Жаңалықтар

Елде маман тапшы. Ал білімді жастар шетелге гастрабайтер болып кетіп жатыр

Елде маман тапшы. Ал білімді жастар шетелге гастрабайтер болып кетіп жатыр
Фото: Әлеуметтік желіден 26.07.2023 14:15 1564

«Шебердің инесі де, соққан күймесі де алтын» деген. Иә, қоғамда өз ісін жетік білетін кәсіби маманға сұраныс жоғары. Бірақ кейінгі жылдары еңбек нарығында жұмыс күшінің тапшылығы байқалады. Осыны көріп, біліп отырған аға буын кей-кейде жастарды «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүреді» деп сынап жатады. Сын да орынды шығар, алайда шаруаның ауыр-жеңіліне қарамайтын, тірлігі тиянақты жұмысшының еңбегін қоғам лайықты бағалай ма, деген сауалға келгенде тартынып қаламыз.

 Сыртта еңбек ететін жастарды жазғыра алмаймыз

Үкімет жұмысшылардың құқын қорғауға, әлеуметтік мәселелерін реттуге мейлінше жәрдемдесіп келеді. Әрі бизнесте, еңбек нарығында адал бәсекелестік қалыптастыру идеясын қолдайды. Әйткенмен, нақ қазір елде жұмысшының мәртебесі биік, әлеуметтік жағдайы келісті деп айта алмаймыз. Еңбек жайында әңгіме бастала қалса, сөздің төркінін кеңес өкіметі тұсындағы жылдармен, саясатпен сабақтайтын аға буын сол бір кезеңдерде еңбек адамдарының маңдай тері лайықты бағаланғанын айтып отырады. Ел арасы, ауыл ішінде бейнеттің зейнетін көрген азаматтардың, әсіресе, еңбегі ерлікке пара-пар шаруалардың есімі аңыз болған деседі. Тәубе, егемендік алып, нарық заманы орнады. Санаулы жылда дүниеге көзқарас, құндылық өзгерді. Өндіріске баруды құп көрмей, қолдан келсе оңай олжаға кенелудің қам-қарекетін қарастыратын жастар ілесті. Қош, әлеуметтік-экономикалық ахуал еңбек нарығына қалай әсер етеді? Біз мақалада осыны анықтауға тырыстық. Әлеуметтанушы Бақыт Әлмұратовтың айтуынша, жаңа технологиялар өркен жайған заманда жұмыс күшіне сұраныстың артуы таңқаларлық жайт емес.

Қай елде жұмыс күшіне сұраныс жоғары? Біз бұл сұраққа өнеркәсібі өркендеп, дамудың даңғыл жолына түскен мемлекеттерде, деп жауап берер едік. Дамыған елдерде құрылыс тоқтамай, қала кеңейе береді. Бір емес, бірнеше сала қатар дамиды. Мысалы, постиндустриалды қоғамға бағыт бұрған Оңтүстік Корея, Жапонияны алайық, сосын, әрине, Батыс Еуропадағы экономикасы мығым, алпауыт мемлекеттер жұмысшыларға сенім артып отыр. Олардың өндірісі қуатты екенін білесіздер. Әлеуметтік желіден Ұлыбританияның егіс алқаптарында, жылыжайларында қарға қуып, көшет отырғызып жүрген өзіміздің іні-қарындастарымызды жиі көретін болдық. Сол бейнежазбаларды тамашалаған соң, шетелге баруға қазірден қамданып жатқан азаматтар да бар болуы керек, - дейді Бақыт Әлмұратов.

Ол Ұлыбританияда жұмысшының еңбекақысы жұмыс істеген сағатына қарай төленеді. Елде айлап жұмыс істесе де таба алмайтын қаражатты Еуропа асқандар санаулы күнде алып жүр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне үңілсек, 2011 жылдан 2022 жыға дейін 367,1 мың ел азаматы шетелге кеткен. Шетел асқан эмигранттардың 38%-ы жоғары білімді болса, 34%-ның кәсіптік білімі бар. Бұл дегеніңіз шет елге жұмыс істеуге барған азаматтардың ішінде білімді, білікті жастар көп дегенді ұқтырады. Ал бізде кейбір салаларда маман тапшы деп отыр.

Бүгінде Батыс Еуропада жұмысшылар нөпірі зейнет жасына келіп қалса, жастардың дені білім-ғылыға бет бұруды жөн көреді екен. Қала берді Ұлыбританияда туу көрсеткіші төмен. Елден Оңтүстік Кореяға барып ресми тіркелмей жұмыс істеп жүрген отандастар қаншама? Жастар шын мәнісінде жалқау болса, шет елге жұмыс күші ретінде баруға оқталмас та еді. Қайта, жұмыс іздеп шетел асқандардың дені тапқан-таянғанын елге әкеліп, экономикаға тамшыдай болса да үлесін қосып отыр.

Жүргізуші мен дәнекерлеушілер қайда жүр?

 Елдің барлық аймағында, әсіресе, қалаларда құрылыс қарқынды жүруде. Сондай-ақ  қанатын кеңге жайып, өркендеген өндіріс орындары көп. Мұндай мезгілде дәнекерлеушіге сұраныс еселеп артады. Тіпті, жыл сайын дәнекерлеушіге жақсы жалақы төлейміз деген компаниялар табылады. Қысқасы, дәнекерлеуші тапшы. Дәл осы кәсіп бойынша орта білімі бар жастар болғанымен, олардың өндіріске баруға ыждағаты жоқ тәрізді. Бәлкім, жастар «осы салада еңбек етсем қоғамдағы орным қалай болады», деп алаңдайтын шығар? Әлде, кейбір қатарластарына қарап, «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүргісі келе ме? Кез келген салада кеше келген маманды тәжірибесі толысқан, оң-солын бағамдаған шебердің алдына шығарып, жайлы орын ұсынбайды. Жұмыс берушілер де мамандардың біліктілігіне, қарым-қабілетіне қарай жалақы тағайындауға тырысады.

Қазір қалада автобус жүргізушілерінің қызметіне көңілі толмай, сын айтатындар табылады. Әлеуметтік желіде жүргізушімен жаға ұстасып қалған жолаушыларды да ара-тұра байқап қаламыз. Білсеңіздер, таңмен таласып оянып, қас қарайғанға дейін байыз таппай, кейде екі адамның жұмысын істейтін жүргізушілер бар екен. Олардың әлеуметтік жағдайын елеп-ескеріп, қолдау көрсететіндер некен-саяқ. Жүргізушіге жергілікті билік, саяси партия, қоғамдық бірлестік, кәсіподақтан келіп, арқасынан қағып па? Автобус паркінің басшылығы да жұмысшыға жалақы беріп отырған соң, бірінші кезекте талап қоятыны анық. Жүргізші болмай жатып, жұмысты қиын деп санаған жастар салаға қалай келсін? Тау-кен ісі, металлургияда жұмысшылар жоғары жалақы алады. Шынтуайтында, ондағы жұмыс жеңіл емес. Адал еңбек ететін жұмысшының мәртебесі биік болуы керек деп бәйек қаққанмен бәлендей өзгеріс бола қойған жоқ. Жұмысшының қоғамдағы орны туралы сан-сауалдың бір ұшы идеологияға байланып тұрғаны белгілі. Әлеуметтанушы Бақыт Әлмұратовтың айтуынша, әр аймақтың табиғи, географиялық ерекшелігіне қарай өндірілетін өнім көлемін ұлғайтып, сол істі үйлестіріп отырған жұмысшылардың мәртбесен көтеруге болады. Өңірден шығатын өнім шетел асып, жаһандық нарықты жаулап жатса, бұл жетістік жергілікті халықты да ынталандырса керек. Кейінгісі белгілі, өндірісте жұмысшылардың мәртебесі көтеріліп, жалақысы да тәуір болмақ. Расында, осындай жарқын бастамаларды әлем елдерінің тәжірибесінен де байқауға болады.

                     Мамандық таңдауда қада басуға болмайды

Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, біліктілігі бар, өз ісін білетін азаматтар жолда қалмайды. Шындап кіріскенге жұмыс табылады.

Аудан, басқа қалаларды айтпағанда, Астананың өзіне 400-ге жуық жүргізуші қажет. Салдарынан қаладағы кейбір автобус жүргізушілері екі ауысымда жұмыс істеп жатады. Қоғамдық көлік тізгіндеген азаматтарға елордадағы автопарктер 500 мың теңгеге дейін жалақы төлейді. Неге екені белгісіз, осы салаға келіп жатқан жастарды көп кезіктірмейміз. Сонымен қатар елордадағы мектептерге мұғалім, тазалыққа қарайтын серіктестікке жұмысшы керек. Мұғалімнің жалақысы әжептеуір жақсарғанын білесіздер, ал қаланың тазалығына қарайласып жүрген жұмысшылардың еңбекақасы тәуір деуге келмейді, - дейді экономист.

Ол бірақ  онда да жылдар бойы еңбек етіп жүрген білікті мамандар жақсы жалақы алады. Ауылдан қалаға жұмыс іздеп келетін жастар көп. Енді, ауылда ата кәсіпті жалғауға мықтап бекінгендер болмаса, мал асырау да оңай емес. Қалаға келген біліктілігі жоқ жастардың дені көлік болса, такси жүргізуші болады, болмаса, қоғамдық қызмет орындарына барады немесе саудаға араласады деп отыр.

Байқағанымыз, ауыл, мейлі қала жастары сұраныс жоғары мамандықты меңгергенімен кейде сол салада еңбек етуге ынталы болмайды. Мұны мен кәсіпорындарды аралағанда білдім. Мысалы, қазір фрезерлеуші, «токар», дәнекерлеуші тағысын-тағы көптеген маманға сұраныс бар. Осы бағытты таңдағандарға жұмыс берушілер 300 мың теңгенің көлемінде жалақы ұсынуға дайын. Өкініштісі, бұл салаларда жұмыс істеуге дайын жастар бар, бірақ, олардың барлығының біліктілігі бар деп айта алмаймыз. Кейбір жұмыс күшін қажет ететін салаларда шетелден келген өзге ұлттың азаматтары еңбек етіп жатыр. Жастарды түсінеміз, жоғары білім алғандар көңіліндегідей жұмыс табуды ойлайды, дейді Сапарбай Жобаев.

Иә, белгілі бір салада еңбек етуге оқталғанымен біліктілігі болмаған соң жұмыстан құр қалып жатқан жастар бар. Шындап кіріссе, белгілі бір саланың шебері болуды ойлаған жастың білім алуына еш кедергі жоқ. Мейлі, ірі қалада айына 300 мың теңге жалақы ұсынатын жұмыс табуға болады екен. Ал ауылдағы еңбекке қабілетті азаматтардың жайына тоқталсақ, шағын және орта кәсіпкерлікке қатысты сұрақ туындайды. Себебі қала мен ауылдағы әлеуметтік-экономикалық жағдай тепе-тең деуге келмейді. Сапарбай Жобаевтың айтуынша, шағын және орта бизнестің көкжиегі кеңейсе, басақа мәселелер кезең-кезеңімен реттеледі.

Шағын және орта бизнесті дамытуға кедергі келтіріп отырған алпауыт кәсіпорындар бар. Бізде ішкі өнімнің шамамен 60 пайызы мемлекетке тиесілі. Осыны біз 10-15%-ға дейін төмендетсек олжа. Дамыған 35 елдің қосына қосылу үшін де осы талапты орындауымыз қажет. Бай бағландардың квазимемлекеттік кәсіпорындарын көлегейлемей, шағын және орта кәсіпкерлікті ілгерілету қиын. Жұмысшы жалақысының төмен болуына сыбайлас-жемқорлық та кедергі. Кәсіп ашып, ісін өрге домалатуды көздегендерге мүмкіндік қарастыру қажет. Әділ бәсекелестік орта қалыптасуы тиіс. Барлық кәсіпкерге теңдей мүмкіндік беру маңызды. Ауылда талай жылдан бері жер ала алмай жүрген шаруаларға мүмкіндік беру керек. Әйтпесе, ауылдарды аралап, жердің иесін сұрай қалсаң, басшылардың жері екенін естіп жатасың. Менің ойымша, кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуді ойлаған озық ойлы, еңбегі адал азаматтарға қолдау болса, сонда еңбек ететін жұмысшылардың жалақысы да мардымды болар еді,- дейді экономист.                                    

Жұмысына жалақысы сай болса...

Астана тұрғыны Әлімжан Егінбайұлы «Астана тазалық» серіктестігінде студент кезден еңбек ете бастапты. Алғашында көше аралап, қоқыс шығарса, қазір учаске басшысы.

Тазалыққа жауапты мекемедегі жұмысымды 1998 жылы бастадым. Бізге қарайтын учаскеде жазда қоқыс шығарып, қыста қар күрейтінбіз. Ол кез жалақымыз 13 мың теңге болатын. Университте инженер-құрылысшы мамандығын сырттай оқып жүрдім. Екі жылдан соң оны да тамамдадық. Содан 2004 жылдан бастап мамандығым бойынша құрылыс компаниясында жұмыс істедім. Кейін, 2010 жылы тазалыққа жауапты мекемеге қайта оралдым. Бұрынғы еңбек тәжірибем еленіп, көп ұзамай шебер болдым. Қазір Алматы ауданы бойынша учаскенің қолмен жинау жөніндегі басшысымын. Біздің учаскеде 100-ге жуық жұмысшы бар. Олардың еңбекақысы 150 мың теңгеден жоғары. Байқағаным, қазір бізге жұмысқа келуге ниетті жастар көп емес. Қала тазалығына араласуды намыс санай ма, білмедім. Бірақ, менің түсінгенім, тірнектеп жиған маңдайақың қадірі болады, –дейді учаске басшысы.

Учаске басшысы Әлімжан Егінбайұлынан сұрай келе, тазалыққа жауапты мекемедегі жұмысшының көбі қала маңындағы аудандардан қатынайтынын білдік. Іргелес Шортанды, Бектау ауылдарын былай қойғанда, қаладан 100 шақырымдай қашық Нұра секілді ауданнан келіп жұмыс істейтіндер бар екен. Иә, оларға арнайы маршрут белгіленген. Алайда, жұмысшылар Астанаға 7.00-де жетуі тиіс болса, тіршілікке қаладағылардан ертерек қамданбасқа шара жоқ. Астанадағы жұмысшылар осы еңбегіне 150 мың теңгеден жоғары жалақы алса, өзге өңірдегі жұмысшылардың табысы бұдан төмен болса керек.

Халықты жұмыспен қамту орталығының ақпаратына үңілсек, Астана қаласында автобус жүргізушісіне, құрылысшыға, дәнекерлеуші мен сантехникке сонымен қатар электриктерге сұраныс көп.  Бұдан өзге көгалдандырудан хабары барларға, аспаз, монтаждаушы, аула сыпырушымен қоса көлік жөндеуге қабілетті маманға жұмыс баршылық деседі. Осындай кәсіп иелеріне жұмыс берушілер орта есеппен алғанда 70 мыңнан бастап, 300 мың теңгеден жоғары жалақы ұсынуға дайын. Бұл қатарда дәнекерлеуші, жоғары санаты бар жүргізуші, монтаждаушылардың 500 мың теңгеге дейін табыс табуына болды екен. Ресми статистикадаға деректер өз ісін жетік білетін, тәжірибесі толысқан маманға сұраныс бар деген ойды толықтырып тұрғандай.

Байқасақ, кез келген қала, ауданда жұмысшылардың еңбекақысы аймақтың күнкөріс деңгейіне, әлеуметтік-экономикалық жағдайына сай келеді. Яғни, қала мен ауылдағы жұмысшылардың жалақысын салыстыру қиын. Ауылдан қалаға арман қуып келген еңбек тәжірибесі жоқ азаматтардың санаулы жылда бүйірі шығып, үйлі-күйлі болып кетеді деп айтуға да әлі ерте секілді. Сонымен, тақырыпқа қатысты ой-пікірлерді ұштастыра келе, еңбек нарығында жұмысшының мәртебесі жалақы өскенде биіктейді деп пайымдасақ болатындай. Мұны алысқа ұзамай-ақ қоғамдағы ұстаздардың мәртебесіне қарап түсінеміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға