Жаңалықтар

Елбасының ұстазы!

Елбасының ұстазы!
20.11.2015 04:26 5496

Алғашқы ұстаз!… Алғашқы ұстаз… Осы бір ұлы сөзді жер дүниенің барша адамының сүйініп айтпағаны жоқ-ау, сірә!

Елбасының ұстазы!

«Ұстаз» сөзін естігенде, білім, ғылым, тәрбие, өнеге, адамгершілік құндылықтары, рухани байлықтар,  мейірім-қайырым, махаббат-құрмет, өнер, шешендік, көсемдік, батылдық – ерлік, т.б. асыл қасиеттерді сезініп, әсерленіп қаламыз. Жүрекке жылу кіреді,  ой жақсылығы күшейеді. Өзі де әлемдегі Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанған Әбунасыр әл-Фарабидің: «Ұстаз мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсететін, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек», –  деген өсиеті ойға оралады. Ұлы ұстаз Ұлықбек өзінің шәкірті Әлимен құшақтасып, көзіне жас алып қоштасып тұрып: «Жүздеген жылдардан бері қолдан түспей оқылып келе жатқан әйгілі «Кабуснама» кітабында жазылғандай, ұстазыңның сөздері мен үлгі-насихаттарын есіңде ұста және ардақтай біл!» – дегені еске түседі. Данышпан  Абай адамның адам болмағы жақсы ұстаздан да екенін сон­дықтан  айтқандай. Корей халқы ұрпағына ұстаздың тіпті көлеңкесін де басуға болмайтынын ескертіп отырады екен!

Ал жас өренге білім қақпасын алғаш ашқан ұстаз мәртебесі осы пайымдардың ең басында тұр. Ғылымға шығар баспалдақ – білім, білімнің орнайтын іргетасын берік етіп қалайтын – алғашқы ұстаз. Алғашқы ұстаз – бір төбе де, одан кейінгі барлық ұстаз – бір төбе! Алғашқы  ұстаз шәкірт үшін – адамтану, дүниетану, сөзтану, өнертану, білімтану. Балаң шәкірт бәрін де алғашқы ұстазының көзімен танып-біледі. «Сәбидің тағдырының  сипаты – кіндік шешеден» дейтін сияқты, шәкірттің де білімінің қуат-күші, мінез мәдениеті, еңбек дағдысы – алғашқы ұстаздан.

Осынау ұлылық әлемінде Елбасы, Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алғашқы ұстазы Исмайлова Тәкура Алғадайқызының ардақты есімі де жұлдыздай жарқырайды. Ол туралы Тәкура Исмайлова­ның қызы Қарлығаш Исмайлова «Елбасы сыныптастары» атты кітапта мынадай дерек келтірді: «Менің анам Исмай­лова Тәкура Алғадайқызы 1922 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Прудки селосында дүниеге келіпті. ЖенПИ-ді оқып бітірген соң, Шамалған ауылындағы Фурманов атындағы мектептің бастауыш сыныптарына сабақ беріп, зейнет­керлікке шыққанға дейін осы жерде еңбек еткен еді. Анам Тәкурадан мыңдаған балалар сауатын ашты, тәрбие алып шықты…

Осы мектепте Нұрсұлтан Назарбаев Әбішұлы да оқыған. Елбасына бастауыш сыныпта алғаш қолына қалам ұстатып, сауатын ашып оқытқан анамыз Тәкура екен. Шәкірттерінің басым көпшілігін есінен шығарған емес. Шәкірттері де оқытушысын ұмытқан емес.

Нұраға Теміртаудан ауылға келгенде, ұстаздарын іздеп келіп, сәлем беретін. Бірде автобуста кездесіп: «Тәкура апай, Сіз туралы газетке мақала жазып едім, оқыдыңыз ба?» – деп сұрапты. Анамыз алғысын жаудырып кете беріпті.  Үйге келген соң: «Қуанғанымнан абдырап, қай газет екенін де сұрамағанымды қарашы», – деп өкінген еді. Шамалғанда  кездескенде, Нұрағамыз: «Бұл кісі – біздің Тәкура тәтеміз, қолымызға қалам ұстатып, сауатымызды ашып, оқу-жазуға үйретті, біз мұндай асыл жанды еш­қашан ұмытпауымыз керек», – дегені әлі жадымда…

1990 жылы анамыз қайтыс болғанда, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Мәскеуден үйге телефон шалып, ауданға тапсырма берсе керек, Қаскелең ауданының бірінші басшысы көңіл айта  келіп, Нұрағаның көңіл айтқан жеделхатын табыс­тады. Әлеуметтік архивімізде сақтаулы тұрған осы жедел хабарда былай деп жазылған:

«Үлкен Ұстаз, мейірбан ана, кең пейілді, парасатты азамат, көпшілік құрметтісі Тәкеңнің күтпеген жерден келген қазасы бәрімізді қатты күйзелтіп, тебірентіп кетті. Қайғы-мұңдарыңызға ортақпыз!

Қадірлі ұстаздарымыздың ел азаматтарын тәрбиелеп өсіргендегі  өлшеусіз еңбегі ешқашан да ұмытылмайды. Ол кісінің асыл қасиеттері, жарқын бейнесі біздің жүрегімізде әрқашанда сақталады. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!»

Шын жүректен шыққан сөздер ғана жүректерге жетіп, көкірекке сіңсе керек. Болашақ Тұңғыш Президенттің қолына алғаш қалам ұстатқан ұстаздан асқан бақытты адам жоқ шығар деп ойлаймын. Ендеше менің анам Тәкура  – шын бақытты жан!»

Ия, Тәкура Алғадайқызы – бейнесі шәкірт жүрегінде мәңгі сақталатын шын бақытты мұғалім. Тәкура Исмайлова апайлары жайында «Елбасы сыныптастары» атты естеліктер жинағы беттерінен оның шәкірттері де осылай дейді.

Байбек Қыдырғали Мұхаметәмірұлы:

– Мен 1947 – 1948 оқу жылында Шамалған ауылын­дағы шағын ғана Фурманов атындағы селолық орта мек­тебінің табалдырығын Нұрсұлтанмен бірге аттадым… Бас­тауыш сыныптарда бізге қалам-қарындаш ұстатып, сауат ашып оқытқан Тәкура (ауылда – Тәку) дейтін тәтейіміз болды. Біз алғашқы ұстазымызды ешуақытта жадымыздан шығарған емеспіз… Өңшең ұлдар бір сыныпта оқыдық та, өздерімізше әдемі гүлдер теріп әкеліп, мұғалім үстеліне қоятынбыз… – дейді.

Тәкура апайдың шәкірті  Панар Ихамберлина өз ойын былай білдірді:

– Осы мектепте бізге білім, тәрбие берген ұлағатты ұстаздарымызға – Жылқыбай Қарасаев, Қараласбаева Гүлжамила, Мырзатай Ихамбермен, Тәку тәтей Исмай­лова, Талап Сұлтанбеков, Тоты Сейтжанова, т.б. алғы­сымды айта отырып, олар әрқашан біздердің жадымызда дегім келеді… Мұғалімдерге жастық еліктеушілік қой… ұл-қыз демей бәріміз сол ұстаздарға оқушылық мейіріммен ғашық болдық.

Сатылған Бәкішев ұстазына деген көңілін былай білдіреді:

–  1950 жылы мен 1-сыныпқа барғанда бізді 3-сынып­пен қосып бірге оқытты. Нұрсұлтанмен 2 жыл бірге Тәку Исмайлова ұстазымыздан білім алдық. Өте мейірімді, керемет көрікті, ерекше апай еді. Ол кісі қай жерде кездеспесін, біз бас киім шешіп амандасатынбыз, бірақ, бізге ешкім солай амандас деп үйреткен жоқ».

Жәке (Білдебекова) Шәкең – Дүрия:

Нұрсұлтанның бірінші ұстазы Тәку Алғадайқызы менің жеңгем еді. Сол кісі біздерге: «Сұлтан ұлы адам болады, көз тимесе болғаны» деп айтатын еді», – дейді..

Тәкура Алғадайқызы өз шәкірттеріне біліммен бір өрімде асыл арман да сіңіре білді. Оны біз Сәдуақас Есімбай естелігінен де аңғарамыз.

– Кезінде Нұрсұлтан: «Егер келешекте қолымнан іс келетін азамат бола қалсам, қазақ деген халықты дүние жүзіне танытып, терезесін тең етер едім», – деп армандаған болатын. Бүгінде асқақ арманы орындалды. Оның кең байтақ даласын, қазынасы мол жерін, бейбіт елін дүниенің төрт бұрышы біледі. Оған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесінің орасан зор екендігіне күмән келтірмейтіні – тарихи шындық… 1947 жылы мектепке бірге бардық…».

Міне, осынау ұлы арманның дәнін жас Нұрсұлтан жүрегіне алғаш сепкен тұңғыш  ұстаз Тәкура Алғадайқызы еді, – дейді.

«Алғашқы ұстаз» ұғымының қасиетті мәртебесін Тәкура Алғадайқызының  ұстаздық ғажап бейнесі сипаттап тұр емес пе! Шәкірт жүрегінде асыл өнегесі сақталған Тәкура ұстаздың бақыты мұғалімдік мамандық үшін мақтаныш сезімін күшейте түседі.

Өзім де жарты ғасырлық ғұмырымды жас ұрпақтың білім-тәрбиесіне арнағанмын. Әкем Райыс Дүйсебайұлы да, анам Нәбия Нығметқызы да – екеуі қосылып, тоқсан жылын мектеп шәкірттеріне сарп еткен. Ағам Ілияс, жеңгем Роза, жарым Айдаркүл, қыздарым Жазира мен Нәзира, күйеу балам Ермахан, келінім Әсел – бәрі де ұстаз. Біздің ұстаздық әулетіміздің педагогикалық өтілінің жиыны үш ғасырдан асып жатыр. Сондықтан да Тәкурадай ұстаз мұраты мен бақыты жаныма айрықша ыстық, бөлекше жақын. Шәкірттерінің алғыс тілегі мен құрметіне Тәкура ұстаздай бөленуден артық мұғалім үшін марапат пен баға жоқ деп ойлаймын.


Сәбит Дүйсебаев, Әлем жазушылары одағының мүшесі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға