Жаңалықтар

Елдігімізді танытқан ерен жыл: Берік Уәли 2024 жылды қорытындылады

Елдігімізді танытқан ерен жыл: Берік Уәли 2024 жылды қорытындылады
Фото: Ақорда 27.12.2024 09:40 277

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі ­– баспасөз хатшысы Берік Уәли жылды қорытындылап, «Егемен Қазақстан» газетіне мақала жариялды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Президент биыл жұмыс сапарымен еліміздің 11 өңіріне барды. Аймақтардағы 60-тан аса өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандармен танысып, жұртшылықпен кездесті. Сондай-ақ ел ішіндегі 41 іс-шараға қатысты. Олардың қатарында форумдар, кеңестер, отырыстар секілді түрлі форматта өткен жиындар бар. Еліміздің саяси және қоғам қайраткерлерімен 137 кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы осы жылы 3 979 құжатты қарап, қол қойды. Оның ішінде 95 заң, 319 жарлық, 81 өкім, 28 отырыс хат­та­масы, 3 456 қызметтік құжат қабылданды (25 желтоқсандағы мәлімет бойынша).

Сыртқы саясатта да жемісті жыл болды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 23 рет шет мемлекетке сапарлады, 19 халықаралық форум мен саммит жұмысына атсалысты. Халықаралық іс-шаралар аясында өзге елдің басшыларымен 27 рет кездесті. Сондай-ақ шет мемлекеттердің және үкіметтердің басшыларымен, басқа да жоғары лауазымды тұлғаларымен, халықара­лық және өңірлік ұйымдардың жетекші­лері­мен, бизнес-қоғамдастық өкілдерімен 84 кездесу өткізді. 22 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады. Мемлекет басшыларымен 49 мәрте телефон арқылы сөйлесті.

Енді осы сандармен өрнектелген жұ­мыс кестесінің барысында ел игілігі үшін жасалған істерге назар аударайық.

Ең әуелі, жыл басындағы ақжолтай жаңалықты айта кеткен абзал. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 9 қаңтарда «Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылы­сындағы өзгерістер туралы» Жарлыққа қол қойды. Жетіген ауылы Алатау қаласы болып қайта құрылды. Осылайша, келешекте Алматы мен Қонаевтың ортасында бой көтеретін Alatau City қаласының іргесі қаланды. Бірнеше жылдан бері талқыланып келе жатқан жаңа урбанистік жобаны жүзеге асыруға шетелдік инвес­торлар айрықша қызығушылық танытып отыр. Президент Сингапур сапарында және одан кейін де әлеуетті инвесторлармен кездесіп, Алматы агломерациясын өркендеген экономикалық аймаққа айналдыруды көздейтін жобаның жай-жапсарын талқылады.

 

Ұлт ұпайын түгендеген Құрылтай

Елдік мәселелер қозғалатын Ұлт­тық құрылтайдың үшінші оты­­рысы биыл көне Сарайшық жұр­­тында – Атырау облысында өтті. Құрылтайда ұлт болмысын қалып­тастыратын тәуелсіздік пен отан­шылдық, бірлік пен ынтымақ, әділ­дік пен жауапкершілік, заң мен тәр­тіп, еңбекқорлық пен кәсі­би біліктілік, жасампаздық пен жаңа­шылдық секілді басты құндылық­тар айқындалды. Сонымен қатар Президент бес әлеуметтік кеселмен күресті күшейту жөнінде нақты тапсырма берді. Осыған орай, биыл Әйелдердің құқықтары мен бала­лардың қауіпсіздігі туралы Заңға қол қойылды. Яғни тұрмыстық зор­лық-зомбылық үшін қатаң жаза белгілейтін, балалар құқығының қорғалуын қамтамасыз ететін жаңа нормалар енгізілді. Бұдан бөлек, Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы арнайы заң қабылданды. Вандализм мен өзгенің мүлкіне зиян келтіргені, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге, құмар ойынға тәуелділікті азайтуға, вейпке тыйым салуға бағытталған заңнамалық өзгерістер жасалды. Аталған бастамаларға қатысты заң жобаларын әзірлеуге Парламент депутаттарымен қатар, Ұлттық құрыл­тай мүшелері де белсенді атсалысты. Осылайша, Президент үнемі айтатын «Заң мен Тәртіп» үстемдігі қоғамда біртіндеп орнығып келеді.

 

Бірліктің бекем үлгісі

Көктемгі су тасқыны елді әбігерге салып, халықтың да, мемлекеттің де мүлкіне зор зардабын тигізгені белгілі. Еліміздің 10 өңірінде жергі­лікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Мемлекет басшысы адамдарды дереу қауіпсіз жерге көшіру және қарғын судан зардап шеккен азаматтарға қажетті көмек көрсету жөнінде тапсырма берді. Ең көп зардап шеккен үш облысқа, атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына барып, халықтың мұң-мұқтажын тыңдады.

Тасқын судың салдарынан мал-мүлкінен айырылған жандардың еш­қай­сысы елеусіз қалған жоқ. Мем­лекет міндеттемесін толық орында­ды. Зардап шеккендердің бәріне ма­­те­риалдық, қаржылай қолдау көр­сетілді.

Атап айтқанда, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде комиссиялар жұмыс істеді, олар азаматтардың жалғыз баспанасы болған 19 359 үй мен саяжай құрылыстарын тексерді. Оларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жылжымайтын мү­лік нарығынан 5 767 тұрғын үй сатып алынды. 9 156 үйге жөндеу жұ­мыстары жүргізіліп, жүз пайыз аяқталды. Бұл мақсаттарға барлығы 54,7 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ қысқа мерзімде 64 млрд теңгеге 2 680 жеке тұрғын үй салынды.

Бұған қоса 36 455 отбасына жалпы сомасы 13,3 млрд теңге, яки 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. 21 876 отбасына 9,9 млрд теңге көлемінде 150 АЕК-ке дейінгі өтемақы төленді.

Шағын және орта бизнес субъек­тілеріне келтірілген залалды өтеу үшін 12,1 млрд теңге бөлінді. Зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілеріне толық төлем жасау мақсатында «Демеу» корпоративтік қорынан Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарына 2,5 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталды. Аталған қаражат есебінен ШОБ субъектілерінің 40 өтініші бойынша шығыны өтелді. Жалпы, өңірлік комиссиялар 14,6 млрд теңгеге 734 кәсіпкердің өтінімін мақұлдады.

Тағы бір айта кетерлігі, мал шы­ғынын төлеу үшін мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің көлемі 2,8 млрд теңгеден асты.

Осындай қиын-қыстау сәтте хал­қы­мыз ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті.

 

Алыс-беріс артты

Жыл басында, яғни 7 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент бәсекелестікті дамыту, экономикаға мемлекеттің араласуын қысқарту, бизнес шығын­дарын азайту арқылы кәсіпкерлік еркіндікті қамтамасыз етуді тап­сыр­ған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев 10 мамырда «Экономиканы ырық­тандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Пре­зидент еліміздің таяу келешектегі экономикалық дамуының негізгі бағыт-бағдарын айқындады. Үкімет жыл бойы осы негізгі міндеттерді атқаруға бар күш-жігерін жұмсады.

Мәселен, 2024 жылдың І жарты­жыл­дығының қорытындысы бойынша шетелден келетін тікелей инвес­тицияның жалпы көлемі 9,8 млрд долларды құрады. Бұл көрсет­кіш тау-кен өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда, өңдеу өнеркәсібі салаларында көбірек тіркелді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі қаңтар-қараша айларында 15,8 трлн теңгеге жетті. Бүгінде 795,9 млрд теңге көлеміндегі сомаға 134 жоба іске қосылды, 10,1 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Мемлекет басшысы жаңадан жұмысын бастаған бірнеше ірі зауыт пен кәсіпорынға арнайы барып, қызметімен танысты.

 

Барыс-келіс жеңілдейді

Еліміздің көлік-транзит әлеуетін арттыру бағытында айтарлықтай жетістіктер бар. Мысалы, Президент 28 ақпанда телекөпір арқылы Қытайдың Сиань қаласындағы Көлік-логистика орталығын ашты.

Сиань – Қытайдың тораптық транзиттік орталығы және ең ірі құрғақ порт орналасқан қаласы. ҚХР мен Еуропа Одағы арасына қа­тынайтын контейнерлік пойыздар­дың 40 пайызына жуығы осы жерден жөнелтіледі.

Сиань құрғақ портындағы қазақ­стан­дық терминалдың жобалық қуаты жылына – 66,5 мың ЖФЭ (жиыр­ма футтық эквивалент). Терминал еліміздің экспорттаушылары үшін жаңа өткізу нарықтарына жол ашады, жүктерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартады және Қазақстанның Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

3 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк көліктері мен теміржол контейнерлерін жөнел­ту рәсіміне телекөпір режімінде қатыс­ты. Қытай – Қазақстан – Кас­пий теңізінің акваториясы – Әзер­байжан – Грузия арқылы өтіп, әрі қарай Еуропа елдеріне баратын Транскаспий халықаралық көлік бағыты уақыт жағынан да, эконо­микалық тұрғыдан да тиімді көлік жолына айналады.

Сонымен қатар Өзбекстанмен ара­дағы көлік-транзит мүмкіндіктерін кеңейту және Трансауған темір­жолы бағытын дамыту жөнінде уағда­ластыққа қол жеткізілді.

Бұдан бөлек, елімізде 1,4 мың шақырым теміржол жөндеуден өтіп, 12 мың шақырым автокөлік жолы салынып жатыр. «Талдықорған – Өскемен», «Қарағанды – Алматы», «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» жол­дарының халықаралық талап­тар­ға сай жаңғыртылуы еліміздің өңіраралық байланысы мен тран­зиттік әлеуетін айтарлықтай арттыра түседі.

Осы орайда Мемлекет басшысы­ның тапсырмасымен Шығыс Қазақ­стан облысының тұрғындары қан­шама жылдан бері күткен Бұқ­тыр­ма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы аяқталғанын айта кеткен ләзім. Бұл Марқакөл, Күршім аудандарының облыс орталығымен байланысын жеңілдетті. Бұған дейін аталған аудандардың халқы паром арқылы қатынап келген еді.

Еліміз жол инфрақұрылымына халықаралық даму институттарынан мол қаржы тартып отыр. Атап айтқанда, Дүниежүзілік банк Көлік жолдарының орнықтылығы мен байланысын жетілдіру бағдарлама­сы (TRACE) аясында атқарылатын қазақстандық жобаға 650 млн доллар бөлу жөнінде шешім қабылдады. Бұл қаржы Орта дәліздің әлеуетін арттыруға, соның ішінде «Жезқазған – Қарағанды» автомагистралін күрде­лі жөндеуден өткізуге жұмса­лады. Сондай-ақ Азия даму банкі «Қызы­лорда – Жезқазған» жолының құрылы­сын жүргізуге 300 млн доллардан аса қаражат бөлді.

 

Әлеуметтің әлеуетін көтерген жобалар

Президенттің тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалалар мен қарқынды дамып келе жатқан елді мекендерде 460 мың оқушыға арналған жаңа 217 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде 36 мектеп пайдалануға берілді. Оның 15-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бұл – білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту ісінде қала мен ауылға бірдей көңіл бөлінеді деген сөз.

Ал бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алғашқы санитарлық-медициналық көмек көрсететін 276 нысанның құрылысы аяқталды. Оның 99-ы 2023 жылы, ал 117-і биыл іске қосылды. Келер жылы 125 нысанның құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.

 

Биыл рекордтық өнім жиналды

Мемлекет басшысы агроөнеркә­сіп кешенінің әлеуетін арттыруға айрықша мән береді. Шетелге сапар­лары кезінде осы саланың инвес­тициялық мүмкіндіктерін ұдайы таныстырып жүреді.

Биыл көктемгі су тасқынына қара­мастан, 26,7 млн тонна астық жиналды. Бұл – кейінгі 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Мұны мемле­кеттің диқандарға көрсеткен жүйелі қамқорлығы мен қолдауының нәти­жесі деуге болады. Көктемгі егін және жиын-терін жұмыстарына 5 пайыз мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген несие беріле бастады. Ол үшін алғаш рет жарты триллион теңгеден аса қаржы қарастырылды.

Негізгі азық-түлік тауарлары бо­йынша импортқа тәуелділікті азайту – маңызды міндет. Осы бағыт­та бірқатар жоба іске асырылды. Дәнді-дақылдар селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту туралы кешенді жоспар қабылданды. Диқандар отандық тұқыммен қам­тама­сыз етілуге тиіс.

Сонымен қатар ауыл шаруашылы­ғы техникасын жаңарту деңгейін жылына 8-10 пайызға дейін жеткізу үшін 120 млрд теңге бөлінді. Техниканы 5 пайыздық мөлшерлемемен лизингке беру бағдарламасы басталды.

Өндірілген азық түлікті сақтап, тұтынушыға жеткізуге қойма-логистика кешендері керек. Алдағы жылдары сыйымдылығы 700 мың тонна болатын қоймалар салынады.

Жалпы, биыл алғаш рет өткен Қазақстанның ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі міндеттері айқындалды. Онда көптеген іс-шарамен қатар, қа­зақ жылқысының тұқымын сақ­тау және көбейту үшін арнайы заң қабыл­данғаны айтылып, енді бұл бағытта та­ғы бір маңызды қадам ретінде Үкі­­мет­­ке Жылқы шаруашылығы инс­ти­ту­­тын құру жөнінде тапсырма
беріл­ді.

 

Баянды бастамалар

Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Яғни қо­ғам­да адал еңбек, адал азамат құн­ды­­лық­тарын сіңіру жолындағы жүйе­­­лі істер атқарыла бастады. Мы­са­лы, ден­саулық сақтау мәселе­ле­ріне қа­тысты заң медицина қыз­мет­керлерінің жауап­кершілігін айқындап қана қой­май, олардың мәртебесін арттыру­ды, кәсіби мінде­тін атқару барысында жан-жақты қорғауды көздейді. Дәрігерлер қауымы бұл жаңалықты ыстық ықыласпен қабыл алды. Тұңғыш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы бекі­тіліп, алғашқы иелеріне табысталды. Жалпы, биыл мемлекеттік наградаға еңбегімен үлгі болып жүрген ел азаматтары көп ұсынылды. Келер жылы бұл игі дәстүр жалғасын тауып, еңбек адамына зор құрмет көрсетіледі.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы білім мен технологияға негізделген экономика құру ісіне зор көңіл бөледі. Мұның бір көрінісі ретінде биыл Ғылым және технологиялық саясат туралы заңға қол қойылуын айтуға болады. Онда ғылыми жетістік­тердің нәтижесін өндіріске енгізуді көздейтін технологиялық саясаттың негізгі бағыттары мен тетіктері барынша қамтылды.

 

Тазалық әркімнің өзінен басталады

Президенттің бастамасымен сәуір айында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бас­талды. Көктемгі су тасқынымен арпалысып, дағдарған шақ болса да, Президент өңір әкімдеріне бо­саңсымай, айналаны тазалау, абаттандыру ісіне дереу кірісуге пәрмен берді. Бұл жалпыұлттық сипат алатын тұрақты үдеріске айналуға тиіс екенін қатаң ескертті. Түпкі мақсат – қоғамда экологиялық мәдениет қалыптастыру.

Жыл бойы жүргізілген акцияға 2,4 миллионға жуық адам қатысты. Жүздеген мың аула мен аумақ тазартылып, 900 мың тоннадан аса қоқыс шығарылды. Шамамен 2,5 мил­лион көшет отырғызылды. 20 мыңнан аса әлеуметтік нысанның аумағы, 4,6 мыңнан аса қоғамдық орындар, саябақтар, шағын бақтар абаттандырылды. 5 мыңнан аса тарихи-мәдени нысан және 758 субұрқақ ретке келтірілді. Өзендер мен көлдердің және басқа да су айдындарының айналасындағы 5,8 миллион шаршы метрден аса аумақ, 8,4 миллион метр­ден аса арық тазартылды.

 

Тағдыршешті таңдау

6 қазан күні АЭС құрылысына қатысты өткен жалпыұлттық референдумда халық өз ықтиярын біл­­ді­ріп, таңдау жасады. 5 561 937 азамат немесе дауыс берушілердің 71,12 пайызы АЭС салуды қолдады. Президент АЭС құрылысына байланысты «Бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады. Атом электр стансасын салу – ұзақмерзімді жоба. Аталған бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін даярлауға жағдай жасайды. Демек оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді», деп атап өткен болатын.

Референдумнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Респуб­ликасына мемлекеттік сапары аясында осы елдің Президенті Эмманюэль Макронмен және Қазақстанға мем­лекеттік сапармен келген Ресей Пре­зиденті Владимир Путинмен АЭС құрылысы туралы пікір алмасты. Қазіргі уақытта Қытай тарапымен осы бағытта келіссөздер жүргізіліп жатыр. Яғни бірнеше жылға созылатын мегажобаны жүзеге асыру атом өнеркәсібінде мол тәжірибесі бар ірі компаниялардан құралған халықаралық консорциумға жүк­теледі.

Жуырда Мемлекет басшысы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдап, елімізде салынатын атом электр стансасының құрылысын жеделдетуді тапсырды.

 

Халықаралық байланыс

Еліміздің сыртқы саясаттағы жетістіктеріне арнайы тоқталған жөн. Қазақстан биыл алты халықаралық ұйымға, атап айтқанда, ШЫҰ, ТМҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ-ға, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйы­мына, сондай-ақ Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етті. Франциямен бірге Рияд қаласын­да One Water саммитін ұйымдас­тырды. Осы жауапты миссияларды еліміз абыроймен атқарып шықты. Жоғары деңгейдегі кездесулерде маңызды бастамалар көтеріп, тиісті құжаттардың қабылдануына ұйытқы болды. Егемен әрі дербес ел ретінде өзінің саяси, экономикалық, әскери қауіпсіздік салаларындағы басымдықтарын ілгерілете түсті.

Жыл басынан бері Мемлекет басшысы Қатар, Әзербайжан, Син­­га­пур, Тәжікстан, Моңғолия, Фран­ция және Мажарстан елдеріне мемлекеттік сапармен, ал Италия, Ватикан, Армения, Түрікменстан және Сербия елдеріне ресми сапармен барды. Мұндағы кейбір елдерге Қазақстан Президентінің соңғы 20 жылға жуық уақыттан кейін алғаш рет сапарлағанын атап өткен жөн. Бұл Мемлекет басшысының жан-жақты ықпалдастыққа баса назар аударатынын аңғартады. Мемлекеттік және ресми сапарлардан бөлек Президент түрлі халықаралық іс-шараларға қатысу үшін 11 елге жұмыс сапарымен барды. Бұдан басқа, елімізге түрлі деңгейдегі сапармен келген 11 шет мемлекеттің басшыларын қабылдап, келіссөздер жүргізді.

Бір жыл ішінде еліміздің бірінші борты 158 983 шақырымды ұшып өтті. Президент ұшақ пен тікұшақта 245 сағат 18 минутын өткізді. Бұл – жер шарын төрт рет айналып шыққанмен бірдей қашықтық.

 

Салиқалы саммиттер

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы­на төрағалық аясында шілде айында Астанада аталған құрылымның 24-саммиті өтті. Қазақстанның Ұйым­ға төрағалық ету кезеңінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара ұйым­дастырылып, ұйымның шарт­тық базасы 60 жаңа құжатпен толық­ты. ШЫҰ серіктестері саналатын халық­аралық ұйымдардың саны көбей­ді. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Алматы қаласы 2023–2024 жылдары ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасына айналды.

Биыл еліміз Түркі мемлекеттері ұйымына лайықты төрағалық етті. Осы кезеңде 80-нен аса іс-шара ұйым­дастырылды. Ортақ түркі әліп­­биінің нұсқасы бекітілді. Бес күн бойы Ұлы дала төсін дүбірге бөле­ген V Дүниежүзілік көшпелілер ойын­дары осы ұйымның аясында ұйымдастырылған ең маңызды шараның бірі болды. Дүбірлі додаға 90 елден 2 500-ге жуық спортшы келіп, күш сынасты.

 

Баспасөзбен байланыс

Мемлекет басшысы отандық және шетелдік БАҚ-қа бірнеше рет сұхбат беріп, еліміздің ұстанымын білдіре­тін мақалаларын жариялады. Атап айтқан­да, жылдың алғашқы күндері «Egemen Qazaqstan» газетінде кең көлемдегі сұхбаты жарық көрді. Онда Қаңтар оқиғасына нақты баға беріліп, ел дамуындағы өзгерістер қамтылды.

Сондай-ақ Әзербайжанның АРА, Арменияның «Арменпресс», ҚХР-дың «Синьхуа» ақпарат агенттіктеріне және «Жэньминь Жибао» газетіне сұхбаттары, Францияның Le Figaro, Ресейдің «Известия» басылымдарына мақалалары жарияланды.

Биыл Мемлекет басшысы екі рет журналистерге арнап брифинг өткізіп, БАҚ өкілдерінің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. АЭС құрылысына қатысты республикалық референдумда дауыс бергеннен кейін Президент отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді. Ал 7 желтоқсан күні Доха форумының Newsmaker Interview форматындағы панельдік сессиясы кезінде модератор, СNN журналисі Джулия Чаттерлейдің сұрақтарына жауап берді.

Сондай-ақ Президент шет мемлекеттер басшыларымен бірге БАҚ өкілдеріне арналған 14 брифинг өткізді.

Жыл басынан бері www.akorda.kz ресми сайтына Мемлекет басшысы­ның жұмысы туралы, соның ішінде әртүрлі іс-шараларда сөйлеген сөзде­рі мен үндеулері, Қазақстан халқына Жолдауы бойынша 814 ақпарат жарияланды. Президент Баспасөз қызметінің негізгі платформасының бірі – Aqorda телеграм-арнасына 7 804 ақпараттық материал шықса, Баспасөз қызметінің Facebook-тегі парақшасына 1 801 пост, Instagram парақшасына 1 727 пост жарияланды.

Мемлекет басшысының өзі де шетелге сапарлары, қабылдаған шешім­дері жайында әлеуметтік желілердегі парақшаларына пост жариялап, олардың мән-мазмұнынан көпшілікті хабардар етіп отырады. Бұл халықпен кері байланыстың тиімді құралына айналғаны сөзсіз. Жыл басынан бері Президент Х-парақшасына 20 твит, ал Instagram парақшасына 30 пост жариялады.

Әлеуметтік желіден бөлек Мемле­кет басшысының атына келіп жатқан өтініш, арыз-шағымдар мен талап-тілектерді талдап, саралау Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөліміне жүктелген. Биыл 26 желтоқсандағы мәлімет бойынша, дәл осы платформа арқылы азаматтардан 49 069 өтініш қабылданды.

Бір жылда атқарылған ауқымды шаруаны бір мақаланың шеңберін­де қамтып шығу әсте мүмкін емес. Дегенмен жұрт жадында сақталған, мемлекеттің даму тарихында өзіндік орны бар оқиғаларды осылай сараптап өттік.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға