Электрондық коммерцияның қарқынды дамуы – біз үшін үлкен мүмкіндік – депутат
Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Осы ретте Мәжілісі депутаты Олжас Құспеков электрондық коммерцияның дамуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, электрондық коммерцияның қарқынды дамуы біз үшін үлкен мүмкіндік береді. Қазақстанның осы саладағы әлеуетін толық пайдалануының маңызы өте зор.
Логистика жүйесінің дамуы – бизнестің табысты болуының негізгі факторларының бірі. Қазір көптеген кәсіпорындар мен сауда компаниялары үшін тауарларды тиімді әрі уақытында жеткізу – басты міндет. Мұнда «жасыл дәліздердің» тиімді жұмысы маңызды рөл атқарады. Егер тасымалдау жүйесі жеңілдетілсе, шекаралас елдермен саудадағы мүмкіндіктер еселене түсер еді. Сол себепті инфрақұрылымды дамыту – кәсіпкерлер үшін аса қажетті қадам, – деді депутат
Сонымен қатар Олжас Құспеков қазіргі заманғы технологиялар тек логистиканы ғана емес, жалпы бизнес процестерін оңтайландыруға да ықпал ететінін атап өтті. Автоматтандыру, цифрландыру, жасанды интеллект сияқты құралдар компанияларға уақыт пен ресурстарды үнемдеуге, қызмет көрсету сапасын арттыруға және бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда, бұл бағыттағы мемлекеттің қолдауы арта түссе, Қазақстанның бизнес ортасы жақсарып, кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады деп сенемін, – деп сөзін түйіндеді Олжас Құспеков.