Жаңалықтар

Елбасы «Анаға апарар жолды» тамашалады

Астанада Ақан Сатаевтың тарихи драмасының алдын-ала көрсетілімі өтті
29.09.2016 06:27 11614

Елбасы «Анаға апарар жолды»  тамашалады

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Анаға апарар жол» тарихи драмасының алдын-ала көрсетіліміне қатысты. Аталған шара биыл елімізде алғаш рет тойланып отырған «Алғыс айту күніне» орай ұйымдастырылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Режиссер Ақан Сатаев түсірген картинаның негізгі тақырыбы – ана махаббаты. Басты кейіпкер Ілияс (актер Әділ Ахметов) пен анасының (актриса Алтынай Нөгербек) арасындағы ұлы сезім олардың басына туған барлық қиын күндерді артқа тастап, қайта қауышуына себепші болады.

Массовкаға қатысқан ауыл балалары

Фильм 1930 жылдан бастап қазірге дейін аралықты қамтиды. Мұнда халықтың басынан өткен қиын-қыстау кезеңдер (ұжымдастыру, жұт, соғыс жылдары) басты кейіпкерлердің тұрмыс-тіршілігі арқылы беріліп отырады. Картинаға жалпы саны 2 мыңнан астам адам қатысқан. Ал, басты рөлдерді Әділ Ахметов, Алтынай Нөгербек пен Аружан Жазылбекова алып шықты. Басқа да салмақты рөлдер Болат Әбділманов, Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Асылбек Боранбайларға тиесілі.

«Анаға апарар жолдың» бас продюсері ­– Әлия Назарбаева. Ал, сценарийді бұдан бұрын да Сатаевпен бірге бірнеше картинада жұмыс істеген Тимур Жақсылықов жазған. Туындыны әуенмен әрлеген – Әлім Зайыров. Ақан Сатаев «драмада кейіпкерлердің 45 жылға жуық өмірін қамтыдық. ХХ ғасырда ел өмірінде болған ең күрделі жағдайларды сол уақыт аралығына сыйғызуға тырыстық» дейді.

Жұмыс процесі

Фильм сюжеті Ақанның ата-анасы айтып берген оқиға желісі бойынша өрбиді. Режиссердің айтуынша, оның ата-анасы (Ақанның әкесі – ҚР Халық әртісі Қарғамбай Сатаев) гастрольдік сапар кезінде ауыл шетінде баласын сарыла күтіп отырған кемпірді көрген екен. Осы оқиғаны Сатаев пен Жақсылықов сценарийге бейімдеген. Киногерлер туындыдағы тарихи шындыққа нұқсан келтірмес үшін тарихшы Алмас Ордабаевпен ұдайы кеңесіп отырыпты. «Біздің әр киіміміз, әр сөзіміз, әр декорациямыз тарихшылар бекіткеннен кейін жасалды» дейді режиссер.

Фото - Алексей Азаров

Әділ Ахметов, актер:

– Анаға апарар жол» –­ небір қиыншылықтарға мойымай өткен ата-бабаларымыздың рухына тағзым. Біз осы фильмді көру арқылы бүгінгі бейбіт күнімізге шүкіршілік айтамыз.  

Тарихи драма Қазақстан, Әзербайжан және Беларусь елдерінде түсірілген. Ал, соңғы кадрлары былтыр маусым айында Алматы облысындағы Шамалған бекетінде түсірілді. Дәл сол түсірілімге бас продюсер Әлия Назарбаева арнайы келіп, шығармашылық топтың жұмысымен танысқан болатын.

Елбасы «Анаға апарар жолды»  тамашалады

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ақан Сатаев «Адасқандар», «Ликвидатор», «Рэкетир -1, 2», «Жаужүрек мың бала» фильмдері мен «Ағайынды», «Бауыржан Момышұлы» сериалдарын түсірген.


Роза ӘРЕН

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға