмірімде, достарыммен сөйлескенде бұл тілді жиі қолданамын. Алайда, отбасымызда қазақ тілі әлі толыққанды сөйлеу тіліне айналған жоқ, оны көбінесе баламмен сөйлескенде қолданамын, себебі ол қазақ балабақшасына барған, – дейді.

Сондай-ақ Елена этносаралық түсіністік қалыптастыру үшін бірінші кезекте, бір-бірімізге деген сыйластық және басқа мәдениеттерге ашық көзқарас өте маңызды деп есептейді.

Көпэтносты қоғамда ортақ мүдде болған жағдайда ғана ел біртұтас болып дамиды. Әртүрлі тілдер мен мәдениеттерден шыққан адамдар өзара дұрыс қарым-қатынас орнатып, ортақ мақсатқа жету үшін әрдайым жол табады. Жоғары білім мен мол тәжірибесі бар, тарихты жақсы білетін ұрпақ ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті сақтауға үлкен үлес қосады. Ұлтаралық келісім мен бейбітшілік мәселелерінде тек тілге ғана емес, өзара түсіністік пен құрметке де көп көңіл бөлу қажет, – дейді украин қызы.

Бүгінде әрбір этнос өкілі өз ұлтының тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін сақтау және дәріптеу қажеттілігі қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтуға негіз бола алады. Өйткені ұлттың тілі – оның жаны, ал мәдениеті – оның байлығы. Қазақстандағы әртүрлі этнос өкілдері өздерінің ана тілдерін, салт-дәстүрлерін құрметтеп, сақтаумен қатар, мемлекеттік тіл – қазақ тілін де меңгеріп, оны өмірдің әр саласында қолдануға тырысады.

Елена Гаркава: Көпұлтты Қазақстанда ортақ мүдде бар

жеке мұрағат 

Елена Қазақстанның әрбір азаматы өз туған тілін және мәдениетін мақтаныш етеді, күнделікті өмірде пайдаланады деп отыр.

Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл мәселеге ұзақ жылдар бойы өз үлесін қосып келеді. Ал қазақ мәдениеті, өз кезегінде, барлық қазақстандықтардың жүрегінде терең орын алады. Тәуелсіздік жылдарында қазақ мәдениеті еліміздің ортақ мәдениетіне, ұлттық бірегейлігіміздің негізіне айналды. Отанымыздың барлық ұлт өкілдері біртұтас ел болып өмір сүріп жатыр. Әрине, мұның бәрі ел басшылығының жүргізіп отырған саясатынан туындаған жағдай, – деді ол.

Әрбір этнос өз тарихында үлкен сынақтардан өтіп, жаңа ортаға бейімделіп, еліміздің дамуына зор үлесін қосқан.

Мәселен Ұлы Отан соғысы кезінде көптеген ұлттар қазақ жеріне қоныс тепті. Немістер, шешендер, ингуштар, кәрістер, гректер, поляктар сияқты көптеген халықтар тоталитарлық режимнің қысымымен жер аударылды. Олардың әрқайсысының жер аударылу тарихы қайғылы әрі ауыр болды, бірақ Қазақстан сол кезде олар үшін пана болды. Бұл халықтар жаңа жерге үйреніп, өздерінің мәдениеттерін сақтай отырып, Қазақстанның әртүрлі салаларында, әсіресе өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында маңызды жұмыстар атқарды.

Қазақстанның жерінде 130-дан аса этнос өкілдері мекендейді. Әрқайсысының бұл елге келу тарихы өзінше ерекше. Мысалы, немістер, шешендер, кәрістер, гректер, поляктар – Ұлы Отан соғысы кезінде күштеп жер аударылған халықтар. Ал Төңкеріске дейінгі кезеңде қазақ жеріне жұмыс бабымен немесе кәсіпкерлік мақсатпен голландтар, орыстар, казактар келген. Соғыс аяқталған соң, Қазақ КСР-ның жерлеріне егіншілік пен мал шаруашылығын жақсы білетін украиндар, белорустар мен орыстар көшіп келді. Олар жаңа мектептер, ауруханалар, фермалар, өндірістер салды, ұжымдық шаруашылықтар ұйымдастырды, – дейді Елена Гаркава.

Қазақстанның әртүрлі этникалық топтары, әрине, өз тілдері мен мәдениеттерін сақтай отырып, Қазақстан қоғамына интеграцияланды. Олардың еңбегі, мәдениеті мен өнері еліміздің әртүрлі салаларына үлес қосты. Әртүрлі этностар арасындағы өзара құрмет, ынтымақтастық және бейбітшілік Қазақстанды көпұлтты, мейірімді әрі берік қоғамға айналдырды.

Осы кезеңде еліміздің өнеркәсіптік, жеңіл өнеркәсіп және әлеуметтік салалары жаңа белеске көтерілді, егіншілік пен мал шаруашылығы жаңаша дамыды. Бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдері ата-бабаларынан алған мұраларын жалғастырып, елдің дамуына, бейбітшілігіне және гүлденуіне өз үлестерін қосуда, – деді украин қызы Елена Гаркава.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға