Электронды темекіге тәуелділер өкпе трансплантациясына мұқтаж болуы мүмкін
Осы аптада мәжілісмен Дәулет Тұрлыханов жасөспірімдердің вейпке құмарлығы артқанын айтып, дабыл қақты. Ол дерек пен дәйегін барша депутаттарға жеткізіп, вейпке ресми тыйым салуды ұсынған еді. Вейперлердің дерті бүкіл әлемнің өзекті мәселесіне айналғандай. Ендеше, Еуропа елдері вейппен қалай күресіп жатқанына шолу жасап көрейік.
Дәулет Тұрлыханов «Қазақстан балалар қоры» жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесін негізге алған. Ол бойынша астаналық және алматылық жастардың шамамен 80 пайызы сатып алатыны анықталды. 2020 жылдан бері вейп сатылуы 300 есеге өскен. Сондай-ақ осы аптада үйінде вейпті қолдан жасаған астаналықтардың ісі әшкере болғанын да еске салайық. Енді елімізде вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады.
Электронды темекі сатқандар – 50 тәулікке дейін, шеттен әкеліп, таратқандар – 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еуропа елдерінде де жағдай күрделі. Ұлыбритания жасөспірімдер арасында танымал болған бір реттік электронды темекіге тыйым салатынын жариялады. Басқа қандай елдер вейпингке қарсы әрекет етуде?
Электрондық темекі нарықта алғаш пайда болған кезде, олар адамдардың денсаулығына қауіп төндіретін темекіні шегуден бас тартуға көмектесетіні айтылып, «зияны аз» өнім ретінде жарнамаланды.
Бірақ соңғы жылдары электронды темекі жастар арасында трендке айналды. Бір рет қолданылатын вейп жасөспірімдердің қолынан түспейтін аксессуарға айналды. Дүние жүзіндегі бірқатар елдер тыйым салу шараларын әзірлеуде.
Ұлыбритания
Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак жастар арасында темекі шегумен күресу үшін вейптерге тыйым салынатынын мәлімдеді.
Вейпиңтің ұзақ мерзімді әсері қалай болатыны әзірге белгісіз, бірақ олардың құрамындағы никотин адамды өзіне тәуелді етуі мүмкін. Темекі шегушілерге жаман әдеттен бас тартуға көмектесетін пайдалы құрал бола тұра, электронды темекіні балаларға сатуға болмайды, - дейді Риши Сунак.
Euronews мәліметінше, британ үкіметі кәмелет жасына толмаған балалардың электронды темекіге қызығушылығын төмендету үшін алуан түрлі дәмі бар вейптердің түрлерін азайтып, дүкендегі дизайнын өзгертіп, қарапайым қаптамаға орауды ұсынып отыр.
Бұл ережелердегі өзгерістер біздің балаларымыздың денсаулығын сақтайды, - деп қосты Сунак.
Осылайша ел үкіметі 15 жасқа толмаған жасөспірімдерге темекі өнімдерін сату бойынша заңды қабылдайды.
Айта кету керек, вейпке қатысты шара қабылдауды саясаткерлер, сарапшылар мен және қоғам өкілдері көптен бері көтеріп келеді. Шешім былтырғы жылдың қазан айында басталған темекі шегу және вейпинг бойынша консультациялардан кейін қабылданды. Олар биліктің назарына вейп қолданушылар арасында балалар мен жасөспірімдер санының көбеюі туралы деректерді ұсынды. Сондай-ақ, шара қабылдауға қоршаған ортаны қорғау мәселесі әсер еткені белгілі. Бүгінгі таңда, Ұлыбританияда апта сайын 5 миллион вейп қоқысқа тасталады.
Еуропалық одаққа мүше елдер
Ирландия билігі ықтимал шектеулер туралы халықтың пікіріне құлақ асу керегін түсінді. Көптеген жергілікті денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау қауымдастығы электронды темекіге шектеу енгізуді талап етуде. Мысалы, VOICE әлеуметтік желілерде Ирландияны «Еуропадағы бір рет қолданылатын вейптерге тыйым салған бірінші ел» ету үшін бүкіл #BanDisposableVapes науқанын бастады.
Германияда да осындай ниет бар. Кейбір экологтар, тіпті қоршаған ортаны қорғау министрі Стеффи Лемке бұл құрылғыларға ЕО-да тыйым салуды талап етеді.
Бір рет қолданылатын электронды темекілер қоршаған ортаны ластайды және көбінесе электр құрылғылары ретінде дұрыс кәдеге жаратудың орнына тұрмыстық қалдықтарға айналады, - ведомство басшысы неміс газеті Mitteldeutsche Zeitung берген сұхбатында айтты .
Олар сонымен қатар қоқыс өңдеу орындарында өрт тудыруы мүмкін, - деп қосты ол.
Бір рет қолданылатын вейптер 2021 жылдың соңында әлеуметтік желілердегі жарнаманың арқасында танымал болды. Темекі дүкендерінде, веб-сайттарда немесе супермаркеттерде 8-ден 12 еуроға дейін сатыла бастады. Көптеген сарапшылардың пікірінше, құрамында 0-ден 20 мг/мл-ге дейін никотин бар мұндай электронды темекілерді пайдалану жас тұтынушыларды тұрақты түрде темекі сатып алуға итермелейді.
Олар бізге бұл никотин емес деп айтуы мүмкін. Бірақ бұл үрдіс жастар үйір болатын жаман әдетке айналары сөзсіз. Сондықтан олардың темекі шегуге бет бұратыны бесенеден белгілі, біз оны тоқтатуымыз керек, - деді Францияның бұрынғы премьер-министрі Элизабет Борн тыйым салу туралы нормаларды жариялау кезінде.
Австралия және Жаңа Зеландия
Темекіге қарсы қатаң ережелерімен танымал Жаңа Зеландияда былтырғы жылдың тамыз айынан бастап тыйым салынған.
Денсаулық сақтау министрлігі елде жастарды қорғауға бағытталған вейпиң индустриясына жаңа шектеулер енгізілетінін хабарлады: никотин деңгейінің төмендеуі, дәмдік заттардың қысқаша тізімі және мектептердің жанында жұмыс істейтін вейп-дүкендерге тыйым салынатыны белгілі болды.
Біз жастар арасында вейпиңке жол бермеу мен темекіні шынымен тастағысы келетіндер үшін тоқтату құралы арасындағы тепе-теңдікті табуымыз керек екенін түсінеміз, - деп Жаңа Зеландияның Денсаулық сақтау министрі Доктор Айеша Верралл айтты.
Шектеулер Австралия вейпиңке қатысты осындай шараларды жариялағаннан кейін бір айдан кейін енгізілді. Онда ел үкіметі темекі өндірушілерді «жасөспірімдердің келесі ұрпағын никотинге тәуелді етуге тырысты» деп айыптады.
Бір рет қолданылатын вейптер денсаулыққа қаншалықты зиян?
2019 жылы ойлап табылған бір рет қолданылатын вейптер әдетте түрлі-түсті қаптамада келеді. Олар алдымен АҚШ-тағы жасөспірімдер арасында, содан кейін Атлант мұхитының ар жағындағы елдер арасында тез танымал болды.
Financial Times мәліметі бойынша, 14 пен 17 жас аралығындағы ағылшын жасөспірімдерінің 14%-ы аптасына бір реттен жиі вейпингті пайдаланады. Француздық зерттеуге сәйкес, Еуропа да электронды темекі қолданушы бойынша көш басында тұр. Еуропа елдерінде 10 жасөспірімнің кем дегенде біреуі қолданатыны анықталды. Бір рет қолданылатын электронды темекілердің маркетиңтегі ең басты артықшылығы - тәтті хош иісі жас балалардың ең осал тұсы екені анық. Темекі өнеркәсібін бақылаушы STOP ұйымының пікірінше, жеміс-жидек хош иістері, маркетиң арқылы көңілді аулау және әлеуметтік желідегі жарнаманың сәтті үйлесімі - бұл «темекі шегушілерді алмастыратындар» атты жаңа ұрпақты тарту стратегиясының бөлігі.
Зерттеу көрсеткендей, Францияда вейп қолданушыларының 17% - ы басқа өнімдерге, соның ішінде темекі өнімдеріне ауысқан. Зерттеулер көбейген сайын бір рет қолданылатын вейптердің анау айтқан пайдалы өнім емес екені дәлелденіп келеді. Жалпы электронды темекі сияқты, олардың көпшілігінде никотин бар және оңын тәуелділік тудыратыны бесенеден белгілі.
Белсенді қолданушылардың жартысына жуығы жөтел, ентігу және жүрек соғысы сияқты жанама әсерлерге шағымданады, деп хабарлайды Drugwatch. Медициналық зерттеулердің болмауына байланысты ұзақ мерзімді әсер ету дәрежесі қазіргі уақытта белгісіз болса да, бір зерттеу vaping өнімдерін ұзақ уақыт пайдалану дененің қан тамырларының жұмысын айтарлықтай нашарлатып, жүрек-тамыр ауруларының даму қаупін арттыратынын көрсетті.
Ал пульмонолог дәрігер Әзиза Раманқұл вейпті ұдайы қолданатын жасөспірімдер болашақта өкпе транплантациясына мұқтаж болуы мүмкін екенін айтады.
Жалпы зиянды жақтарын айтпас бұрын негізгі құрамына бір тоқталып өтейік. Мысалы, вейп астына қыздырғышы бар және сұйықтық қосылған құты болады. Ол құтының құрамында 4 мыңға жуық зиянды заттар бар, оның ішінде 30 пайыз никотин және глицерин, бензинпропинол деген секілді зиян заттар бар. Сол құтыдан бөлек фильтр мен хош иістендіргіш ароматизатор болады. Яғни, жаңағы қыздырғыш 300 градусқа қызған кезде құтыдағы сұйықтықты буландырады, фильтр арқылы химиялық процеске түсіп, үлкен көлемде бу шығарады, - дейді дәрігер.
Ал вейпті тарту процесі кезінде ағзаға қалай салмақ түсетінін түсіндірді.
Енді физиология бойынша вейпті тартқан жасөспірім тыныс алудың төменгі жолдарына жеткізеді. Вейптің ерекшелігі бізді тыныс алу жолдары газ алмасу деңгейіне дейін барған кезде сол жердегі қантамырлардың қабырғасын бұзады. Қалыпты альвеолаларды дәнекер тінге алмастырады. Дәнекер тін дегеніміз - ол тыртықтану. Ұзақ уақыт үздіксіз вейпті қолданған бала мүгедек болып қалуы әбден мүмкін. Тыныс алу төменгі жолдары өзінің мақсатты қызметін атқармай, фиброзға ұласып, өкпе өз қызметін атқаруды доғарады, - дейді пульмонолог.
Дәрігердің айтуынша, симптомдар әркімде әртүрлі көрінеді.
Ең бірінші симптомы - тыныс алу жеткіліксіздігі. Газ алмасу бұзылғандықтан, өкпе өз фунциясын атқара аламағандықтан демікпе пайда болады. Одан бөлек балада бас айналу, құсу, лоқсу сезімі пайда болады. Асқазан-ішек жолдарына да әсер етеді. Бүкіл организм бір бүтін ғой. Баланың есі ауысуы секілді көріністер болады. Жалпы өз тәжірибемде дүкендерден 10 жасар балалар вейптерді сатып алып жүргенін көрдім. Бұл мәселенің түбі өкпені ауыстыруға мәжбүр болумен аяқталады, - дейді дәрігер.
Пульмонолог вейперлерге тәуелділіктен арылып, денсаулыққа көңіл бөлуге ешқашан кеш еместігін ескертті.