Жаңалықтар

«Елді алдамай бір жағына шығаруымыз керек»: Абзал Құспан қазақ тілі мәселесіне нүкте қою керегін айтты

«Елді алдамай бір жағына шығаруымыз керек»: Абзал Құспан қазақ тілі мәселесіне нүкте қою керегін айтты
Фото: t.me/mazhilis_kz 31.10.2023 16:20 2092

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан қазақ тілінің мәселесі заңмен дұрыс бақыланбайтынын айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Мәжілістің комитет отырысында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізу туралы заң жобасы таныстырылды.
Абзал Құспан Әкімшілік кодекс қабылданғалы шешілмей келе жатқан бір мәселе бар екенін алға тартты.

Әкімшілік кодекстің материалдық бөлімінде 75-ші бап бар. Бұл бапта тіл заңнамасын бұзғандығы үшін жауапкершілік көзделген. Қазір қоғамда қазақ тілінің мәселесі – күйіп тұрған мәселе. Ең қызығы 75-ші бапта заңнаманы бұзғандарға салынатын айыппұлдардың барлығы көрсетілген. Ал 804-ші бабымен, яғни процестік бөлігі осы 75-ші бап бойынша әкімшілік хаттама толтыратын бірде-бір мекеме белгіленбеген. Бізде тіл бойынша заңды бұзады. Неше түрлі намысқа тиетін қазақ халқының ар-намысына тиетін сөздерді айтады. «Қазақ тілінде сөйлемеймін» деген сияқты сөздерді айтады. Қазір қоғамда осындай неше түрлі жағдайлар болып жатыр. Сол адамдарды жауапкершілікке тартайық десек, бірде-бір уәкілетті орган жоқ. Бұл тек қана осы 75-ші бапқа байланысты, - деді депутат.

Депутат әкімшілік кодекстегі тіл туралы заңға не өзгеріс енгізу қажет, не аталған бапты алып тастау керек екенін жеткізді.

Тілге қатысты мәселе қашан шешімін табады? Я біз жұмыс істемейтін бап ретінде 75-ші бапты алып тастауымыз керек. Я біз уәкілетті органды белгілеп, тілге қатысты заңды бұзған жағдайда уәкілетті орган әкімшілік хаттама толтыратындай құқық беруіміз қажет. Осы мәселенің қашан және қалай шешімін табуға болады? Егер мен ұсыныс енгізейін десем, Қазақстанда тілге қатысты тиісті уәкілетті орган жоқ. Қазіргі уәкілетті органбыз деп жүрген Тілді дамыту комитеті біресе басқа министрлікке, біресе екінші бір министрлікке көшіп, қазір қателеспесем Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарайды. Олар тексеру жүргізе алмайды. Тіпті бақылаушы функция жоқ. Елді, халықты алдамай бір жағына шығаруымыз керек деп есептеймін, - деді Абзал Құспан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға