Жаңалықтар

Елбасының Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне өткен салтанатты шарада сөйлеген сөзі (ТОЛЫҚ МӘТІНІ)

Ақорда баспасөз қызметі ҚР Президентінің Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне өткен салтанатты шарада сөйлеген сөзінің толық мәтінін жариялайды.
11.09.2015 09:15 4686

AkordaPress

Ақорда баспасөз қызметі ҚР Президентінің Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне өткен салтанатты шарада сөйлеген сөзінің толық мәтінін жариялайды.

 Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Мәртебелі меймандар!

Қазақ хандығының 550 жылдығына жиналған барша қауымды бүгінгі торқалы тоймен шын жүректен құттықтаймын!

Бүкіл әлемді дағдарыс жайлап, дамыған елдердің өздері үлкен экономикалық күйзеліске ұшыраған мынау алмағайып заманда алыс-жақын ағайынның басын қосып, Қазақ хандығының 550 жылдық ұлан-асыр тойын өткізудің өзінің ерекше себептері бар. Бүгінгі той, ең алдымен, батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету және тағдырдың сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым алу үшін өткізіліп отыр.

Кеңес Одағы заманында Қазақстан мектептерінде оқушылар «КСРО тарихы» атты ортақ оқулықтан білім алды. Сондықтан, жас ұрпақ ата тарихынан мүлде алшақтап қалды. Оның үстіне Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, айбынын асырған ұлы хандарымыз бен даңқты батырларымыздың есімдері біртіндеп ел жадынан өшіріле бастады. Өз ішімізден шыққан оларды жамандағыштар құрметке бөленді. Елімізде ханның, не батырдың ескерткіші тұрмақ, олардың атында білім мен мәдениет нысандары, керек десеңіз, жалғыз-жарым көше де болған жоқ. Қазақ хандарының аты атала қалған жағдайда оларға үстем тап өкілі ретінде келеңсіз баға беріліп, қисынсыз айып тағылды. Бұл туралы ақын Ғафу Қайырбеков кезінде: «Басқаның патшасының бәрі жақсы. Неліктен біздің хандар жаман болған?» деп ашына жазған болатын. Ұлт жадының тамырына балта шабуға арналған осындай сұрқай саясаттың небәрі ширек ғасыр бұрын орын алғанына сенудің өзі қиын. Бірақ кеңес заманының ащы шындығы дәл осындай болатын.

Тәуелсіздік қазақ халқының өшкенін жандырып, өлгенін тірілтті. Алматы мен Астанада, облыс орталықтары мен ірі елді мекендерде Керей мен Жәнібек, Абылай мен Әбілқайыр сияқты әйгілі хандарымыздың, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлардың еңселі ескерткіштері бой көтеріп, олардың есімдері елді-мекендерге, жоғары оқу орындары мен мектептерге берілді. Бабалардың ерлік пен күреске толы өнегелі өмір жолдары жайлы том-том ғылыми еңбектер мен әдеби шығармалар жазылды. Тәуелсіздікпен бірге оралып, ұрпағына ұланғайыр қоныс қалдырған батыр бабаларымыздың биік рухы қазақтардың, әсіресе, жаңа буынының арасында аса зор патриоттық өрлеу туғызып, ұлт тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатты.

Қазақ, Жұбан ақын айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» халық. Бірлігі жарасқанда даңқы асып, билікке таласқанда берекесі қашқан. Баршаға белгілі, байырғы бабаларымыз бөрілі байрақ ұстап, Байкалдан Балқанға дейінгі алқапты еркін жайлаған. Көгімізде желбіреген алтын күн астында қыраны қалықтаған туымыз мемлекеттігіміздің үзілмей жалғасып жатқандығының айғағы.

Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды. Арғы дәуірлерге бармай-ақ, таза түркілік заманымызға зер салар болсақ, әйгілі Рим империясы құлап, Еуропадағы осы күнгі мемлекеттердің нобайы да әлі қалыптаса қоймаған, ал Қытайда үш патшалық пен алуан әулет өзара қырқысып жатқан 6 ғасырда – 552 жылы Алтайда Ұлы түрік қағанаты атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді. Ол небәрі жарты ғасыр ішінде Алтай мен Кавказ арасындағы алып далада жеке дара билік жүргізді. Дәуірлеп тұрған кезінде Византия мен Ираннан, Қытайдың екі патшалығынан алым алған ер түріктің берекесі кетіп, өз ішінде билікке талас бастағанда, әуелі батыс және шығыс болып ажырап, кейін оғыз, қарлұқ, қыпшақ болып бөлініп, жауларына жем болды.

Сегізінші ғасырда тасқа қашалған Күлтегін жазуында: «Алдау мен арбауға арандаған түрік халқы бірлігінен айрылды. Табғаштарға қайсар ұлдары құл, көрікті қыздары күң болды», – деп жазылған. Қай заманда болмасын, барлық жеңістеріміздің бастауы береке-бірлік екенін жас ұрпақ ешқашан ұмытпай, өткеннен сабақ алуы үшін Күлтегін жазуының көшірмесін жасатып, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің атриумына қойғыздым.

Бүгінгі тәуелсіз түркі мемлекеттері – Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан мен Қырғызстан және дүниенің әр түкпіріне тарыдай шашылған жалпы саны 200 миллионнан асатын 30-дан астам түркітілдес ұлттар мен ұлыстардың ұлы бабасы ер түрік аталарымыз болатын. «Түрік» сөзінің бір мағынасын әйгілі түрколог академик А.Н.Кононов «берік» яғни «бірігу», «бірлік» сөзінен шығарады. Ендеше, түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте болу үшін жаратылған. Бабаларымыз да бізге осыны мирас еткен.

Бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің алтын қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек. Жаһандану заманында тағдыр талайымен бөлініп кеткен, тілі, ділі, діні мен тегі бір түрік халықтары ХХІ ғасырда ынтымақ жарастыруы қажет. Сөйтіп, саясатта, экономикада, ғылым мен технологияда өзара ықпалдастық пен байланыстарды күшейте беруіміз керек. Ата тарихы бізді осыған шақырады.

Бүгінгі той – ең алдымен, Қазақ хандығының 550 жылдық тойы. Атақты Мұхаммед Хайдар Дулатидің деректері бойынша, 1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде тарихи оқиға болды. Бұл – біздің елдігіміздің тамыры тереңде жатқанын танытатын аса маңызды тарихи дерек. Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Алты Алаш анттасып, айрылмасқа сөз байласып, Ұлытауға таңбаларын қашап жазды. Осылайша, тарих сахнасына Қазақ деген халық шығып, ұланғайыр өлке Қазақ жері деп атала бастады. Одан соң қасқа жолды Қасым хан хандықтың іргесін бекітіп, керегесін керді. Хақназар хан шекарасын Еділдің бойына дейін кеңейтсе, Тәуекел хан Түркістан өлкесін түгелдей Қазақ хандығына қаратты. Еңсегей бойлы ер Есім елдің іргесін бекіту жолындағы күресте қолбасшылығымен танымал болды. Салқам Жәңгір хан Орбұлақ түбіндегі шайқаста жоңғарларға ойсырата соққы берсе, Әз Тәуке «Жеті Жарғыны» енгізді.

Қазақ хандығы кезеңі – ат жалында күн кешкен алаш жұртының қаһармандық дәуірі. Ел билеген хандардың өмірі майдан шебінде өтті. Қазақтың алғашқы он төрт ханының жетеуі жорық жолында қаза тапты. Осынау ұлы бабалардың биік рухына барлық ұрпақ айрықша құрметпен бас иіп, ризашылығын білдіреді. Олардың ұлтқа сіңірген ұшан-теңіз еңбегі әрдайым ел есінде сақталады. Қазақтардың талай буыны қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман орнатқан хан ретінде қадірлейтін Әз Тәуке биліктен кеткен соң халқымыздың береке-бірлігі әлсіреп, жүзге және руға бөлінушілік белең алды.

Орталық Азиядағы аса қуатты әскери мемлекет саналатын Қазақ хандығының осы осалдығын оңтайлы пайдаланған жоңғарлар тұтқиылдан соғыс ашып, ел тарихына «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен енген трагедияға ұшыратты. Дәл осы тұста тарих сахнасына қол бастаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Малайсары сияқты батырлар, сөз бастаған Төле, Қазыбек, Әйтекедей дуалы ауыз билер, ел бастаған Абылай, Әбілқайырдай хандар шықты. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, береке-бірлігі асқан қазақ қолы 1730 жылы Аңырақай түбінде жоңғарларға күйрете соққы беріп, ата қонысын жаудан біржолата азат етті.

Қаз дауысты Қазыбек би:

Біз қазақ деген мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз,

Елімізден құт-береке қашпасын деп,

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Найзаға үкі таққан елміз.

Ешбір дұшпан басынбаған елміз,

Басымыздан сөз асырмаған елміз.

Достықты сақтай білген елміз,

Дәм-тұзды ақтай білген елміз, – деген екен.

Бірліктің қадірін біліп, білекке білек қосқанда атамекенді жаудан азат етті. Алайда, ағайынның араздығы, ынтымақтың аздығынан көп ұзамай хандық жойылды. Данышпан Абай айтқандай, «Бас-басына би болған өңкей қиқым» елдің сиқын кетірді. Сол кезде бүкіл дүние жүзін жайлаған, «бөліп ал да, билей бер» атты отаршылдыққа негізделген сұрқия саясат Қазақ елін біржолата Ресей патшалығының отарына айналдырды. Бұдан кейінгі Қазан төңкерісінен, Азамат соғысынан, халқымыздың тең жартысын жалмаған отыз екінші жылғы ашаршылықтан ер-азаматқа да, елге де сын болған Ұлы Отан соғысынан қазақ қаншама қансырап шықса да, азаттық аңсаған өршіл рухы мен ұлттық келбетін жоғалтқан емес.

Ел арасында айтылатын тәмсіл бар. Абылай хан: «Үш арманым бар еді. Біріншісі, елімді бейбіт өмірге жеткізсем деп едім, қан көп төгілді. Екіншісі, халқым қала, кент сала алмады. Үшіншісі, елдің басын біріктіре алмадым», – деген екен. Абылайдың асыл армандары тәуелсіздік тұсында түгелдей орындалды. Қазақстанның қай түкпіріне барсақ та, қалаларымыз бен ауылдарымыз жарқырап, жайнап тұр.Даламыз жайқалған егінге толып, еліміз жасыл баққа айналды. Алтын күн шуағын шашқан көк байрағымыздың астында қазақ қана емес, 130 ұлттың өкілдері береке-бірлікпен тату-тәтті өмір сүруде. Мен бұдан бұрынырақ «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ» деген едім. Бүгін сол сөзімнің жалғасы ретінде: «Бізге бабалар тұлпарларының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат. Қазақтардың бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым орынды мақтан ететін болады» дегім келеді.

Тек өткен тарихымен ғана мақтанатын елдің болашағы бұлыңғыр. Әр буын өкілдері ата-баба даңқына даңқ қосып, абыройын арттырып, бүкіл дүние жүзі алдында беделін биіктете білген елдің ғана болашағы жарқын, мерейі үстем болады. Осы тұрғыдан келгенде тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі буыны бабалар аманатына адалдық танытып, еліміздің абырой-беделін бұрын-соңды болмаған биікке көтерді деп айта аламыз.

Ең алдымен, бабаларымыз егемен еліміз тәуелсіздік алғанда еншімізде ұлан-байтақ жер қалды. Бірақ әлемдегі тоғызыншы территория саналатын қазақ даласы ешбір халықаралық құжатпен рәсімделмей, ашық-шашық жатқан еді. Біз осы бір аса күрделі әрі шетін мәселені сәтімен шешіп, Ресей мен Қытай бастаған барлық көршілерімізбен арадағы жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын шекарамызды халықаралық құжаттармен рәсімдеп, болашақ ұрпақтың алаңсыз болуы үшін біржолата әрі мәңгілікке шегендедік. 

Екіншіден, бізге мұраға қалған ата қонысымыз жылдар бойы халқымызға қасірет әкелген ажал полигондары мен жаппай қырып-жоюға арналған ядролық оқтұмсықтарға толы болды. Біз соның бәрінен елімізді де, жерімізді де азат етіп, әлемдік ядролық қарусыздану көшін бастадық. Ақыл мен парасаттың кез келген қарудан қуаттырақ болатынын дәлелдеп, жаһандық қауіпсіздікке зор үлесімізді қостық.

Үшіншіден, екі жарым ғасыр патшалық Ресей мен 70 жылдан астам Кеңес Одағы құрамында болғанда қазақ халқы өз жерінде отырып-ақ азшылыққа, ал Қазақстан өз еркінен тыс 130 ұлт пен ұлыстың мекеніне айналды. Әлем тарихына көз тігер болсақ, соғыс атаулы не жер дауы, не ұлт артықшылығы, не дін үстемдігі үшін болатынын байқау қиын емес. Біз елімізді мекендеген сан алуан ұлт пен ұлыс, дін өкілдерін көк тудың астына жиып, ел тыныштығын, береке-бірлігін сақтадық. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі талай мемлекетке үлгі-өнеге ретінде ұсынған Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, бес рет қатарынан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін зор табыспен өткіздік. Бабаларымыз мирас еткен «Кең болсаң – кем болмайсың» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, әлі талай биіктерге жетеріміз анық.

Төртіншіден, біз іргемізді бекітіп, бірлігімізді бекемдеген соң әлемдегі ең дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп, дамудың өзіміз жасаған жаңа моделі – «Қазақстандық жолды» ұсындық. Дамудың ең жарқын болашағын айқындаған «Қазақстан – 2050» стратегиясын түздік. Дәл осы құжаттың негізінде алға қойған мақсаттарымызды рет-ретімен жүзеге асырып, қуатты да табысты мемлекет орнаттық. Соның нәтижесінде экономикамыз аз ғана жылда ешқашан, ешкімде болмаған қарқынмен алға басты. 2014 жылы еліміздің Жалпы Ішкі Өнімі 1993 жылғы көрсеткіштен 19 есеге көбейді. Ол жан басына шаққанда 696 доллардан 13 мың долларға, яғни 18 есеге артты. 1993-2013 жылдар аралығында 200 миллиард доллардан астам тікелей шетел инвестициясын тарттық. Елдің әл-ауқатын барынша жақсартып, өркениетті елдердің деңгейіне жеткіздік.

Бесіншіден, бабалар мирас еткен жеріміз қаншалықты кең болса да, бізде ұлы мұхитқа шығатын жол болған емес. Темір жол атаулы Қазақстанның байлығын тасу үшін тек солтүстікке қарай салынды. Тәуелсіздік жылдары біз жалпы ұзындығы 2500 шақырымдық темір жол салып, еліміздің барлық облыстарын бір-бірімен жалғастырдық. Нәтижесінде Қазақстанның болат жолдары Қытай арқылы Тынық мұхитқа, түрікмен жері, Парсы шығанағы арқылы Үнді мұхитына, Ресей арқылы Батыс Еуропаға, одан әрі Атлант мұхитына жететін болды. Бұған қосымша «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» еуразиялық автомагистралы да пайдалануға берілді. Ал, «Нұрлы Жол» бағдарламасымен елімізде жаңа 7 мың километрден астам автокөлік жолы салынып, барлық өңірлермен байланыс екі есеге жақын болады. ХХІ ғасырдың нағыз Жібек жолы деп осыны айтуымыз керек.

Алтыншыдан, қазақты өзге ұлттан даралайтын – оның тілі мен мәдениеті, руханияты. Еліміз егемендігін алғаннан кейін жағдайдың қиындығына қарамастан тағдырдың жазуымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып кеткен миллионнан астам қандастарымызды атамекенге қайтарып алып келдік. Бабалар тарихына қатысты дүние жүзінің архивтерінде шаң басқан тарихи құжаттарды алдырып, том-том кітаптар мен оқулықтар шығарып, ата тарихтың ақиқатын түгендедік. Тәуелсіздік жылдарында 1300-ге жуық мектеп, 1250-ге жуық денсаулық сақтау нысанын, тағы 4 мыңнан астам балабақша салдық. Халықтың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жетті.

Азаттықтың алғашқы жылдарында «Болашақ» бағдарламасын әзірлеп, он мыңнан астам талантты жастарымызды шет елдердің ең беделді университеттерінде оқыттық. Қазір «Болашақ» түлектері басқару ісіне араласып, өздері ел болашағына қызмет істеуде. Кемелімізге келген соң еліміздегі барша орта білім ошақтарына үлгі болсын деп, республикамыздың әрбір өңірінде дүние жүзіндегі ең биік талаптарға сай «Зияткерлік мектептерді» аштық. Ал, күллі жоғарғы білім ордалары биыл алғашқы түлектерін ұшырып, әлемдік деңгейде танылып үлгерген «Назарбаев университетіне» қарап бой түзейді. 

«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша ата-бабамыздың асыл мұрасын жинақтаған соң әлемдегі ең жаңашыл өнер ордалары саналатын Бейбітшілік пен келісім сарайы, Орталық концерт залы, Астана опера және балет театры, Ұлттық музей ғимараттарын салып, ұлт мәдениетінің әлемдік өркениет биігінде дамуы үшін барлық жағдайды жасадық. Мұндай мәдениет ошақтары еліміздің әр өңірінде бой көтерді.

Жас ұрпақтың жаны сұлу, дені сау болуымен қатар күш-қайраты мол болуы үшін зәулім спорт сарайларын тұрғызып, қысқы Азиада ойындарын зор табыспен өткіздік. Лондон олимпиадасында ұлы жеңіске ие болдық, отандық спортшылар жарқын жетістіктерімен ел мерейін өсірді.

Жетіншіден, іргесі берік үйдің шаңырағы шайқалмайды. Жақында ғана біз Ата Заңымыздың 20 жылдығын атап өттік. Біздің Конституциямыз ұлттық заңнама жүйесіне берік іргетас болып қаланды. Заң шығарушы, атқарушы билік пен тәуелсіз сот жүйесінің негізін құрды. Қазақстан Парламенті ең жоғары өкілетті орган ретінде өз міндетін абыройымен атқаруда.

Сегізіншіден, бабалар даңқына мақтанумен шектелмей, үздіксіз алға жылжыған ел ғана озады. Осыдан ширек ғасыр бұрын ғана әлем картасында болмаған Қазақстан дүние жүзінің 56 елінің басын қосатын Еуропа қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына, 57 мемлекетті біріктіретін Ислам ынтымақтастық ұйымына абыроймен төрағалық етіп, ұлтымыздың рухын көтеріп, жұртымыздың еңсесін биіктеттік. Қазақстан алып құрлықтағы ең түйінді мәселелерді шешетін 30-ға жуық мемлекеттің басын қосып, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесін құрып, оны әлемдегі беделді ұйымдардың қатарына қосты. Әлемдегі ең ықпалды халықаралық ұйымдардың біріне айналған Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымын құрудың басты бастамашыларының бірі болып, бірнеше рет биік деңгейдегі саммит өткіздік.

Біздің бабаларымыз – ғұндар да, түріктер де, қыпшақтар да өткен замандарда Еуразиядай алып материктің басты интеграторы болған. Олар Ұлы даладағы алуан тайпалардың басын талай мәрте қосып, берекесі қашқан кезде сан рет жауларына жем болған. Біз де 20 жылдан астам уақыт бойы Еуразиялық Одақ құру туралы бастаманы табандылықпен ілгері жылжытып, оны бүгінде бес мемлекеттің басын қосатын посткеңестік елдер ішіндегі ең үлкен экономикалық ұйымға айналдырдық.

Тоғызыншыдан, Астананың төрінде тұрып, бүгінде бар қазақтың ортақ мақтанышына айналған елордамыз туралы айтпау мүмкін емес. Астанамыз – жаһанға танылған жұртымыздың жарқыраған жақұты, Азаттығымыздың алтын қыраны! Елорданы салу тәуелсіз Қазақстанның өте күрделі мақсат қойып, оны табандылықпен орындай алатынын күллі әлемге айқын дәлелдеп берді. Бас қаламыз қазақтың абыройын асырып, мерейін тасытты. Досты сүйіндіріп, дұшпанның мысын басатын еңселі елордаға айналды. Астанамен бірге қалың қазақтың да даңқы артты. Еліміздің әр өңіріндегі басқа қалалар мен елді-мекендер де Елордаға қарап бой түзеп, жарқырай бастады. Бүгінгі торқалы тойымыз өтіп жатқан Тәуелсіздік сарайы және Спорт кешені де осындай еңселі ғимараттардың бірі болмақ.

Оныншыдан, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарынан берік орын алып, әлемдегі үздік отыздықтың қатарына кіруді басты стратегиялық мақсат етіп қойдық. Алда Астанада әлемдегі ғылым мен техниканың, өнеркәсіптің, жаңалық атаулының жетістіктерін насихаттайтын ЕХРО-2017 көрмесін өткізу міндеті тұр. Қазір адамзат қоғамы жаңа индустриялық революцияның қарсаңында тұр. Оған Қазақстанның экономикасы мен өнеркәсібі дайын болуы үшін біз «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын» әзірлеп, жүзеге асырудамыз. Дүниежүзілік сауда ұйымына кірдік. Баршаға бірдей кәсіби, осы заманғы мемлекетіміз одан әрі табысты болуы үшін бес институционалдық реформа жүргізуді қолға алдық. Тиісті мемлекеттік органдар оны рет-ретімен жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Бұл реформа бізді жаңа биіктерге бастайды.

«Егемен болмай ел болмас» дегендей, біз азаттық жылдарында шын мәнінде ұлы жолдан өттік. Тәуелсіздік кезеңі – біз үшін ғасырлар жүгін арқалаған ғаламат кезең. Кезінде Керей мен Жәнібекке ілесіп шыққан халықтың ұзын саны 200 мың шамасында екен. Бүгінгі күні сол қазақтың қатары жер жүзінде 15 миллионнан асып жығылды. Ал, егер қазақ өткен ғасырдың ашаршылығына ұшырамаса, өткен соғыста қырылмаса қанша болар еді?

Қазақтың өз ішіндегі береке-бірлігі күшті болуы керек. Данышпан Абайдың: «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос», – деген өсиетін әрдайым естен шығармайық, ардақты ағайын. Алда қандай сын-қатерлер күтіп тұрса да бірлігіміздің арқасында біздің болашағымыз бүгінгіден де жарқын деп кәміл сеніммен айта аламын.

Бәріміздің киелі атамекеніміз бар, ол –қазақтың Ұлы Даласы. Сол далада бабалардың ізгі аманатын орындау жолында біз құрған қасиетті Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік – біздің маңдайға басқан бағымыз, мәңгі сақтауға тиіс аманатымыз. Қасиетті Отанымызда қандай қиындықты да қайыспай қарсы алуға лайық өршіл рухты, азат ойлы, жасампаз халық бар. Ол – ержүрек қазақ халқы. Сол қаһарман халықтың алға қойған ізгі мұраты бар. Ол – Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік Ел жасау. Ендеше, әрқашан еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын. Сіздер мен біздер құрған Тәуелсіз Қазақстанымыз Мәңгілік Елге айналсын! Ұлы мақсаттарға жету жолында бізге батыр бабалардың аруағы жар болсын!

Дорогие казахстанцы!

В древнем Таразе, насчитывающем более 2-х тысяч лет истории, через месяц будет торжественно открыт монумент, посвящённый 550-летию Казахского ханства. Мы воздаём должное памяти и деяниям наших предков, помня о том, что история нашей священной земли насчитывает несколько тысячелетий. Она искусно вплетена своим уникальным орнаментом в соцветье минувших и нынешних цивилизаций Евразии. Незримые нити Хроноса соединяют нас с тысячелетней историей и современностью Китая, прошлым и настоящим многих народов Ближнего и Среднего Востока, других частей Азиатского континента. Мириадами языковых и культурных уз мы связаны с нашими братьями – тюркскими народами, ныне живущими от берегов Ледовитого океана до Средиземноморья. Великий Тюркский Эль - это наша общая прародина с общими предками и героями, общими духовными богатствами. Это наше совместное великое наследие.

У нас совместный исторический путь длиною в сотни лет с народами России и, в первую очередь, с русским народом. За годы Независимости мы обрели совместные страницы истории с государствами Европейского Союза, Америки, Исламского мира. Они повествуют о многих значимых международных событиях новейшего времени, в том числе вершившихся в нашей стране. Казахстан всегда будет беречь и приумножать дружбу и доверие с нашими соседями, строить добрые отношения со всеми странами мира.

Убежден, в ХХI-ом веке наш вклад в глобальное развитие будет только расти, и мир по достоинству его оценит. Осмысляя пройденный и грядущий исторический путь нашей земли, нам важно сделать так, чтобы расширилась узнаваемость и известность Казахстана в глобальном сообществе. В мире есть много примеров, когда тот или иной народ наряду с официальным названием своего государства использует особое неформальное понятие. Нашу священную землю издревле называли Великой Степью, а нас - детьми Великой Степи. Её с незапамятных времен воспевали акыны, преобразуя народную любовь к родным местам в чарующие мелодии домбры, кобыза и жетігена.

Мы строим новый Казахстан с невероятно новыми возможностями и перспективами, которых никогда не было у наших предков. Наша земля со многими тысячелетиями истории меняется на глазах. Небеса над нами - свидетели перемен, происходящих в каждом ауле и городе современного Казахстана. Степное солнце освещает наши благие дела. Небо и солнце – цвета нашего флага.

В XXI веке вновь преображается и расцветает необъятное пространство степной Евразии. Мы зажгли новый маяк нашей Истории! Поэтому сегодня и навсегда наш Казахстан - это Ұлы Дала Елі! Это Страна Великой преображенной степи. Именно таково народное имя нашей любимой Отчизны. Оно отражает и прошлое, и настоящее, и будущее нашей Родины. В нем запечатлён наш казахстанский характер и его основные черты. Это открытость и широта наших душ, тепло наших сердец, гостеприимство и миролюбие, мудрость и рассудительность, трудолюбие и предприимчивость. Это вера в свои силы и возможности достичь невиданного до сих пор процветания любимой земли. Я убеждён, что такой образ нашего нового Казахстана найдёт место в разуме и душе каждого казахстанца, будет признан во всем мире.

Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы істердің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі! Бұл – біздің тағдырымыз! Бұл – біздің таңдауымыз! Мәңгілік Елімізде бейбітшілік пен береке болсын! Халқымыз аман болсын!


Астана, 11 қыркүйек 2015 ж.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға