Жаңалықтар

Елдегі «Жасыл» экономиканың жағдайы қалай?

Елдегі «Жасыл» экономиканың жағдайы қалай?
Фото: El.kz 13.06.2023 13:27 2707

Қазақстан «жасыл» экономиканы құрумен белсенді айналысып келеді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын электр станциялары өндіретін электр энергиясының үлесі 4,2 ​​пайыздан асты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.   

2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 6 пайызға, 2030 жылға қарай 15 пайызға, баламалы көздерді есепке алғанда 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін арттыру міндеті қойылып отыр.

«Жасыл» экономика дегеніміз не?

«Жасыл» экономика термині алғаш рет 1989 жылы ғылыми мақалада жарияланды және содан бері ғылыми әдебиетте кеңінен қолданыла бастады. Ол тұрақты даму тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Бұл - тек Қазақстанда емес, әлемде қалыптасқан ұғым. «Жасыл» экономика бір мезетте үш қағидатқа, яғни әлеуметтік, экологиялық және экономикалық өсуге қол жеткізуді көздейді.

«Жасыл» экономика дамуында көптеген артықшылық бар. Мысалы, қоршаған ортаның тазалығы халықтың денсаулығына пайдасын тигізеді. Сондай-ақ халық өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ету, ақша тауып, экологиялық таза тауарлар шығарады және т.б.

Еліміздің экономикасы шикізатты табуға бағытталғандықтан, көп жағдайда өндіріс қалалардың экологиясына әсер етіп жатыр. Тіпті жағдайы ауыр екенін барлығымыз көріп отырмыз. Сол себепті 2013 жылғы 30 мамырда елімізде мемлекеттің инновациялық іскерлігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы» бекітілген болатын.

Оның негізгі бағыттары:

  • Жаңартылатын энергия көздерін енгізу;
  • Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы энергия тиімділігі;
  • Ауыл шаруашылығындағы органикалық егін шаруашылығы;
  • Қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру;
  • Су қорларын басқару жүйелерін жетілдіру;
  • «таза» көлікті дамыту;
  • Экожүйелерді сақтау және тиімді басқару.

Климаттық жағдай – жаһандық проблема

Елордада жақына ғана өткен Астана халықаралық форумының күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі – осы «жасыл» экономикаға көшу тақырыбы болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана халықаралық форумының пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде климаттық жағдай әлемнің ортақ проблемасы екенін айтып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Аймақтағы климат және өзге де мәселелерді талқылау үшін мен Алматыда Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды және БҰҰ секілді халықаралық ұйымдарды тарта отырып, 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климаттық саммит өткізуді ұсынамын. Еліміз «жасыл» экономиканың мол мүмкіндіктерін ұсынып, қайта қалпына келтірілетін энергетиканың орталығы атана алар еді. Алайда уақыт біздің жағымызда емес. Көмірді аз тұтыну және «жасыл» экономикаға қажетті жылдамдықпен көшу үшін бізге ресурстар мен серіктестік байланыс қажет, - деген болатын Президент форумда.

«Жасыл» экономика. Сарапшылар пікірі

Астана халықаралық форумының қатысушылары «Көміртегі бейтараптығы контекстіндегі жаңартылатын энергия көздері және көміртегі нарығының дамуы» тақырыбында ойларын ортаға салып, проблеманы қалай шешу керегін айтты.

Осы сала мамандары атап өткендей, 2050 жылға қарай «жасыл» экономикаға жаһандық деңгейде жету керек. Ол үлкен күш-жігерді талап ететіні сөзсіз. Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметінше, бүгінде атмосфераға шығарындыларды 60 пайызға дейін азайту қажет.

Сарапшылар климаттың өзгеруіне қарсы мақсатты бірлескен күрессіз Орталық Азия аймағының және бүкіл планетаның одан әрі дамуының тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес екенін айтады.

Еуразия, Таяу Шығыс және Африкадағы энергетика жөніндегі ЕҚДБ директоры Аида Ситдикова аймақ елдері «жасыл» жобаларды өздері белсенді түрде қаржыландырып қана қоймай, жаңартылатын энергия секторына шетелдік инвестицияларды тарта алатынын айтты. Ол үшін үкіметтер реттеуші ортаны үнемі жетілдіріп отыруы керек.

Қазақстан 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын Орталық Азиядағы алғашқылардың бірі болып бекітті. Құжат өркендеуді, тұрақты экономикалық өсуді және әділетті әлеуметтік ілгерілеуді қамтамасыз ету үшін экономиканы дәйекті түрлендіру бойынша ұлттық тәсілдерді, мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағытын айқындайды. Еліміздің мақсаты – энергия балансындағы жаңартылатын энергияның үлесін айтарлықтай арттыру. Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерінің әлеуеті зор, дегенмен республикадағы жаңартылатын энергияның құны соңғы бірнеше жылдағы ең жоғары болып отыр. ЖЭК қондырғыларын шығару отандық өнеркәсіпті жүктеп, ЖЭК өндіретін бір киловатттың өзіндік құнын төмендетуге жақсы септігін тигізер еді, - деді сарапшы.

Аида Ситдикова атап өткендей, энергияны көп қажет ететін нарықтары бар елдер Орталық Азияда орналасқан. Олардың алдында күрделі міндет тұр, дәлірек айтқанда, экономикалық өсуді қамтамасыз ету және парниктік газдар шығарындыларын азайту. Жаңартылатын көздер оларды энергиямен қамтамасыз етудің тиімді шешімі бола алады. Көміртектің бейтараптығына қол жеткізу үшін көмірдің қарқындылығы мен энергия сыйымдылығын азайту, өндіріс тиімділігін арттыру және сұранысты басқару қажет.

Еуропалық қайта құру және даму банкі оларға энергетика саласындағы мақсаттарына жетуге көмектеседі. Аида Ситдикова ЕҚДБ-ның Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздерін салуға және электр желілерін жаңғыртуға қосқан үлесі туралы айтты.

Назар аударарлық жобалардың бірі – Алматы ЖЭО-2-ні көмірден газға көшіру. Ол сондай-ақ жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдаудың маңызы зор. Себебі олар бәсекеге қабілетті болып қалу үшін экспортты декарбонизациялау қажет, - деп айтты сарапшы.

Masdar компаниясының бас директоры Мохамед Джамеил Аль-Рамахи кәсіпорынның жоспарларын жариялап, оның болашағын жаңартылатын энергия көздерінің мүмкіндіктерімен байланыстырып қана қоймай, 2030 жылға қарай 1 миллион тонна таза «жасыл» сутегін алғысы келетінін айтты.

Сутегі әлем экономикалары үшін көміртегі бейтараптығына қол жеткізуде маңызды рөл атқарады деп ойлаймын. Қазақстанда көптеген ресурс бар. Ол тау-кен және балқыту кешенін көміртексіздендіруі керек, көлік, авиация және сутегі экологиялық мәселелерді шешу қиын болатын секторларда өте маңызды рөл атқара алады, - деп ойын ортаға салды Мохамед Джамеил Аль-Рамахи.

Сондай-ақ отырыста сарапшылар жаңартылатын энергетика секторын дамыту үшін тарифтік саясат, «жасыл» инвестицияларды тарту, аукциондардың ашықтығы, кадрларды оқыту және әлеуметтік мәселелерді шешудің маңыздылығы туралы пікір алмасты. Бұл жайдан-жай атылып отырған жоқ, себебі 2025 жылға қарай әлемде өндірілетін электр энергиясының 35 пайызы жаңартылатын көздерден алынады.

Сонымен қатар «Самұрұқ-Қазына» компаниялар тобы парниктік шығарындыларды 10 пайызға қысқартуды көздеп отыр. Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Астана халықаралық форумында осындай ойды бөлісті.

Қазақстан 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына қол жеткізеді. Елдегі көмірқышқыл газы эмиссиясының шамамен 15 пайызы компанияларымыздың тобына келеді. Бұл жауапкершілікті толық сеніп отырмыз. Сол себепті 2032 жылға қарай парниктік шығарындыларды 10 пайызға азайтуды көздеп отырмыз, - деп айтты Нұрлан Жақыпов.

Айта кетсек, «Самұрық-Қазына» Қазақстанның оңтүстік аймағында 4 жел электр станциясын салады. Станциялардың қуаты 1 ГВт электр энергиясына жетуі мүмкін. Қазір Қазақстандағы барлық жаңартылатын энергетиканың жалпы қуаты (күн, жел, су) - 2,4 ГВт.

Masdar компаниясымен Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт ЖЭС салу туралы келісімге келдік. Оның құрылысына байланысты іс-шаралар жобасы CPIH компаниясымен бірлесіп қабылданды. Сонымен қатар біз Power China басшылығымен Алматы облысында ЖЭС ауқымын кеңейтуге келістік, - дейді ол.

Жоғары дамуға және гүлденген өмірге қол жеткізу, қазіргі заманғы критерийлер негізінде экономика салаларын дамыту, экологиялық проблемалардың оң шешімін табу - бұл мемлекет пен осы саладағы жауапты тұлғалар ғана емес, сонымен бірге халықпен бірге жүзеге асыратын маңызды міндеттер. Сондықтан алға қойылған бастамалар мен мақсаттар бәрімізге қатысты. Ол үшін жауапкершілік әрқайсымыздың күнделікті іс-әрекетімізде саналы түрде көрінуі керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға