Жаңалықтар

Электрсамокатты пайдалану ережесін білесіз бе? ІІМ тұрғындарға ескерту жасады

Электрсамокатты пайдалану ережесін білесіз бе? ІІМ тұрғындарға ескерту жасады
Фото: Polisia.kz 14.04.2023 18:34 1116

Соңғы жылдары балалар да, ересектер де қолданатын көлік құралдарының түрі артып келеді. Оған электрлі самокаттар мен гироскутерлер жатады. Аталған көлік құралдарын пайдаланушылар да жол қозғалысының қатысушылары болып саналады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Электрлі самокат – екі немесе үш доңғалағы бар жеке көлік түрі. Орындықтары жоқ бұл құрылғы тек бір адамның қозғалысына арналған. Максималды жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспайды.

Оның алдыңғы, бүйірлік және артқы жарық шағылыстырғыштары болуы шарт. Сондай-ақ электрлі самокаттарда алдыңғы фаралар мен артқы шамдар болуы керек. Айналадағы адамдарға өзінің жақындағаны туралы ескерту жасау үшін көліктің бұл түрінде дыбыстық құрылғы болуы маңызды.

Полицейлер электрлі самокатты басқару кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік шараларын еске салды:

қозғалыс бағытына жақсы шолу жасап, ұялы телефон немесе басқа гаджеттерді пайдаланбаңыз;

көлік құралын екі қолыңызбен ұстаңыз, тоқтайтын болсаңыз – асықпаған жөн;

электрлі самокатты қараңғы, тар және кедергілері бар жерде қолданбағаныңыз абзал;

көлік көп жүретін жерлер мен адамдар жиналатын орындардан аулақ болыңыз;

электрлі самокатты қолдану кезінде басыңызды, білек пен шынтағыңызды және тізеңізді қорғайтын құралдарды ұмытпаңыз;

жүк пен жолаушыларды тасымалдауға болмайтынын естен шығармаңыз;

жол жүрісі қағидаларын сақтай отырып, өз траекторияңыз бен қозғалыс жылдамдығыңызды таңдап алыңыз;

жаяу жүргіншіге немесе велосипедшіге өзіңіздің жақындағаныңыз туралы хабар беріңіз;

жаяу жүргіншілер өткелінен көлік құралынан түсіп өтіңіз.

Электрлі самокатты үнемі техникалық тексеруден өткізіп тұру керек. Жолда сақ болыңыздар, – деді ІІМ-де.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға