Жаңалықтар

Елбасы және балалар

1 желтоқсан – ҚР тұңғыш Президенті күні
30.11.2016 10:10 9829

Қазір кімнен сұрамаңыз, өзінің саясатқа және ел Президентіне қатысты жеке пікірін білдіре алады. Олар ойындағысын тура айта ма, жоқ па, өз еркінде. Ал, қашанда ағынан жарылып, ойын бүкпесіз білдіретіндер – балалар.

Елбасы және балалар

Бүлдіршіндер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси аренадағы орны мен күн сайын қол қоятын құжаттарын онша түсіне бермейді. Олар үшін Президенттің бір ғана аты бар, ол – Нұрсұлтан ата. Барлығы Президентті мектептер мен балабақшаларда ілініп тұратын портретінен жақсы таниды. Оның Астана деген қалада, «Бәйтерекке» жақын жерде тұратынын біледі. Сондықтан көпшілігі салған суреттерінде «Бәйтеректі» жиі бейнелейді және «өскенде ел басқарам» деп шығарма жазады.

Елбасы және балалар

Бір жолы театрға бармақ болып, таксиге отырғанмын. Жүргізуші тым әңгімешіл әрі әсершіл жан екен. «Өмірімдегі ең бір қызық уақиғаны айтып берейін бе?» деді. Еріксіз бас шұлғыдым. «Үлкен баламды шетқақпайлап тәрбиелегендіктен бе, ол тым ұяң болып өсті. Ал, кейінгі ұлым ешкімге бой бермейді. Өзі – ақылды тентек.

Осыдан біраз жыл бұрын отбас­ыммен бірге елордада өткен үлкен мерекеге бардым. Адам ығы-жығы, ұлымды қолынан тас қып ұстап алғанмын. Бір кезде адамдардың бәрі артқа қарай шегініп жатқанын байқадым. Дәл сол сәтте балам қолын жұлып алып, алға қарай жүгіріп кетті. Ештеңе түсінбеген күйі артынан қарасам, анадай жерде Президент келе жатыр екен. Оққағарлардан сөз естімес үшін балама қарай ұмтылып едім, олар менің бір орында тұруымды өтінді. Бақсам, ұлым еш қымсынбастан, Елбасына қарай алшаң басып барады. Нұрсұлтан Әбішұлы баламды бірден байқап, сәл еңкейіңкіреп, оны құшағына басты. Қатты қуанғаным сонша, сол бір ерекше сәтті суретке түсіру де ойыма келмепті. Ұлым әлі күнге дейін «мен Нұрсұлтан атамен кездескенмін» деп жиі айтады».

Елбасы және балалар

Нұрсұлтан атасымен кездескен тағы бір балақайдың аты-жөні – Ержан Исабаев. Елбасын 2 жасында Қаскелеңдегі Наурызбай батыр ескерткішінің ашылу салтанатында көрген Ержан былтыр оған хат жазды. Ол хатында Президентті өзінің туған күніне қонаққа шақырған. Сондай-ақ, «егер, сізге қандай да бір көмек қажет болса, айтыңыз. Біз, ағам Нұржан екеуміз әрқашан сізге көмектесуге дайынбыз» деуді де ұмытпаған. Арада көп уақыт өтпей, Елбасының жауабын алғанда Ержанның қуанышында шек болмапты. Хатта «Ержан, Отанды сүйіп, оған қызмет ету зор бақыт екендігін есіңде сақта!» делінген. Сонымен қатар, Елбасы Ержанға «ендігі жолы хатты қазақша жазатын бол!» деп ескерту жасаған екен.

Елбасы және балалар

2005 жылдың сәуір айында Нұрсұлтан Әбішұлының Қызылорда облысы, Арал ауданына жасаған сапарында мынадай қызық уақиға болған-ды. Әлдебір ақсақал жақында ғана дүние есігін ашқан немересіне Президенттің атын қойғысы келетінін айтты. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы «елімізде Нұрсұлтандар көп қой. Немереңіздің атын мен қояйын, Айсұлтан болсын!» деген еді. Айсұлтан қазір өзіне Елбасы қойған есіммен мақтанады.
Биыл жазда елордаға Оралдан құрбымның Нұрдәулет есімді інісі келді. «Неге келдің?» деп сұрасақ, «Нұрсұлтан атаны іздеп келдім» дейді. Астананың туған күнінде анасымен бірге «Хан Шатырға» барды. Кеш батқанда, «Президентті таба алмадым» деп мұңайып келді. Ертесіне «Бәйтерекке» барды. Нұрсұлтан атасы ол жерде де жоқ болып шықты. Сосын Нұрдәулет өзін «атам өзіне әдемі костюм алу үшін дүкенге кеткен болар» деп жұбатты. Ең қызығы, ол Ақорданы Елбасының тұратын үйі деп ойлайды. Келесі жолы Ақордаға қонаққа барам деп отыр…

Елбасы және балалар

Көрдіңіз бе, бала көңіл өзінің армандарына қалтқысыз сенеді. Балабақшадағы бүлдіршіндердің бірі ғарышкер, енді бірі президент болғысы келеді. Олар «Әліппенің» алғашқы бетіне тілек жазған Нұрсұлтан аталарына еліктейді. Кейбіреуі «егер, мен Президент болсам, барша жанға кәмпитті тегін тарататын едім» деп қазірден шығарма жазып жүр.
Ақорданың «Инстаграмдағы» аккаунтында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың балабақша, мектеп, лагерь, саябақтарға барғанда балалармен түскен суреті жиі жарияланады. Суреттерде барған жерінде күлімдей қол бұлғап жүретін Президентіміздің өзінің ерекше аурасымен балдырғандарды бірден баурап алатыны байқалады. Ендеше, балақайлардың қай-қайдағы ойдан құрастырылған кейіпкерлерді емес, көз алдында жүрген көркем кісіні үлгі еткені де қисынды сияқты.


Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

Суреттер ғаламтордан алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға