Жаңалықтар

Елдегі мұғалімдердің жартысы 581 мың теңге жалақы алады

Елдегі мұғалімдердің жартысы 581 мың теңге жалақы алады
Фото: ortcom.kz 04.03.2025 15:22 1542

2020 жылдан бастап президент тапсырмасына сәйкес, педагогтердің айлық еңбекақысы 100%-ға өсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сондай-ақ 2023 жылдың қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға артты. Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына кәсіпорындардан тартылған мамандарға 30-35 % көлемінде үстемеақы қосылды.

«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін, мұғалімдердің жалақысының мөлшері білімінің, санатының (шебер, зерттеуші, сарапшы, модератор) деңгейіне және еңбек өтіліне, жүктеме көлеміне, сондай-ақ еңбек ету жағдайына байланысты қосымша төлемдер, академиялық дәрежесінің болуы (10 АЕК), тәлімгерлік етуі, сабақтан тыс спорттық дәрістер беруіне (базалық лауазымды еңбекақыдан 100%) байланысты қалыптасады.

Осылайша, түрлі санаттарының болуына байланысты педагогтерге келесідей үстемеақы төленеді:
* Педагог-шебер – 50%
* ⁠Педагог-зерттеуші – 40%
* ⁠Педагог-сарапшы – 35%
* ⁠Педагог-модератор – 30%

Ауыл мұғалімдеріне ерекше көңіл бөлінуде – олардың жалақысы қалалық әріптестеріне қарағанда, кемінде 25%-ға жоғары.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда мұғалімнің орташа айлық жалақысы 1 мөлшерлеме үшін (16 сағат) 352 мың теңге, ал ауыл мұғалімдері үшін 435 мың теңгені құрады. Бұл ретте Ұлттық білім беру деректер базасының мәліметінше, еліміздің педагогтерінің жартысы 1,5 мөлшерлемемен (24 сағат) жұмыс жасап, айына орташа 581 мың теңге жалақы алады.

Сонымен қатар, Қазақстан білім беру ісіндегі жетістіктері, олимпиада жүлдегерлерін дайындағаны және мемлекеттік наградаға ие болғаны үшін ақшалай сыйақымен марапаттауды үрдіске айналдырған санаулы елдердің бірі. 2023 жылы 89 педагог мемлекеттік сыйақының лауреаты атанды, сыйақы көлемі 3,6 млн теңгені (1000 АЕК) құрады. Марапатталушылардың арасында – Еңбек ерлері, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстаздары, «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары бар.

Осылайша, соңғы бес жылда Қазақстан айлық жалақының өсуін ғана емес, үстемеақы төлеу және ынталандыру жүйесін қамтамасыз ету арқылы педагогтердің мәртебесі мен қаржылық әлеуетін көтеру бағытында маңызды бастамаларды жүзеге асырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға