Жаңалықтар

Елбасыға етік сыйлаған шебер

Етікшілік – ата кəсіп
Елбасыға етік сыйлаған шебер
Фото: Материалға пайдаланылған кейбір суреттердің авторы Азамат Битан 03.04.2017 11:29 14795

Елімізде отандық өнім өндірушілердің саны күн санап артып келеді. Соның ішінде аяқ киім өндірісі ерекше қарқынмен дамуда. Басқасын айтпағанда, Астанадағы ұлттық етіктер тігуді негіз еткен «Арлан» аяқ киім шеберханасы 6 жыл ішінде 5000-дай жұп эксклюзивті етік тіккен. Өткен жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа арнап етік тігіп тарту еткен Самғау Нәсіпхан осы шеберхананың иесі. Өнер жұлдыздары мен қоғам қайраткерлерінің сұранысына ие болған өндірістік орталық алдағы уақытта «Самғау» аяқ киім зауыты болып ашылмақ. Отандық аяқ киім өндірісіне үлес қосып отырған қолөнер шебері Самғау Нәсіпханмен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

–  Етікшілік – ата кəсіп.  Бұл өнерді жаңғырту ойы қалай пайда болды? Əлде атадан жеткен шеберлік пе?

– Әкемнің нағашылары хас шеберлер болыпты. Ал, әкем ұста кісі. Қолынан келмейтіні жоқ, аяқ киім де тігіп, үй де ремонттайтын. Солардың барлығын көріп өскеннен болар, есейген соң қолөнерінен артық кәсіп жоқ екенін ұғынып, осы салаға бел шешіп кірісіп кеттім. Сөйтіп, қаражаттың тапшылығына қарамастан 2011 жылдың басында Өскемен қаласында шағын шеберханамызды аштық.

– Етік тігуде қандай технологияны қолданып отырсыңдар?

– Нақты бір технологияны қолданып отырған жоқпыз. Қолымызда бар құрал-саймандарды – тігін машинасын, станоктарды пайдаланамыз. Арнайы қалыптарымыз бар. Көбі қолдың  жұмысы. Аяқ киімдер тек таза былғарыдан тігіледі. Дизайнын да өзіміз жасаймыз.

– Көбінесе ұлттық нақыштағы етіктерді тігетін көрінесіңдер. Ұлттық етіктерді тігу барысында неге көңіл бөлінеді?

– Үлгісі тапсырысқа қарай дайындалады. Әсіресе, өнер адамдары мен қоғам қайраткерлері тарапынан сұраныс көп. Ұлттық етіктерден саптама, шоңқайма, мәсі тігеміз. Оның өзін осы заманға лайықтап, ою-өрнегін орын-орнымен пайдаланамыз. Бас киімге немесе жаға-жең мен өңірге салатын оюмен етікті әрлемеуге баса мән береміз. Ал, күнделікті киетін аяқ киімдердің ерлер мен әйелдерге және балаларға арналған, сондай-ақ, ортапедиялық түрлері бар.  

– Отбасыңмен осы өнерді дамытып жатқанға ұқсайсың? Бүгінгі күні цехта неше шебер жұмыс істейді?

– Иә, бұл біздің отбасылық кәсібіміз. Шеберханамыз Өскемен мен Астана қалаларында орналасқан. Онда 10-ға тарта шебер жұмыс істеп жатыр. Қазірге дейін 5000-дай жұп аяқ киім өндіріппіз.

– Жастардың осы өнерге деген қызығушылығы қалай? Шəкірттерің бар ма?

– Қазіргі кезде бұл өнерге қызығушылық танытатын жастардың қатары көп емес. Бірақ, әр облыстардан бірлі-жарымдап келіп үйреніп қайтқан балалар бар. Олардың көбі өз өңірлерінде кәсібін жалғастырып жатыр. Соның ішінде кәсібін дөңгелетіп отырған ШҚО Жарма ауданында тұратын Бейсен Думанұлы деген шәкіртімді ерекше атағым келеді.

– Қазақта «ерінбеген етікші болады» деген сөз бар. Бұған қарап етікшілік өнердің табандылықты талап ететіндігін байқаймыз.  Дегенмен  нарықтық заманда еңбектің жануы үшін қолдау да қажет сияқты. Мемлекеттен қандай көмек алдың?

– Әрине, дұрыс айтасыз. Екінің бірі етікші болмайды. Бұл өте қиын кәсіп. Ең алғаш елордамызға табан тіреген кезде көп қиындықтар болды. Қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханның көрсеткен көмегі орасан. Баласындай қамқорлық жасаған жанашыр жанға алғыстан басқа айтарым жоқ. Бүгінгі күні Астана қаласының іргесіндегі Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылының әкімі Айнагүл Көңбайқызының қолдауымен жер телімін алып, сонда жаңа шеберханамызды тұрғызып жатырмыз.

– Димаштың Қытай сахнасына киіп шыққан аяқ киімі сенің қолыңнан шыққан деседі? Өзі тапсырыс берді ме?

– Бұл Қазақ ұлттық өнер университетінің арнайы тапсырысы болатын. Бар қазақтың мақтанышы болған өнерлі бауырымздың әлемдік сахнада біздің шағын шеберханамыздан шыққан аяқ киімді киюі біз үшін үлкен абырой болды. Тапсырыс бойынша әнші бауырым Димашқа тағы бір етік тігіп жатырмыз.  

– Биылғы жылға қандай жоспарың бар?

– Биыл Қараөткелдегі құрылысымызды аяқтасақ, өндірістің көлемін ұлғайтып, қолжетімді бағамен аяқ киімдер өндіруге жаппай кірісеміз деп жоспарлап отырмыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға